Спорт

Соңғы ойында сан соқты

Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындарының бірінші айналымы өз мәресіне жетті. Қарағандылық «Шахтер» клубы 13 ойын қорытындысы бойынша 26 ұпай еншілеп, турнир кестесінде ІІІ орынға табан тіреді. Өткен жолы жерлестер жамбылдық «Тараз» клубына есе жіберсе, соңғы ойында өз алаңында ақтаулық «Каспийден» айласын асыра алмады. Десе де, жерлестердің Премьер-лига сапына қайта оралуға мүмкіндіктері бар. Олай дейтініміз, алда әлі екінші айналым, яғни, қарымта ойын күтіп тұр…

Суреттер клубтың баспасөз қызметінен

Ақтаулықтармен өткен кездесу оңайға соқпады. Жерлестер өз алаңында ойнаса да, кездесу ауыр өтті. Айта кетейік, қарсыластар турнирлік кестеде 34 ұпаймен көш бастап тұр. Соңғы сегіз ойында жеңіліп көрмеген. Тек бұның алдындағы ойында алматылық «Қайратпен» тең тарқасқан.

Ойын басталысымен алаң иелері әдеттегідей шабуылға көшті. Барынша қарсылас қақпасына шабуыл ұйымдастырып, қақпадан саңылау іздеді. Бірақ, қорғаушылар мүмкіндік бермеді. 13-ші минутта қарсылас команда қорғаушысы Тимур Құрбанов допқа талас барысында ойын ережесін бұзып, «сары» қағаз алды. Бірақ, 20-шы минутта қарсыластан керемет шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Жартылай қорғаушы Бауыржан Байтана оң қапталға ойысып, допты алаң ортасындағы әріптестеріне асырған. Осы тұста допқа сол қапталда жүрген шабуылшы Мирас Тұрлыбек бірінші жетіп, бірден Жақып Қожамбердіге асырады. Қақпаға соққы жасамай, әріптесіне пас берген Бауыржанның іс-әрекетін «Шахтер» қорғаушылары түсінбей қалса керек. Алаң ортасындағы Жақыпты жауып үлгермей қалды. Ал, Жақып кідірместен допты қақпаға тоғытады. Есеп – 1:0.

Бұдан кейін ойын қайта шиеленісті. Қарағандылықтар допқа иелік етіп, қайтара шабуыл ұйымдастырды. Бірақ, қанша жерден шабуыл жасаса да, қарсылас қорғанысы сыр бермеді. Бұдан кейін жерлестер қарсыластарға қарсы өрескел ойнап, бірінші тайм аяқталғанша, екі «сары» қағаз алып үлгерді. 26-шы минутта шабуылшы Арман Нүсіп, 40-шы минутта Шахсұлтан Зұбайділдә ескерту алды. ал, қарсыластар сапынан 32-ші минутта қорғаушы Ерлан Қадырбаевқа «сары» қағаз көрсетілді.

Екінші айналым басталысымен алаң иелері сапына Уәлихан Мұхаметжанов тыңнан қосылды. Бірақ, жерлестердің шабуылынан ешқандай нәтиже тіркелмеді. Керісінше, 49-шы минутта Рафаил Оспанов, 59-шы минутта Эльхан Саидовқа төреші «сары» қағаз көрсетіп үлгерді. Ал, 51-минутта «Каспий» қорғаушысы Алихан Серікбай өрескел ойыны үшін «қызыл» қағаз алып, алаңнан қуылды. Қарсыластардың қатары бір адамға кемісе де, 66-шы минутта стандартты жағдайда есепті еселеп кетті. Гол авторы жартылай қорғаушы – Бексат Қабылан.

72-ші минутта алаң иелері сапынан Арман Нүсіп 11 метрлік айып соққысын орындап, есеп алшақтығын қысқартты. Бірақ, қарсыластар сапынан 87-ші минутта Бауыржан Байтана да айып добын орындап, есепті 3:1-ге жеткізді.

Бірақ, жерлестер ойынның негізгі уақытына төрт минут қосылған шақта бір гол салып, ойынды 3:2 есебімен аяқтады. Бұл жолы оң қапталдан әуелете көтерілген допты Тимур Рудосельский қақпаға бағыттап, есеп алшақтығын қысқартқан болатын.

Осылайша жерлестер қатарынан екі ойын ұпай еншілей алмады. Турнир кестесінде ақтаулық «Каспий» 34 ұпаймен көш басына шықса, одан кейінгі сатыда 27 ұпаймен павлодарлық «Ертіс» клубы тұр. Ал, «Шахтер» клубы бір ұпай айырмашылығымен үштікті түйіндеп тұр. Енді жерлестер 17-ші шілдеде сырт алаңда елордалық «SD Family» клубымен кездеседі. Яғни, бұл – қарымта матч. Өткен жолы қарағандылықтар өз алаңында қарсыластарын 4:14 есебімен жеңген болатын.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button