Әдебиет

Соғыстан қалған сыз

Батыста алапат соғыстың өршіп тұрған кезі. Алыс-жақынды шарпыған соғыс өртінен ел де күйзеле күн кешуде. Қияндағы шойын жол бекеті. Іргеде ерсілі-қарсылы жосыған жүк пойыздары бірі келіп, бірі кетіп, күндіз-түні толассыз жөңкілуде.

Жаз айы. Күн сәскеге тырмысқанда қатарласа бой түзеген жер барақтарды жағалап ат арба келе жатты. Арбадағы жолаушылардың төбелері қылтылдап, шеткі үйге жанаса тоқтаған кезде көліктен секіріп түскен жауынгер жігіт жан-жағына қарап, қарсы келе жатқан адамнан: «Айымбетовтердің үйі қай маңда?» – деп жөн сұрады. Осы кезде қолында кішірек қобдиша ұстаған медбике қыз да арбадан түсіп, үсті-басын қағып, көлікте отырған жауынгерге бірдеңелерді айтып жатты.

– Жобаларың дұрыс, мына тұрған үй, – деді бұларға қарсы жолыққан ауыл азаматы. Сөйткенше болған жоқ, арбада отырған жауынгер:

 – Мерден аға!.. – деп саңқ ете қалды. Қуанышты дауысқа, жалт қараған қария жауынгерді жыға танымай, алақанымен көзін көлегейлеп:

– Жолың болсын, қарағым! Қай баласың?! – деп арбадағы адамға жанарын сықсита қадады.

 – Айналайын-ау! – деп тосаңсып барып:

– Сен өзіміздің Мақажанбысың?! Жарығым-ау! – деп арбадағы жауынгерге ұмтылды.

– Өй, айналайын! «Өлгенің тірілді» деген осы! – деп үй жағына бұрылып:

– Әй, Қамқа, Шой апаңнан сүйінші сұра, баласы келді!

Ақсақалдың дамбырлаған даусы жербарақты жағалап, ауыздан-ауызға ілесіп, сүйіншілей жөнелген. Ізінше арбада отырған жауынгерге қатарласа берген Мерден:

– Ат-көлігің аман ба, қарағым? – деп көлікке ілесіп, Мақажанның қолынан ұстаған қалпы арбадан қалмай екінші барақтың алдына келді.

– Ей, шырағым-ай! «Аман ердің аты шығады» деген осы, аман-сау келгеніңе не жетсін! Міне, үйіңе келдің, қарағым, арбадан түс, – деп жауынгер жігітке қарап қалған. Жолаушы болса арбадан түсуге асығатын емес. Қария түсініп болғанша арба айдап келген жауынгер, божыны тартып, атты қаңтарысымен:

– Ағасы, сіз үйді көрсетіңіз. Алға түсіңіз, – деді. Соны айтқан ол арбада отырған жауынгерге бұрылып:

– Мақажан, үйіңе келдің, енді арбадан түсейік.

Мына сөзді естіген Мерден не ойларын білмей күйбеңдеп, барақтың сыртқы есігін ашып:

– Мақажан, үйлерің осында, шешең де, келіншегің Нәргүл де былтыр осында көшіп келген. Содан бері көрші тұрып жатырмыз, – деп дегбірі қалмай Мақажаннан көз алмауда. Сөйткенше болған жоқ, әлгі арба айдаған жауынгер Мақажанды балаша тік көтеріп алып:

– Ағатай, жол бастаңыз! – деді. Мерден ақсақал сонда ғана жігіттің сау емесін түсінгендей болып:

– О Жасаған, өзің жәрдем бер! – деп есік ашып, алға озды. Бөлмеге кірген бетте ол:

– Сүйінші! Шойгүл, балаң майданнан оралды! Ақ түйенің қарны жарылды! – деп айғай салғанда, өзі де тебіреніп, көңілі босап, даусы жарықшақтанып шықты. Басына қызылала орамал тартқан қағылез әйел, қуанышты хабарды естігенде сасқалақтап, қолына ұстаған жамау-жасқауын тастай сала орнынан жұлқына ұмтылды. Буыны босап, көзіне жас келіп қалды. Бұлауланған жанарын босаға жаққа бұрғанда, еңгезердей солдаттың Мақажанды балаша көтеріп есіктен еніп келе жатқанын көрді. Сол-ақ екен, Шойгүлдің жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп, іші-бауыры удай ашығаны. Жалғыз ұлдың жарымжан болып оралғанын көруден өткен азап пен қасірет жоқ еді. Әуеліде баласын жатырқап, танымай қалған әйел көзі апалақтап орнынан тұра алсайшы. Жүрегі алқынып, аузына тығылды. Соны сезген Мерден ақсақал:

– Шойке, сабыр ет! Тәубеге келіңіз. Балаңыздың ұлы кеудесі аман. Сұм соғысқа екі аяғын беріп келген екен. Барға қанағат қыл, жоққа салауат. Тәубе де! – деп, өзі де кемсеңдеп, Шойгүлді қолтығынан демеп, баласының қасына әкелді. Реңі қуарып кеткен Шойгүл баласын бауырына басып:

 – Жарығым, жалғызым, аман келгеніңе тәубе қылдым! – деп ұлының екі аяғының тізеден төмен жоқ екенін білген сайын жаны езіліп, көз жасы бұршақтап төгілді. Бір әулеттен қалған жалғыз еркек тұяқ осы еді. «Енді не болады?» деген қорқыныш бойын билеген сайын өзін қоярға жер таппай қиналған Шойгүл: «Жарығым-ай!» деп қамыға күйзеліп, жиналған елді қоса жылатты. Сол мезет ұлының жүзіне көз тоқтатқан Шойгүл баласының жанарына тұнған үрей мен қасірет дабын сезіп, есін тез жиды. Онсыз да жаны жүдеп, уайым шегіп отырған Мақажанды бұдан әрі күйзелтуден қорқып;

– Тәубе қылдым! Тәубе қылдым, қарағым! Тәубе! Құдіреті күшті құдайдың жазуы солай болса, көтереміз-дағы, көтереміз-дағы. Сен уайымдама, құлыным, аман келгенің олжа! – деп даусы тарғылданып, өзін де, ұлын да қайрап, бойын тез тіктеді. Сол ақ екен, үйге жиналып қалған адамдар:

– Апа, қуаныш құтты болсын! – деп, әйелдер жағы кемсеңдеп, жамырай сөйлеп, құттықтап, Шой апаның бетінен сүйіп жатты.

Соғыстан оралған Мақажан туралы хабар шағын қонысты шарлап кетті. Көрші-қолаң, танитын-танымайтын ел-жұрт жапырыла келіп, Шой апаға құтты болсын айтысты. Жол бойында жұмыс істейтін келіншегі Нәргүл ғана қуанышты хабарды кешеуіл естіген.

– Әй, келіншек, – деді оған сүйіншілеген адам, – сенің азаматың аман-сау келіпті. Сен мұнда не істеп жүрсің?! Бар, ұш үйіңе! Мұны естіген Нәргүлдің есі шығып, сенер-сенбесін білмей:

– Шын айтып тұрсыңдар ма?! – деп жылап жіберген. Жылап жүріп күліп, тез-тез жиналып, жұмыс басынан үйіне қарай құс боп ұшты. Аяғы аяғына тимей, алқынып үйіне жетті. Бұл келгенде күйеуі Мақажан құтты болсын айта келген, ауыл адамдарының ортасында отыр екен. Нәргүл үйге кіріп келгенде отырғандардың бір бөлігі ошарыла тұрып:

Ой, айналайындар! Келін келді, жол беріңдер, шырақтарым, – деп үлкендер өкше көтерген. Нәргүл болса Мақажанның мүгедектігінен бейхабар еді. Әйтеуір, аман келді дегенді естігенде жүрегі аттай тулап, қуанғаннан көз жасы сорғалап, төрде отырған күйеуін құшақтай алған. Былайғы жұрт оған басу айтып:

– Сабыр, сабыр ет, қарағым! Ең бастысы азаматың аман, отбасыңа оралды, одан артық не керек?! – деп жиналғандар, Нәргүлге тоқтау айтқан болуда. Қуаныштан өкшесі жерге тимей, өңі бал-бұл жанып жеткен келіншек ешкімді еститін емес, жүзін жуған жасты сүртіп, күйеуінің тұла бойына көз жүгірткені сол – екі көзі Мақажанның аяғының тізеден төмен жоқ екенін байқады. Сол-ақ екен, өне бойын тоқ ұрғандай дір ете қалды. Әлгіндегі ла пылдаған қуаныш, лықсыған көңіл, шаттанған сезім су сепкендей басылған. Қолы дірілдеп, Мақажанның аяғын ұстамақ болды. Бірақ, батылы барар емес. Келіншегінің жүзіндегі қорқынышты көрген Мақажанның өңі бозарып, көзінен ыстық жас ыршып кетті. Аузына сөз түссе, қане? Үйдің ішіне жиналғандар демдерін ішке тартып, үнсіз қалған. Соны сезген Шойгүл:

– Нәргүлжан, қарағым, айналайын! Сабыр ет! Күйеуің соғыстан оралды ғой! Елін қорғап, шейіт кеткендер аз ба?! Ұлы кеудесі аман, ақыл-санасы орнында. Аллаһтың бұйрығы, тағдырдың жазуы бар. Қайтеміз, көнеміз, – деп кемсеңдеп, даусының арты қамығып естілді. Өңі қашып, бозарып, қолы-басы дірілдеген Нәргүл күйеуінің қасынан шегіншектеп кетті. Тұла бойын от қарығандай, өзін-өзі ұстай алмай, аулаға шығып, солқылдап жылады. Тіпті, басылар емес. Қатыгез тағдырға лағынет айтып, үйден шығып бара жатты.

 Бұл бір құлақ естіп, көз көрмеген жағдай еді. Нәргүл үшін де, ғазиз анаға да, мүгедектің тақсіретін тартып отырған Мақажанға да оңай тимеді. «Ертеңгі күн қалай болады, екі аяғы жоқ мүгедек жанды кім күтеді?» деген алуан сұрақ жүрекке батып, қайғыны үстеп, арпалысқа түскен.

 Мақажан соғысқа кетерден жыл бұрын Нәргүл екеуі көңіл қосып, отбасын құрған-ды. Арада жыл өткенде соғыс басталып, Мақажан майданға аттанып жүре берген. Балалары жоқ еді. Бастары жас, келер күннен күтер үміті мол жас жұбайлар оған бәлендей абыржыған жоқ. Жиырмаға жетер жетпесте қару асынып, ұрысқа кірген Мақажан небір от пен оқтың арасынан аман шығып, қырық төртінші жылы Гомель қаласы үшін болған кескілескен кесапат шайқаста жау дзотынан от құшып, ес-түссіз майдан даласында қалды. Қанша күн, қанша түн өткені белгісіз, аптадан асқанда госпитальда жатып, есін еміс-еміс жинады. Екі аяғынан айырылғанын да ол бірден біле қоймады. Аяқсыз қалғанын білгенде, өзін-өзі ұстай алмай, дірілдеп-қалшылдап, атылып өлгісі келді. Жиырма үш жасар өрімдей боздақ үшін бұдан асқан қорлық, бұдан өткен кемдік жоқ еді. Елде үлбіреген келіншегі қалған. Екі аяғы жоқ мүгедек, кімге керек?! Керек емес. Бұның да ешкімге масыл болғысы жоқ. Сол күндері ол өмірден өлердей түңілген. Дәрігерлер мен таныс бейтаныс жа уынгерлер мұның күйректенбеуін айтып, жігерін қайраған болды. Сондай мазасыз күндердің бірінде госпитальға жараланып түскен рота командирі жаралы жауынгерлердің қал-жағдайын сұрап жатып, Мақажанға алаңдап, әсіресе, оның өзін-өзі атып тастамақ болғанын естігенде:

– Бауырым, сен қапаланба, – деді ол мұның жүйкесі тозып, өмірден баз кешіп жатқанын сезіп. – Сен екі аяғыңды Отаныңды қорғап, еліңнің ертеңгі болашағы үшін бердің. Бұл – ерлік. Ал, ерлік – елге тағылым, ерге – құрмет. Сен жасыма?! – деп жігерін жанып, қашан өзі айығып кеткенше Мақажанды «жауынгер мойыма» деп рухтандырып жүрді.

Күйзелген көңілі сәл де болса таяныш тауып, жүрегіне үміт ұшқыны оралғандай еді. Бірақ, бәрі бекер екен. Артында қалған жан-жары мұның кемтар қалпынан шошып, үйден безіп кетті. Бәрінен де Мақажанға сол ауыр тиді. Қапалы жардың қарекетіне қанша қайғырса да, оны түсінуге тырысып, артық сөзге бара алмай, мелшиген қалпы меңірейіп қала берген. Сол бір сәттерде оған өмірдің өзі меңіреу түнектей, қатыгез көрдей көрінген.

Соны сезген анасы Шойгүл ел аяғы басылған кезде:

– Қарағым, Мақажан, сен көп таусылма, қапаланба. Келіншегің ешқайда кете қоймас. Сорлы күтпеген жағдайдан шошып қалған да, – деп мұны тыныштандырып бақты. Келесі күні Нәргүл келіп, аздаған киім-кешегін алып біржола кетуге бекінгенін айтты. Сонда Шойгүл ана:

– Қарағым, Нәргүл, екеуміздің шәй дескен күніміз болған жоқ. Бай сенікі, бала менікі. Саған бай керек болмаса, маған бала керек. Тек, бір нәрсені есіңе сақта: Мақажан ел үшін отқа түсіп, кемтар болып оралса да, абыроймен оралды. Отанын қорғағаны – отбасын қорғағаны. Оның отбасы сен едің ғой. Айналайын, Нәргүлжан, сен ұялатын жағдай жоқ, бұл жерде. Бұл – мүсіркейтін, мінейтін шаруа емес. Алды-артыңды ойларсың. Қашан келсең де үй өзіңдікі, есігің ашық, – деді даусы кемсеңдеп.

Нәргүл көзінің жасын сығып, үйден шығып кеткен соң да Шойгүл үнсіз ұзақ отырды. Жүрегі езіліп, жылағысы келсе де, Мақажанды аяп, осалдық танытпауға бекінген.

* * *

Арада айға жуық уақыт өтті. Мақажан да өзінің жаңа өміріне қинала-қинала мойынұсынған. Талайына жазған тағдырдың ауыр талқысы оны мезгілінен ерте қартайтқандай. Самай шашы ақкіреукеленіп, реңі әжімденіп, тозыңқы тартты. Әуелгіде ол бұл жерден мүлде жыраққа кеткісі келіп, тіпті, қашып кетпек болды. Барар жер, басар тауы болмаса да, «жақсы ит өлігін көрсетпейді» демекші, көз көрмеске кетпек еді. Сол оймен азанда тұрып, өзі жасап алған төрт доңғалақты арбашасына отырып, екі қолымен жерді ескекше есіп, шойын жолға қарай сырғанай жөнелген-ді.

Жұмыстан келген анасы баласының үйде жоғын білгенде зәре-иманы қалмай, көрші отырған Мерденнің үйіне жүгірді. Бір сәтте-ақ «Ойбай! Мақажан кетіп қалыпты!» деп ауыл үсті шу ете қалды. Көрші-қолаң, таныс-білістің бәрі шарық ұрып Мақажанды іздеп шабылды. Абырой болғанда, мүгедек жан ұзамаған екен. Теміржол бекетінің маңынан тауып, үйге алып келген болатын. Сонда анасының әжімді жүзі қуарып:

– Балам-ау, мені кімге тастап кетпексің?! Мені ойладың ба?! – деді даусы қамығып. Сол-ақ екен, Мақажанның жұлын-жүйесі босап, іштей егілді. Мынау жарық жалғанда мұны бір адам керек қылса, ол – анасы екен. Соны жаңа сезгендей жаны күйіп, күйзеле ой кешті. Содан бастап жүрегін сыздатқан соғыстың сызына да көндікті. Анасы екеуі селбесіп, қоңырқай тірлікке төселді.

Жаз өтіп, күз түсіп келе жатқан. Күн жексенбі. Мақажан анасы екеуі түскі астарын алдарына алысқан кезде, сыртқы есік сықырлап ашылып, үйге Нәргүл келді. Өңі сынық. Дастарханның шетіне тізесін бүгіп:

 – Апа, Мақаш, мені кешіріңіздер. Сіздерге қайтып келдім, – деп енесін құшақтап көзіне жас алып, – апатай, ренжімеңізші! Ағаттық менен, ардан аттағандай болдым, кешіріңіз! – деді.

 – Жоқ, айналайын, ренжімеймін. Неге ренжиді екенмін? Сен жассың, мұндайды көрген жоқсың. Мені қойшы, ана күйеуіңе айт мұны, екеуің жарассаң, маған одан өзге не керек, қарағым, – деп Нәргүлді құшақтап, маңдайынан сүйіп, батасын берді. Сол күннен бастап Мақажан мен Нәргүлдің жарасты өмірі басталды. Олар ұзақ өмір сүрді. Мақаң ақсақал аса сабырлы жан еді. Нәргүл екеуі дүниеге бір ұл, екі қыз әкеліп, үбірлі-шүбірлі болып, ұрпағымен жарасып, ғибратты ғұмыр кешті.

Жанболат БАШАР

Басқа материалдар

Back to top button