Жаңалықтар

Соғыстың ауыр-жеңілі болмайды

Бүгінгі күні кім не десе де, Кеңес әскерінің Ауған шекарасына еріксіз еніп, он жылдан кейін шығарылғаны – тарихи факт. Сол уақытта Қазақстан территориясынан 22 мыңнан астам жауынгер аттанып, 889 адам Ауған жерінен оралмай қалса, 19-ы із-түзсіз кеткен, ал, 3 мыңнан астамы мүгедек болып оралғаны да рас. Соғыстың аты – соғыс. Оған қатысқан адамдарға жан-жақты қолдаудың қажеттігі дау туғызбайтын ақиқат. Ауған соғысының ардагерлері бүгінде мемлекет тарапынан тиісті бірқатар көмегін алуда.

Сурет ашық дереккөз

2020 жылы Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Заңын қабылдады, соның ішінде, Ауған соғысына қатысушылар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері ретінде аталған. Бұған дейін әлеу­меттік қолдау шаралары «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заңмен реттеліп келген еді. Жаңа заңда Ауғанстандағы ұрыс қимылдары ардагерлерін жеке санатқа бөлді. Бұл ретте барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталды.

«Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, ардагерлер санаторийлер мен шипажайларға барады, госпитальға қаралады. Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күніне орай жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында тұратын Ауған соғысы ардагерлеріне ONAY! картасы бойынша қоғамдық көліктен тегін жол жүру мүмкіндігі берілген. Бұл ретте жергілікті әкімдік тарапынан арнайы жол картасы әзірленгенін де айта кету керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің ресми дерегінше, қазіргі уақытта ардагерлердің өмірін жақсартуға бағытталған шаралар жүйесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, салық салудағы жеңілдік, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай әлеуметтік көмек, сонымен бірге, тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуде, емдеу орындарында қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызуда, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуда басымдыққа ие.

Облыстың халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, Ауған соғысы ардагерлеріне биыл 200 мың теңге көлемінде бір жолғы көмек көрсетілмек. Бұған 239,8 млн. теңге бөлінген. Бүгінде аймақта Ауған соғысының 1 177 ардагері, қаза болған жауынгерлердің 22 отбасы бар.

Атаулы күннің мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Мәселен, облыстық өлкетану мұражайында арнайы көрме ұйымдастырылады. Одан бөлек, Ауған соғысының ардагерлері аталған соғыста қаза тап­қан қаһарман қарағандылықтар Амангелді Қалмағамбетов және Серік Ергезеков оқыған мектептерде оқушылармен кездеседі. Айтар болсақ, қатардағы жауынгер А.Қалмағамбетов 1979 жылғы желтоқсанда әскер кіргізілгеннен кейін шайқастың екінші күні қаза болған. Ол – Ауған соғысына қатысқан алғашқы қарағандылық. Ал, қатардағы жауынгер С.Ергезеков – Дубовка ауылының тумасы. Жаяу әскердің жауынгерлік машинасында зеңбірек көздеушісі болған. 1988 жылғы маусымда болған түнгі шайқаста қаза болды. Облыстық ардагерлер бірлестігінің төрағасы Талғат Хасеновтің өзі 1986 жылдан 1988 жылға дейін 40-шы армияның 66-шы мотоатқыштар бригадасының құрамында әскери қызметін өтеген. Осы уақыт аралығында ірі жауынгерлік 25 ірі операцияға қатысқан.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button