Ресми

«Сот төрелігі адал болса ғана әділдік туралы айта аламыз»

«Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен Әлихан Бөкейхан. Бүгінгінің биі – судья, сот. Оларға Алаш арысы айтқан жағдай қазір жасалмады деу – жаңсақ. Сот төрелігінің әділдігі – қоғамның кемелденуінің кепілі. Әділдіктің салтанат құруы сотқа байланысты бұл күні. Реформадан соңғы сот тынысы туралы Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы №2 сотының төрағасы Бақытбек Шайзадаев әңгімелейді…

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Бақытбек мырза, алғашқы сауалды төтесінен қойғымыз келіп отыр. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ғұрыптық сот әлімсақтан ұстанған осы дала конституциясына бүгінгі судьялар қазіргі күні адал ма?

– Адалдық – адам мінезіндегі ерекше әрі бағалы қасиеттің бірі. Әрі адам бағасының бір өлшемі. Адалдық – шыншылдық, айнымас­тық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттермен қатар қолданылады. Біздің ұлттық пайымымызда адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді тағы да басқа асыл қасиеттердің жиынты­ғынан тұрады. Сол себепті де, әр қоғамдық қатынастарда адалдық ерекше назарда.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сай сот билiгi Қазақстан Рес­публикасының атынан жүзеге асырылады. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандық­тары мен заңды мүдделерін қор­­ғауға, Конституцияның, заңдардың өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз. Тек Конс­титуция мен заңға ғана бағынады. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам төмендегідей мазмұнда ант бередi:

«Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн».

Демек, судья қызметінде адал болу – заң талабы, сол себепті де оның қызметінде бұл мәселенің туындамауы қажет. Себебі судья – ол әрқашан да адалдық пен әділеттілік үлгісі.

– Соңғы жылдардағы бірқатар реформа жүйеге қандай соны жаңалық әкелді? Қоғам жүйенің жаңғырғанын неден аң­ғаруы тиіс?

– Сот реформасы жайлы бір сұхбат аясында толық тоқталып өту мүмкін емес. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының бесінші бағдарын «Заң және тәртіпке» арнады. Онда қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажеттігін нақты атап өтті.

Елімізде сот төрелігі заңға сай қатаң жүргізілгенде ғана әділ атқарылғандығы жөнінде айта аламыз. Бұл ретте Жоғарғы Сот тарапынан 2018 жылдан қолға алынып, жүргізілген ауқымды және іргелі істер бар. Соның нәтижесінде тиісті заңдар қабылданып, қазіргі таңда олар жемісін беруде. Осы бағыттың бірі – азаматтық істер бойынша дауларды соттан тыс және сотта татуласу рәсімдері арқылы шешуді қалыптастыру және дамыту.

Соттарда қаралатын даулардың басым бөлігі – азаматтық істер, яғни, қоғамымызда дау көп және ол болады да. Бәрімізге белгілі, қазіргі әлемдегі басымдық – ол дау­ларды соттан тыс институттар арқылы шешу. Мәселен, 2013-2017 жылдар аралығында сотта қаралған азаматтық істер екі есеге артқан. Осылайша Қазақстанда елдің әрбір төртінші тұрғыны қандай да бір сот процесіне қатысқан болып шығады. Осы орайда Жоғарғы Сот 2018 жылдың сәуірінде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында «Соттағы татуластыру рәсімдері» туралы жаңа жобаны жүзеге асырып, тиісті шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде сотқа түсетін арыздар саны едәуір азайып, соңғы 4 жылда 900 мыңнан 340-қа дейін немесе 2,5 есе төмендеді.

Соның бір нақты көрінісі, қазіргі таңда егер дау сотқа келіп түссе, судьялардың өздері де екі жақты бітімге келтіруге тырысады. Сондықтан бұрын соттарда істердің 2-3%-ы ғана татуласу жолымен ше­шілетін. Қазір бұл көрсеткіш – 40,1%-ға жетті. Яғни, әрбір үшінші іс татуласумен аяқталып жатыр. Сонымен қатар, айта кету керек, «Жаңа Қазақстанда» сот жүйесі де реформалануда. Ол туралы көптеген кездесулерде Президент соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Бұл салада енді талапқа сай келмейтін судьяларға орын болмауы тиістігін қадап айтты. 3 жылда 174 судья жұмыстан шығарылған, лауазымы төмендетілген. Бұл – осыған дейінгі 10 жылдағы көрсеткіштен 3 еседей артық!

2021 жылы шілдеден бастап, Қазақстанда «әкімшілік әділеттілік» – әкімшілік соттар жұмыс істей бастады. Жаңа маманданған ауданаралық әкімшілік соттар тек мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің, өзге лауазымды тұлғалардың шешіміне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым келтірілген істерді ғана қарайды. Әкімшілік соттар дауларды «мемлекеттік органның кінәлілігі презумпциясы» қағидаты бойынша шешеді. Мұндай тәсіл жағдайды түбегейлі өзгертті. Қазіргі таңда бір жыл ішінде мемлекеттік органдар істердің 60% бойынша ұтылуда, бұрын бұл көрсеткіш бар болғаны 15% құрайтын. Халық сот жүйесі жаңғырғанын нақты атқарылып жатқан шаралардан көреді.

– Президент тапсырмасымен судьялар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар жүргені мәлім. Оны қарапайым халық сезіне алды ма?

– Сот саласындағы жемқорлық­пен күрес күн тәртібінен түскен емес. Сол себепті тиісті шаралар толассыз. Қазіргі таңда қабылданып жатқан шешімдердің заңдылығы, оның заңға сәйкестігі жоғары тұрған сот сатысымен тексеріледі. Ал сот жүйесінде кездесетін бірді-екілі жағдайлар жемқорлықпен ымырасыз күрестегі шараларды жоққа шығармауға тиісті. Бұл бағытта жұмыс күнделікті іске асып келеді. Сондай-ақ, сот кеңесімен жүргізіліп жатқан күрделі конкурстық таңдау білікті мықты заңгерлердің келуін қамтамасыз етті. Ол болса, сот билігі сапасының едәуір артуына ықпал жасады. Соттар кадр мәселесінен шеттетілген. Онымен Жоғарғы Сот кеңесі айналысады. Бұл сот әділдігін күшейтті деп сеніммен айтуға негіз бар.

– Бұқара да бұған сенгісі ке­леді. Енді мереке қарсаңында әріптестеріңізге лебізіңізді ес­ті­сек…

– Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 қаулысына сай «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қау­лысына толықтыру енгізу арқылы былтырдан бастап, Қазақстан Рес­публикасындағы мерекелік күндердің қатарына – 24 маусым – «Судья және сот қызметкері күні» болып бекітілді.

Осы мереке қарсаңында кәсіби мерекемен барлық әріптестерім мен сот қызметкерлерін құттықтап, оларға ел игілігі мен мемлекеті­міздің нығаюы жолында атқарып жатқан қызметтеріне сәттілік, жауапты әрі күрделі қызметтің абырой биігінен көрінуді тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button