Спасск мемориалдық кешенінде митинг-реквием өтті
Аймақта Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Спасск мемориалдық кешенінде митинг-реквием өтті. Шараға облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов арнайы қатысып, ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Жазықсыз зардап шеккендерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар, шараға қатысушылардың қатарында дипломатиялық миссиялар мен мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестік өкілдері мен қоғам қайраткерлері болды.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Спасск зиратында 5000-нан астам адам жерленген деседі.
Жалпы айтқанда 50-ден астам ұлттың мәйіті жатыр. Сол себепті осы жерге әр ұлттың өкілдері үшін арнай белгі қойылған.
– Зұлмат жылдары талай жазықсыз жан жапа шекті. Бүгінгі дата сол құрбандарды еске алу үшін арнайы бекітілген. Бүгін сіз бен біз болып осындағы марқұмдарды еске алу үшін жиналып отырмыз. Біздің Қазақстан өркендеу жолында келеді. Осы жолда әрқайсыңызға денсаулық пен бейбітшілік өмір тілеймін. Күллі халық бірлік пен достықта өмір сүрсе екен деп тілеймін, – деді әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гюлага Рзаев.
Айта кетейік, Спасск мемориалдық кешені тоталитаризм дәуіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын жерлеу орнында құрылды. 1987 жылдан бастап мемориал аумағында әр түрлі мемлекет ескерткіш белгілерін орнатты.
2004 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен Қазақстан жерінде жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығына ескерткіш орнатылған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz