Өспен ауылының бірнеше спортшысы жүлдегер атанды
Былтыр жыл соңында Қарағандыда ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогы өткен болатын. Байрақты бәсекеге ел спортшыларынан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия елдерінен жасы 35-тен асқан 300-ден астам спортшы өнер көрсетті. Аталған жарыста Шет ауданына қарасты Өспен ауылының азаматтары жоғары нәтиже көрсетіп, бірдеше спортшы жүлдегер атанды. Күні кеше жүлде алған сол спортшыларды аудан әкімі Мұхит Мұхтаров арнайы қабылдап, сый-сияпат тарту етті.

Мұхит Мұхтаров спортшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жеңісті жолын жастарға үлгі ретінде көрсетті. Сондай-ақ, бірқатар спортшыны «Жылдың үздік спортшысы» аталымы бойынша марапаттады.
– Ардагер аға буыннан бастап, өскелең жас спортшыларымыз өткен жылы көптеген байрақты бәсекелерде топ жарып, ауданымыздың, өңіріміздің, еліміздің абыройын асқақтата білді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен жетістік, үлкен қуаныш. Әрбір жеңіс, әрбір медаль – бұл өлкеміздің ғана емес, егемен еліміздің мерейлі мәртебесі әрі үлкен спортқа қадам жасап келе жатқан жастарға жақсы үлгі-өнеге деп білемін. Осы орайда, саналы ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан ардагер спортшыларымыз бен ұл-қыздарымызды жаттықтырып жүрген бапкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі, – деді аудан әкімі.
Жалпы, Азия кубогына қатысқан Шет өңірінің спортшылары барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетті деуге толық негіз бар. 66 келіде Алмас Мыңбаев, Мұхит Қордабаев өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. 73 келіде белдескен Сәкен Карипов, 82 келідегі Медет Тотаев та Азия кубогынан құр қол қайтпады. 85 келідегі Әділ Маясаров, Бақтыбай Қоңыров пен Ерболат Әшімов те бар бұл қатарда. 90 келідегі Марғұлан Баянов, Өрік Балғабеков пен Қаршыға Төлегенов те үздіктердің қатарынан көрінді. 92 келіде белдескен Серғазы Бақмағанбетов пен Марлен Жаңғабыл самбо мен дзюдодан қарсылас шақ келтірмеді. Ал, 100 келіде өнер көрсеткен Мақсат Нұрмұхаммедұлы, Ерғанат Нұрышев, Ертай Қаниев қазақ күресінен күміс және қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, дәл осы салмақта бозкілемге шыққан Арман Абилов те қазақ күресінде жауырыны жерге тимеді. Ал, Қанат Сағындық пен Болат Манабаев, Самалбек Айнатаев болса дзюдо, самбо және қазақ күресінен сынға түсіп, нәтижесінде, үш спорт түрінен де алтыннан алқа тақты.
Аудан әкімнің марапатына ие болғандардың қатарында Болат Манабаев та бар. Ардагер – қазақ күресінен әлем чемпионы, әрі самбодан төрт дүркін әлем чемпионы. Бұған қоса, жерлесіміз Тайвань елінде жазғы спорт түрлерінен өткен Дүниежүзілік ойындарда дзюдодан бақ сынап, жеңімпаз атанған. Жақында өткен Азия кубогында да өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Қазіргі таңда ардагеріміз Ақжал кентіндегі спорт кешенінде жаттықтырушы. Жас өрендерді тәрбиелеп, өңір спортын дамытуда сүбелі үлес қосып келеді.
– Бұл турнирде тәжік спортшылары тыңғылықты дайындықпен келген. Әр салмақ дәрежесінде осал қарсылас болған жоқ. Барлығы өз елінің таңдаулы спортшылары. Өзім дзюдодан үш белдесу өткізіп, жеңіс тұғырына көтерілдім. Жалпы, жарыс тартысты өтті. Шет өңірінің спорт мектебінің тарихы тым тереңде. Мұнда қалыптасқан дәстүрлі спорттық мектеп пен тәжірибелі бапкерлер құрамы бар. Осы бай мұраны үзбей, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – біздің міндет. Осы жолда жүйелі еңбек етіп келеміз. Алда маңызды сындар күтіп тұр. Қыркүйекте дзюдодан әлем чемпионаты, қарашада Кипр елінде самбодан әлем біріншілігі өтеді. Осы дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді басты мақсат етіп отырмын, – деді ардагер Болат Манабаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



