Сол жылдар… (Әли Тойжігітке)
Беу, Әлеке, думан қайда,
Туған қайда белі нық.
Жетпісінші жылдар қайда,
Желпілдейтін желігіп.
Қайда сол жаз, сондағы күз,
Жанған оттай лапылдар.
Ойымызда – ойнақы қыз,
Қолымызда – «Капитал».
Балауса шақ шырқатты өлең,
Білімде деп аласым.
Қара жолғып филфак пенен
Жатақхана арасын.
Жыл жүгіріп, аттаған ай,
Күздің лебі ызғарлы, ә?
Кемпір бопты, әттеген-ай,
Біздер сүйген қыздар да.
«Бесті» жуып, байып көп күн,
Қанға қуат беретін.
Қыздар түгіл, ғайып бопты
«Портвейн» 12-ің».
«Бульварда» еді атағымыз,
Шатағымыз көктемде.
Айтпақшы, әлгі жатағымыз,
Банк болып кеткен бе?
Қайда сол бір бағасы бай,
Жүйткіген кез дүлдүлмен.
Жас дәуреннің дәл осылай,
Жалт берерін кім білген?!
Дегенмен, үміт те ерлік,
Өрге тартқан жебелеп.
Жұрт танитын жігіт болдық,
Одан өзге не керек?!
Құтты болсын ұлы тойың,
Тойлау үшін туады ер.
Мен жүз белес жүгірейін,
Сен соңымнан қуа бер!
Абзал БӨКЕН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.