Спорт ардагерлері бас қосты
Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында ардагер спортшылар кеңесінің отырысы өтті. Жиында өңірдегі спорт саласының өзекті мәселелері талқыланып, бұқаралық және жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы ұсыныстар айтылды. Кеңеске өңірдің белгілі жаттықтырушылары, спорт ардагерлері және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде спорт инфрақұрылымын дамыту, жастарды спортқа баулу және саладағы қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелері қаралды.
Сондай-ақ, елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар да назардан тыс қалмады. Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Халел Мақсұтов реформалардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, оның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
– Қазіргі конституциялық өзгерістер қоғамның барлық саласына әсер етеді. Бұл реформалар азаматтардың құқықтарын кеңейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мұндай өзгерістер қоғамдық ұйымдардың да белсенділігін күшейтіп, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде, спорт саласының дамуына да оң ықпал етіп, бұқаралық спортты қолдауға және жастарды саламатты өмір салтына тартуға жаңа мүмкіндіктер береді, – деді Халел Мақсұтов.
Жиында сөз алған еңбек сіңірген жаттықтырушы, Теміртау қаласы спорт қауымдастығы мен ардагерлер кеңесінің жетекшісі Кемелбек Сүйімбаев, спорт саласында жинақталған тәжірибені жастар тәрбиесіне бағыттаудың маңызын атап өтті.
– Бүгінде жастар спортын дамыту – ең басты міндеттердің бірі. Спорт тек нәтижеге жетудің ғана емес, жас буынды тәртіпке, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін маңызды құрал. Сондықтан, өңірлерде балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау күшейе түсуі қажет, – деді Кемелбек Момынұлы.
Ал, жекпе-жек спорты бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Сабиолла Әлкеев жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту керектігін айтты. Оның пікірінше, спорттық инфрақұрылымды дамыту мен жаттықтырушылардың тәжірибесін тиімді пайдалану жас спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында спорт ардагерлері саладағы бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, жастар спортын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау қажеттігін айтты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



