Сот үкімі өзгеріссіз қалды
Бүгін Қарағанды облыстық соты өткен жылдың мамыр айында Ботақара ауылындағы АХАТ ғимаратында ажырасқан әйелін пышақтап өлтірген облыс тұрғынының аппеляциялық шағымын қарады. Апелляциялық алқа іс материалдарын қарап, бірінші сатының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Өткен жылы мамыр айында ер адам ажырасқаннан кейін бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген. Бірінші сатыдағы сот оны бұрынғы әйелін өлтіргені және заңсыз қару сақтағаны үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, 287-бабының 1-бөлігі бойынша) 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіз режимде өтеуге үкім еткен болатын. Қорғаушы бірінші сатыдағы соттың үкімімен келіспей, кінәсін мойындау, шын өкіну, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылуды ескере отырып, оны өзгертуді, тағайындалған жазаны 8 жылға дейін қысқартуды сұрап, облыстық сотқа шағым түсірген. Апелляциялық алқа іс бойынша барлық материалдарды қарап, судьялар бірінші сатыдағы соттың сотталушыға тағайындаған жазасы оның әрекетіне сәйкес келеді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.