Соттан тыс банкроттық рәсім арқылы 400-ге жуық азаматтың несиесі кешірілген
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ел аумағында төлемі өтелмеген 90 күннен асып кеткен, мерзімі өткен несиесі бар 1,5 миллионнан астам азамат тіркелген. Оның ішінде, 72 мыңнан астамы – Қарағанды облысының тұрғындары.
Қарыздан құтылудың жолын іздеген жұрт, бүгінде әлеуметтік желіден жиі кездесетін «банкроттық рәсімдеу» туралы жарнамаларға сенім арта бастаған. «Несие алып, кейін банкроттыққа тапсырамын», «Қарызымды кешіртсем болды» деген жандардың қатары күн санап артып барады. Иә, бұл механизм расымен де бар. Бірақ, оңды-солды алған несиеңді тектен-тек кешіре салатын банк жоқ. Түрлі жарнаманы естіп, мәселенің мәнісін білмей опық жеп жатқандар да жетерлік. Жалпы, банкроттық рәсім – қарызды кешірудің жеңіл жолы емес. Қазіргі таңда «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Қарызсыз қоғам» жобасы дәл сондай азаматтарға құқықтық және қаржылық қолдау көрсетуде.

Қарызы көп жастардың қатары өсіп барады
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», – деп баса айтқан болатын. Расы керек, бүгінде несие алатындар екіге жарылған. Бірі – шын мұқтаждықтан қарызға жүгінсе, екіншісі – қаржыны әдейі алып, кейін банкроттық рәсімдеп, жауапкершіліктен жалтарамын деген ниетпен әрекет етеді. Әсіресе, жастар жағы «несие алып, жаңа салынып жатқан үйден үй алып қояйын», «ақшаны пайдаланып қалайын, ертең банкроттықпен бәрібір кешіріледі» деген жеңіл оймен несие алғандардың да қатары көбейіп барады. Деректерге сүйенсек, өңірде жас санатына, яғни, 14 пен 35 жас аралығындағы 30 мыңға жуық жастың 90 күннен мерзімі асып кеткен берешегі бар. Яғни, бұл дегеніңіз пайыздық көрсеткішпен шаққанда – 42% құрайды.
– Клиенттердің несие тарихы бір-біріне ұқсас. Қарызды алып алған соң төлемей, соңында банкроттыққа өтініш береді. Мұндай әңгімелерді біз ойдан құрағанымыз жоқ. Бәрі көз алдымызда өтіп жатыр. Айта кетерлігі, несие алушылардың басым бөлігі – әйелдер қауымы. Бұл да статистикалық деректермен дәлелденіп отыр, – деді Қарағанды облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының менторы Әсел Атабаева.
Жалпы, банкроттық рәсім соттан тыс және соттық банкроттық деп екіге бөлінеді екен. Екеуінің де өзіндік талаптары мен құқықтық механизмі бар. Бірақ, екеуіне де кез келген адам өтініш бере алмайды екен.
Соттан тыс банкроттық қалай рәсімделеді?
Соттан тыс банкроттық – 6 миллион 300 мың теңгеге дейін берешегі бар азаматтарға арналған. Бірақ, оған кез келген адам өтініш бере алмайды. Заң аясында нақты талаптар бар. Егер борышкер сол талаптарға толық сәйкес келсе ғана банкроттық рәсімі әрі қарай жалғасады. Біріншіден, борышкердің кемінде бір жылдан бері табысы болмауы тиіс. Яғни, ол осы кезең ішінде ресми түрде жұмыс істемеген болуы шарт. Екіншіден, азаматтың жеке шоттарында немесе электронды әмиянында ешқандай қаржылық айналым тіркелмеуі керек. Бұл оның тұрақты табыстан айырылғанын көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі болып саналады. Ал, үшіншіден, борышкердің атында тіркелген жылжымайтын немесе жылжымалы мүлік болмауы тиіс. Сонымен қатар, несие тарихындағы әр қарыздың мерзімі бір жылдан асып кеткен болуы міндетті. Яғни, тек жалпы қарыздың ғана емес, әрбір несиенің өзінде жеке-жеке төлем кешіктірілуі тіркелуі керек. Алайда, кейбір банктер мен микроқаржы ұйымдары борышкердің несие тарихында банкроттыққа тапсыруға негіз болатындай деректерді әдейі өзгертіп, «0 күн кешіктіру» деген белгі қойып жатады. Бұл дегеніңіз «просрочка жоқ» дегенді білдіреді. Ал, шын мәнінде қарыз иесі бірнеше ай, тіпті жыл бойы төлем жасамаған болуы мүмкін. Мұндай әрекет борышкердің банкроттық рәсіміне тапсыру мүмкіндігінен айырады.
– Егер борышкердің микрокаржы ұйымдарына қарызы болса, бізде арнайы дайындалған өтініш-үлгі бар. Сол хатты біз борышкердің атына рәсімдеп, оның өзіне ұсынамыз. Ал, ол құжатты тиісті микрокаржы ұйымына жолдайды. Бұл ұйымдар борышкердің сұранысына ресми түрде жауап беруге міндетті. Жіберілген хат негізінде олар несиенің нақты қанша пайызбен берілгенін, қанша күн кешіктірілгенін және басқа да маңызды мәліметтерді егжей-тегжейлі көрсетіп, жауап қайтарады.Осы ресми жауапты алған соң біз оны әрі қарай уәкілетті мекемелерге жолдаймыз. Егер борышкер заңда көрсетілген барлық талаптарға толық сәйкес келсе, шамамен екі апта ішінде банкроттық рәсіміне байланысты нақты жауап келеді. Яғни,
«жарамды» немесе «жарамсыз» деген шешім шығады. Бұл – алғашқы кезең. Осыдан кейінгі процесс жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Осы мерзім ішінде банкроттықтың барлық заңдық рәсімдері толық
аяқталады, – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сарапшысы Асхат Мейірманов.
Мәселен, сіз бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан жалпы сомасы 6 миллион теңгеге жуық несие алдыңыз делік. Кейін айлық төлемін төлеу кезінде түрлі себептерге байланысты кешіктіріп алдыңыз. Бірақ, бұл жерде тек денсаулық мәселесі мен жұмыстан шығып қалу деген себеп қана сыныққа сылтау болады. Ақыры, төлем мерзімі 90 күннен асып, берешек «мерзімі өткен» қарыз санатына өтеді. Енді ойға келетін алғашқы амал – банкроттық рәсіміне жүгіну. Егер жоғарыдағы талапқа сай келмесеңіз өтінішіңіз қабылданбайды. Заң аясында борышкердің қаржылық және мүліктік жағдайы толық тексеріледі. Қысқасы, банкротпын деу үшін қалтаңызда ғана емес, атыңызда да ештеңе болмауы керек.
– Ақадыр кентінің 37 жастағы тұрғыны осыдан бір жыл бұрын банкроттық рәсіміне өтініш берді. Оның жалпы берешегі – 2,5 миллион. Азамат барлық тиісті құжаттарын дер кезінде жинап, процесс аяқталғанға дейін толық заңды жолмен жүріп өтті. Алғашқы кезеңде, яғни, өтінішті қарау сатысында, ол банкроттық талаптарына сай деген ресми жауап алды. Осыдан кейін біз оның ісін соңына дейін заң аясында жүргіздік. Арада алты айдай уақыт өткен соң сот шешімімен оның берешек сомасы толығымен кешірілді. Әрі осы уақытқа дейін бұғатталған банк шоттары да қайта пайдалануға берілді. Соның арқасында бұл азамат жақсы жұмысқа орналасып, бүгінде тапқан табысын еркін пайдаланып жүр. Бір айта кететін дүние, біз ешқандай жеке кәсіпкермен жұмыс істемейміз. Біздің көмегіміз тек жеке азаматтарға бағытталған, – деді Асхат Алиасқарұлы.
Әсел Атабаева болса, кейбір борышкер мойнындағы несиеден оп оңай құтылуы үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге баратындарына дейін айтып берді.
– Жақында мынандай бір оқиғаға куә болдық. Бір азаматтың мойнында төлем мерзімдері өтіп кеткен бірнеше қарызы бар екен. Ақыры, банкроттық рәсіміне ілігу үшін әдейі жұмысынан шығып кетіпті. Бұл ойланбай жасалған әре кет болса да, мұндайларды жиі кездестіреміз. Бірақ, банк – тәжірибесіз мекеме емес. Мәселен, сізді сот «банкрот» деп тапты делік. Одан кейін бес жыл бойы атыңызға ешқандай несие рәсімдей алмайсыз. Әрі жеті жыл ішінде қайтадан банкроттыққа тапсыру мүмкіндігіңіз де шектеледі. Бұл – заң талабы. Одан бөлек, банкроттық рәсімінен кейін азаматтың барлық қаржылық операциясына үш жыл бойы мониторинг жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, мынандай да айла бар. Шотыңыз бұғатталса, кейбір борышкер жұмыс берушілеріне айлығын шотқа түсірмей, қолма-қол алғысы келетіндерін айтады. Себебі, шотқа түскен еңбекақыдан банк бірден жартысын ұстап қалады. Бұл, әрине, заң бұзушылық. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс берушілер өз қызметкерлерін Enbek.kz порталына міндетті түрде тіркеуі тиіс. Бұл – екі тарапты да заң аясында қорғайтын тетік, – деді Әсел Асанқызы.
Былтырдан бері соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы 400-ге жуық азаматтың несиесі кешірілген.
Кешірілген берешек сомалардың ішінде ең төменгі қарыз – 35 мың теңге. Егер борышкер банкроттық талаптарына толық сәйкес келіп, рәсімнің барлық кезеңінен өтсе, оның бұғатталған шоттары автоматты түрде ашылады. Бұл да заңда қарастырылған дүние. Бірақ, мұндай жеңілдікке жету үшін алдымен борышкер банкроттық процесінің барлық талабына сай келуі шарт.
Соттық банкроттық деген не?
Соттық банкроттық дегеніңіз, керісінше, 6 миллион 300 мың теңгеден асатын берешегі бар азаматтарға арналған. Оның талаптары соттан тыс банкроттыққа ұқсас. Борышкер төлем қабілетсіздігін дәлелдеуі, 90 күннен астам мерзімі өтіп кеткен берешегі мен басқа да заңда көрсетілген шарттарға сай болуы тиіс. Алайда, негізгі айырмашылығы мынада. Егер сіз осы талаптың бәріне сай келіп тұрсыз делік. Бірақ, атыңызда жылжымайтын мүлік бар. Сот сол мүлікті сатуға шығарып, содан түскен қаражатты қарызды жабуға бағыттауы әбден мүмкін.
– Сот – әділ. «Банктен шағым түсті» екен деп, ешкімді баспанасынан айырып тастамайды. Ең алдымен, сот борышкердің нақты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын толық зерттейді. Оның тұрақты жұмысының бар немесе жоғы, қосымша табыс көзі, отбасындағы адам саны бәрі есепке алынады. Сонымен қатар, тек жалақыңыз ғана емес, ай сайынғы шығындарыңызды да мұқият есепке алады. Сот «сіздің атыңызда пәлен үй бар» екен деп, бірден мүлікті сатуға шешім шығармайды. Ол баспанаңыз, бәлкім, жалғыз үйіңіз шығар. Яғни, біржақты қарамайды. Сонымен қатар, несиелеріңіз нақты қайда жұмсалғаны да зерттеледі. Қарыз шынымен қажеттіліктен алынған ба, әлде біреулер әдейі банкроттық рәсіміне жүгіну үшін жасанды жолмен берешекке батқан ба, бәрі-бәрі сарапталады. Содан кейін барып сот үкім шығарады, – деді Асхат Мейрманов.
Осыдан бірнеше ай бұрын Қарағанды қаласының тұрғыны 41 миллион теңге мөлшеріндегі мерзімі өткен несиесін сот арқылы банкроттыққа өткізіпті. Нәтижесінде, қарызынан толықтай босатылған көрінеді.
– Қарағандылық 1984 жылғы азамат екі жыл бұрын өз кәсібін ашуға ниеттеніп, бірнеше банктен жалпы сомасы 41 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Қажетті техникаларға алдын ала тапсырыс беріп, жұмысшыларды да іріктеп қойыпты. Алайда, ойламаған жерден алаяқтардың арбауына түсіп,бар ақшасынан айырылады. Соның салдарынан кәсібін аша алмаған. Ол түгіл борышкердің өзі мүлдем табыссыз қалып, қарызға белшесінен батқан. Содан кейін ол бізге жүгінді. Біз барлық құжаттарын заң талаптарына сай жинап, сотқа өтініш бердік. Сот отырысында азамат өзінің төлем қабілетсіздігін дәлелдей алды. Несиеге алған қаржыны қалай және кімге аударылғанын нақты құжаттармен көрсетті. Нәтижесінде, сот 41 миллион теңгені құрайтын берешекті толықтай кешіріп, азаматты банкрот деп таныған, – деді Асхат Алиасқарұлы.
«Банкроттық рәсімінің алғашқы кезеңінен бастап сот үкімі шыққанға дейін жарты жыл өтеді» деп айтып
жатырмыз ғой. Алайда, әр істе бірдей емес. Кейбір азаматтардың ісі әлдеқайда жылдам қаралып, бір-екі
айдың ішінде шешім шығып жатады. Әрине, іс материалдарының толықтығына және құжаттардың дұрыстығына тікелей байланысты. Осы аралықта сіздің ісіңізбен сот органдары тікелей айналысады. Әрине, бұл – тегін қызмет емес. Жалпы, осы екі бағытта құжаттарын тапсырып жатқан борышкер ай сайын 85 мың теңге көлеміндетөлем жасайды. Бұл сома ешқандай делдалдың, жоба авторларының немесе үшінші бір тұлғаның қалтасына түспейді. Төлем тікелей сіздің атыңыздан сотқа, яғни мемлекетке
төленеді.
– Соңғы екі жылда Қарағанды өңірінде сот тәртібімен банкроттықрәсіміне өтініш бергендердің саны өте аз. Ресми дерек бойынша, небәрі 50-ге жуық адамнан ғана өтініш түскен. Алайда, солардың ішінде талапқа толық сәйкес келіп, ісі сотқа дейін жеткен – бір ғана азамат бар. Ол – 41 миллион теңге берешегі бар қарағандылық. Бізге өтініш беруге келгендердің құжатын бірден қабылдай бермейміз. Алдымен талапқа сай келетін-келмейтінін қараймыз. Егер сәйкес келмесе, өтініш қабылданбайды. Себебі, соттық банкроттық – күрделі процесс. Ол жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Осыны алдын ала түсіндіріп, «Сіз ай сайын сот шығындары үшін 85 мың теңге төлей аласыз ба?» деп те сұраймыз. Көпшілігі осы соманы көтере алмайтынын айтып, кері қайтады. Ал, кейбір азаматтар алған қаржысының нақты қайда жұмсалғанын дәлелдей алмаған соң, процесті соңына дейін жеткізбейді, – дейді Әсел Асанқызы.
Бүгінде заң талаптарын толық меңгермей, өзінше ереже құрып, ойына келгенін істеуге тырысатындар аз емес. Мамандар мұның дұрыс еместігін қайта-қайта ескертіп-ақ келеді. Алайда, айтылған ақылға құлақ асатындар да бар. Сондықтан, бұл мәселені толық зерделеп, заң аясында шешу қажеттігін айтады мамандар.
P.S: Бүгін біз азаматтардың қаржылық жағдайын реттеуге арналған банкроттық рәсімінің екі жолы туралы кеңінен тоқталдық. Алдағы уақытта өңірде жүзеге асырыла бастаған «Төлем қабілетін қалпына келтіру» жобасы, төлем кестесін қайта қарау тетіктері мен коллекторлармен жұмыс істеу мәселесін ортаға салатын боламыз. Сонымен қатар, өңірде пилоттық режимде іске қосылған «Қайта бастау» жобасы жайында да тарқатып жазамыз…
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»