Соғыс туралы сирек айтатын
Уақыт – тоқтаусыз өз арнасымен ағатын ұлы күш. Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Жылдар жылжып, ұрпақтар алмасса да, халқымыздың жанқиярлық ерлігі, отансүйгіштігі ешқашан ұмытылмайды. Алғыс пен мақтаныш сезімі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жүректерде өмір сүріп келеді. 1941 жылғы 22 маусымда миллиондаған тағдырды күйреткен сұрапыл соғыс басталды. Бұл алапат жылдар біздің отбасымызды да айналып өтпеді. 1918 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Приишим ауданы, Бексейіт ауылында дүниеге келген әкеміз Нұрмыш Даиров 1940 жылғы мамырда әскер қатарына шақырылды. Орта Азия әскери округінде қызмет етіп жүрген ол соғыс басталғанын сол жерде естіп, бірден ауыр сынақтың қақ ортасына түсті. Артынша, оның әскери бөлімшесі Мәскеуді қорғауға аттанды…

Әкеміз Нұрмыш Даиров Мәскеу түбіндегі Тула бағытын қорғау ұрыстарына қатысты. Ол 830-атқыштар полкінің құрамында шайқасып, кейіннен бұл полк 238-атқыштар дивизиясының құрамына енді.
1942 жылғы сәуірде әкеміз аяғынан ауыр жарақат алып, контузияға ұшырады. Ол №1516 әскери госпитальде емделіп, жамбас буынына сегіз мәрте ота жасалды. Денсаулығына байланысты сол жылдың мамырында әскер қатарынан босатылып, туған ауылына оралды. Ата-анасынан ерте айырылғандықтан, екі інісінің қамқорлығын өз мойнына алды.
Соғыстан кейін ауылда өмір сүру қиын болды. Болашаққа сенім аз еді. Осылайша, әкеміз інілерімен бірге жұмыс іздеп, Қарағандыға көшуді ұйғарды. Алайда, ауыр жарақатының салдарынан шахтада жерасты жұмыстарын атқара алмады. Алдымен шахтаның жер үстінде еңбек етті. 1948 жылы туған ауылына барып, анамыз Мауқижан Ищановамен отбасын құрды.
Әкеміздің табандылығы мен адалдығы арқасында жақсы адамдардың көмегімен оны №106 шахтада жерасты жұмысына қабылдады. 1947 жылдан 1974 жылға дейін көмір өнеркәсібінде үздіксіз еңбек етіп, №101 «Сокур» шахтасынан зейнетке шықты.
Әкеміз өмір бойы еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісі болды. Анамыз екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Көп жылғы еңбегі үшін бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталып, сондай-ақ, В.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай мерейтойлық медальмен наградталды.
Соғыс туралы әкеміз өте сирек айтатын. Ол майданның қасіретін қайта жаңғыртып, балаларды қорқынышты естеліктермен үрейлендіргісі келмейтін. Әкеміздің ұстанымы – балалық шақ таза әрі жарқын болуы керек деген сенім еді. Біз оның осы шешімін құрметтедік.
Әкеміздің адал еңбегі мен елге деген сүйіспеншілігі біз үшін мәңгілік үлгі болып қалды. Бүгінде оның ұрпақтары әр түрлі салада еңбек етіп, Отанымыздың дамуына өз үлесін қосуда.
Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангер әкеміздің өшпес ерлігін құрметпен еске аламыз.
Зәуреш ДАЙЫРОВА,
Абат ДАЙЫРОВ