Спорт ардагерлері ардақталды
Өңір спортының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан спорт ардагерлері аз емес. Кезінде әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, бар күш-жігерін спорт жолына арнаған жандардың еңбегі арада талай уақыт өтсе де ел жадында. Жыл қорытындысы аясында сала ардагерлерінің басы қосылып, дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбектері үшін марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, бірқатар спорт ардагеріне «Құрметті спорт ардагері» төсбелгісін табыстады.

Биыл «Қазақстан спорт ардагерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы құрылған болатын. Бүгінде спорт ардагерлерінің еңбегін кеңінен насихаттап қана қоймай, олардың өмірлік тәжірибесін өскелең ұрпаққа үлгі, әрі жастарға бағыт-бағдар беру бағытында игі жұмыстар атқарып келеді. Қысқа уақыт ішінде ұйымның мүшелері күн санап артып, өңірде бірқатар бастамалар қолға алынған. Өз сөзінде Серік Жұманғалиұлы филиал қызметінің маңыздылығына айрықша тоқталып, спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерге ыстық ықыласын білдірді.
– Кейінгі жастардың сіздерден үйренері көп. Жастарға сіздердің ақылдарыңыз керек. Біз сіздерді құрметтейміз, әрі еңбектеріңізді бағалаймыз, – деді басқарма басшысы.
Марапат алғандардың қатарында дене шынықтыру және спорт басқармасында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен Майра Исаева да бар. Ол – басқарма бағынысындағы жоғары жетістіктер және спорт резерві бөлімін 13 жыл бойы басқарып, ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті маман. Майра Владимировнаның тікелей басшылығы кезеңінде қарағандылық үш спортшымыз Олимпиада ойындарынан жүлде алған. Атап айтсақ, Геннадий Головкин күміс медаль иеленсе, Дмитрий Карпов қола жүлдеге қол жеткізген. Бертінде Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанған.
– Еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымын. Үш бірдей Олимпиада ойындарының жүлдегерін даярлау – ұжымдық еңбектің жемісі. Осы жолда бірге қызмет атқарған әріптестеріме шынайы алғысымды айтамын. Ал, бұл төсбелгіні аламын деген ой мүлдем болмаған. Тіпті, күтпедім де. Ардагерлер кеңесінің құрылуын өте орынды әрі маңызды шешім деп есептеймін. Себебі, өңірлер арасында Қарағанды облысы алдыңғы қатарда келеді. Жастардың әлеуеті, спортшыларды даярлау жүйесі, білікті бапкерлердің болуы – өңір спортының мықтылығын көрсетеді. Ал, осы жетістіктердің бастауында спорт ардагерлері тұрғаны сөзсіз. Сондықтан, тәжірибесі мол ардагерлердің жастарға берері әлі де көп – деді Майра Исаева.
Молдабек Шеримов спорт саласында 40 жылдан астам табанды еңбек еткен білікті маман. Ол Н.Әбдіров атындағы спорт кешенін 19 жыл бойы басқарып, өңір спортының дамуына елеулі үлес қосқан. Бүгінде екі жылдан бері зейнет демалысында. Жалпы, ардагер кәсіби футболшы ретінде танылған жан.
– Қазіргі жастарға Серік Сәпиев – нағыз үлгі. Осындай чемпиондарымызды сол кездегі осы ардагерлеріміз тәрбиелеген. Ардагерлеріміздің тәжірибесі мол, олар әлі де талай чемпионның шығуына өз үлесін қоса алады. Алайда, жастар тарапынан тыңғылықты дайындық қажет. Жаттығуларды қалдырмай, бапкер жүктеген тапсырмаларды мүлтіксіз орындаулары қажет. Сонда ғана чемпион болады. Алынбайтын қамал жоқ, еңбек еткен адам жеңіске жетеді, – деді Молдабек Күзентайұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



