Спорт қайраткеріне құрмет
Қарағандыда спорт саласындағы мемлекет және қоғам қайраткері Қазбек ӘШЛЯЕВКЕ мемориалдық тақта орнатылды.
Рингте өткізген 169 жекпе-жектің 160-да жеңіске жеткен боксшы спортқа қызығушылық танытқан талай жасқа жігер берген. Қазақтың спорт тарихында жүріп өткен ауыр да жеңісті жолдары 24 жасында «ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын әкелді.
Спорт шебері шәкірт тәрбиелей жүріп, 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасына команданы дайындаудан КСРО құрамасының тәлімгерлері қатарына шақырылған. Спорттық мансабында көрермендерінің есінде ерекше қалған спортшы КСРО чемпионы, Еуропа Кубогының жеңімпазы атанып үлгерген.
Қоғам қайраткеріне арнап, Н.Әбдіров атындағы спорт сарайының қасбетіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуына жиналғандар Қазбек Сопыжанұлын сағынышпен еске алды. Чемпиондардың бағын жаққан тәлімгердің білім беру үздігі атанып, аймақтың дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz