Тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы 5451 әскери бөлім командирінің міндеттерін уақытша атқарушы подполковник Жеңіс Асылбеков және Қарағанды облысы, Әлихан Бөкейхан аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Алмагүл Есімбаева жеңістің 79 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен ардагерлер Рауза Хабибулова мен Татьяна Дорошконы арнайы құттықтап қайтты. Шара барысында ұландықтар бөлім командирі подполковник Рауан Омаров мерекелік арнайы Алғыс хатпен гүл шоқтарын табыстап, ардагерге азық түлік жеткізілді.
– Әрбір халықтың басты міндеті – тарихын сақтап қалу. Тарихта мәңгі сақталған Ұлы Жеңіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасу үшін ардагерлер қатарын әрдайым мадақтап, барынша қол ұшын беру керек. Ерең еңбектерін ұмыт қалдырмай насихаттағанымыз жөн. Осы орайда Ұлттық ұлан қатарында жыл сайын «Біз жеңістің мұрагерлеріміз» акциясы аясында әрбір ардагерге арнайы құрмет көрсетеміз, – дейді бөлім командирінің орынбасары міндетін атқарушы майор Марат Таубаев.
Атап өтсек, бүгінгі таңда Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 11 ардагері қатарымызда.
Алияр ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚР Ұлттық ұланы Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметкері.