Соңғы Абыз
Ұзын аққан Сарысуды,
Өзің жайлап, жағала.
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің мініп бағала, – деп қазақтың жері менен байлығын тек қазақ иеленсе деген ойда зар қағып, «қазақ даласының тасы қазақ баласының жейдесіне түйме болып қадалсын» (Әлихан Бөкейхан) дегенді ол баста армандап кеткен әдебиеттегі зар заман ақындарының басында тұрған жырау Шортанбай Қанайұлы еді.
Атақты Тұрсынбек Кәкішев «Шортанбай – ұлы дарын, шындықты деңгейінде айтып, зарлап кеткен қоғам қайраткері, ІРІ ИДЕОЛОГ» деп баға берген, академик Серік Қирабаев «Халық трагедиясын көзімен көрді. Солардың сөзін сөйледі, арман-мұңын жырлады. Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады. Қанша уақыт өтсе де ұмытылмай келе жатқаны сондықтан» деп атап көрсеткен, Мұхтар Мағауин «жаңа ұрпақты мәңгүрт кейпінде тәрбиелеуді мақсат тұтқан ресми саясат Шортанбай шығармаларын жарыққа шығаруға тыйым салды» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткен Ұлы Шортанбай жыраудың осы Арқа топырағында дүние есігін ашқанына биыл, міне, 200 жыл.
Иә, не істесе де халық Шортанбай жырауды ұмытқан жоқ. Жыраудың баспа бетін көрмеген сан жыр, өлеңдері әлі де халықтың ішінде. Қолдағыны сақтап, елге берер уақыт әбден жетті. Ұлы жырау туралы мектептерде арнайы сабақтар, тәрбие сағаттары, мәдени орындарда алуан түрлі шаралар өткізудің қажетті кезегі келді. Ұрпақ үшін барменен бөлісейік.
Өткен ғасырда-ақ өзінің терең философиялық көзқарасымен де, еркіндікті аңсаған асау жырымен де түркі әлеміне қатты әсер еткен Шортанбай мұрасы XX ғасырда сан дауға түсіп, бар ғұмырын жіктеп айтатын кешегі ауылдағы дуалы ауыз қариялардан өмір жолы толық жазылып та алынбады.
Ақынның нағашы жұрты Есмағанбет қариядан бір кезде Ғабиден Мұстафин ғана жазып алғанын Ескең қария да, оның баласы Әбдісадық та үнемі айтып келді. Бұл түбегейлі ойды жеткізуші Жұматай Құтжантегі екенін де айта кетелік.
Шортанбай туралы алғаш мәліметті 14-18 жасында оның атқосшысы болған Әбеу ақсақал, Көпжан Бәйменұлы берсе, кейінде Ескей жыршыдан, толғауларын айтқаны үшін жиырма жылға жуық ғұмырын саяси лагерде өткізген Анарбектен, тоқсанға келіп көз жұмған Қази ақыннан алған едік. Жыраудың «Ағыбай батыр» дастанын 1953 жылы Досбергеннің Қалиы әкем Жүніске жаздырса, «Қаракесек» дастаны атақты Майасар ақыннан алынды.
Күні бүгінге дейін қожаның бәрі Қаратаудан деген сарынмен оның туған жері туралы да жаңсақ пікір қалыптасқан. Шортанбайдың анасы кім екенін, нағашысының атын біле бермейтін, әкесі Қанай туралы еш дерегі жоқ адамдардың жаңсақ пікірі жұртты шатастырады.
XVII ғасырда Шұбыртпалы руы Арқаға қоныстана алмай, Сыр бойын мекен етіп жүргенде Шортанбайдың бабалары сол рудан қыз алысып, араласып бірге көшіп жүрген. Ақынның әкесі Қанай Арқадағы Айыртауды (Ақадыр маңы) мекен етіп, Сарым ішіндегі Нақып қожаның қызы Шүкіманға үйленеді. Нақып – осы деректерді айтушы Есмағанбет қарияның үлкен әкесі. Нақып қожаның үлкен кызы Гүлімжан Кәрсөн Бидайтегі Базарға тұрмысқа шыққан. Гүлімжан ақылды да өткір адам болған. Онан күйеуі Базар да ығып отырады екен.
Базар:
Хан алдына барғанда
Хан таппаған мінімді.
Би алдына барғанда
Би таппаған мінімді.
Гүлімжанның алдында
Кермей-ақ қой күнімді, –деген. Гүлімжанның мазары Босаға стансасына жақын. Бәйбішенің өзі ұстаған кебеже, сандықтарының беті мазардың маңдайшасына қондырылған. Шортанбайдың әкесі Қанай осы маңдағы – бүгінде Қанай бұлағы атанған жерге бұлақ суын бұрып, егін салған. Егін арығының ізі әлі сайрап жатыр. Осы мәліметті алғаш айтқан, Шортанбай үшін 18 жыл түрмеде отырған Анарбек жыршы – Базардың немересі. Базар – Шортанбайдың әкесі Қанаймен туған бажа.
Қанайдан Шүкіман төрт-бес жыл ішінде екі қыз туады. Сол шақта Қанайдың әкесі дүниеден қайтып, бір себептермен інісі Қаратау жаққа көшіп кетеді де, жалғыз үй қалған Қанай қайын жұрты Нақыптың ауылына қоныс аударып, қалған ғұмырын Нұра бойында өткізеді. Келер жылы, яғни, 1818 жылы көктемде осы нағашысының ауылында (қазіргі Жалпақсаз қыстағы) болашақ жазба әдебиеттің көшбасшысы Шортанбай ақын дүниеге келген. Шортанбай жырау туған үй 1985 жылға дейін бұзудан аман еді. Осы жерде, сол үйде Тиышбай ақсақал ұзақ жылдар мал бағып отырды. Бала жасынан ел ішіндегі ақын, шежіреші шешендерді естіп өскен Шортанбайдың өнерге деген құмарлығы ерте оянған. Ол Бесатаның болашақ иелері — Жанғұтты, Дүйсенбай билермен жастайынан араласып өссе, Абылай, Кенесары, ағасы Саржанның ерлігі туралы ертегідей әңгімелермен көкірегі ашылып, Ресейге қараған елінің мұңын ерте таныған.
Болашақ ақын бала кезінен бірер шумақ өлең тастап жіберуге шебер болған. Есмағанбет қарияның айтуына қарағанда, Шортанбай бозбала шағында Жанғұтты ауылының жоғалған түйесін іздесіп, Аюлының Ақсай деген жерінің бас жағында атын оттатып отырса керек. Қолды болған түйені сол ауылдың ұрылары байқамай үстіне айдап келеді. Сол жерде Шортанбай алғаш рет «Бала зарын» айтқан екен. Бозбала ақынның сол «Бала зары» кейінде сан өзгеріске ұшырағаны даусыз.
Сауатын ауыл мектебі молласы Ыбырайымнан ашқан Шортекең кейін Шаяндағы медресені тәмамдап, онан Бұхар оқуын бітіріп, 17 жасында, шамасы 1895 жылы елге біржола оралады. Шешендігімен де, білімділігімен де көзге түскен Шортанбайды Жамантай, Құсбек төрелер, әрі әкесімен немере, Құнанбайды аға сұлтан сайлатқан атақты Күдері қожа шақыртып, Қарқаралыға барады. 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы аға сұлтандыққа сайланарда сол әйгілі жиынға Күдері қожа да кұрметті бидің бірі ретінде қатысады. Жиын ұзаққа созылып, билердің сөзі әр қилы шығып, Құнанбайды сайлау-сайламауы екіұдай дау туғызыпты. Сонда Күдері қожа Орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтады:
Атаңнан артық тусаң
ту ұстарсың,
Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.
Біріңді бірің түртіп не қыласың.
Түсің бір, исі қазақ туысқансың.
Құнанбай Орта жүздің
тұзы емес пе,
Көнеден арнасы бір із емес пе.
Қарадан хан болса да реті бар,
Салмаңдар қу кеңірдек,
қыл өңешке.
Су екеш су ағар да жүйесімен,
Жарасар көштің сәні
түйесімен.
Кімің бар Құнанбайдан
озып туған,
Айырма елді нағыз иесінен.
Арғымақ қанша шапса
айырылмаған,
Қиыннан жол табады
дарын адам.
Сыртынан алтын сары,
мыс та сары,
Жақсыны жарымжандық
танымаған, –
деп өлеңдетіп келіп, әрі қарай
тақпақтай жөнеліпті.
Тұз болмаса ет бұзылады,
Дін болмаса ниет бұзылады.
Ел — ерімен көркем,
Жер — көгімен көркем.
Ақылы асқанды хан тұт,
Білімі асқанды пір тұт.
Жақсыңды қадірле,
Жаманыңды тәрбиеле.
Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,
Соқпақ көргенді жек, —деп, «әңгімені төлдете бермей, төрелі сөздің түйініне келіңдер» деген екен.
Сонда Орта жүздін билері су сепкендей сап тынып: «Қожеке, аруағыңнан айналайын, кешіріңіз!», – деп бәрі орындарынан тұрып, Күдері қожанын қолын алыпты. Сөйтіп, Күдері қожаның алдына келіп, жүгініп отырып: «Алла тағала пайғамбарлықты сіздерге берген. Сіз оның ұрпағысыз. Батаңызды беріп, мандайымнан бір сипаңызшы», – деп Шортанбай да қолын жайған екен. Міне, осы жерде ол біраз жылдай тұрады. Арқаның сөз өнері мектебіндей болған Қарқаралыда сан жүйрікпен кездесіп, шыңдала түседі. Міне, дәл осы қалада жас Шортанбайдың тарлан ақын Орынбаймен айтысы өтеді.
Осы тұс бала жасынан бірге өскен достары Дүйсенбай мен Жанғұттының Кенесары қолына біржола қосылып та кеткен шағы еді. Орыс ұлығы қалқитып «Хансымақ» сайлап қойған Кұсбек пен Жамантайдың қолында еш билік жок, халқына көмектесер дәрмені аз екеніне көзі жете түскен Шортанбай Кенесарыға тілеулес болып, Айыртауда ол Орта жүздің ханы сайланғанында барып қатынасқанын Анарбек жыршы бізге жеткізген.
Ортауда Кенесары хан көтерген,
Орта жүз соңына ерген
тым ертеден.
Бесата баласынан
Жанғұтты бар.
Бәйсейіт, Дүйсенбай мен
Есбай, Қара
Бір қол боп көрінетін жеке-дара, —дейтін Шортанбай сөзі сақталған.
Ресей империясы отаршыл саясатының негізгі бағыты қазақ халқын шөлге ығыстыра отырып, қазақ жерін біржолата иемдену екеніне көзі жете бастаған ақын Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысына тілеулесі де жақтасы болып шықкан. Ұлытауда Кенесарыны бүкіл ел ақ киізге салып хан көтергенде, бұл жолы Бесатаны бастап барған Керней Бәйсейіттің тобы ішінде Шортанбай, Жанғұтты, Дүйсенбайлармен бірге екенін Қази ақын 1980 жылы баса айтқан. Акын сол жолы:
Ұлары шулап Ұлытау,
Орыс, қазақ қылған дау.
Алаша хан, Жошы хан.
Қазақтың басы қосылған.
Жалаңаш шапқан ер жігіт
Қолдаса Құдай келер сау,—деп басталатын толғау айтқан екен. Бұл жырды тоқсанға келген Қази ақсақал бізге толық жеткізе алмады.
Тәуелсіздік үшін Кенесары бастаған ұлы шайқастың шын жақтаушысы болса да, Шортанбай да, Құнанбай да оның қолына анық қосылмай, әлде бір себептермен, не сол қозғалыстың қажеті үшін Қарқаралыда қала берген.
Шортанбайдың Кенесарыға тілеулес екені, әрине, сезілмей қалған жоқ. Бұл жағдай Құсбек пен екеуінің сан рет кездесіп қалуына, араларының ашыла түсуіне себеп болған. Оның үстіне, Кенесары қолының сарбазы, түрмеден қашып шыққан Керней Тықыны үйіне жасырғаны да білініп қалады. Ояздық қалада енді қалып мән шықпасына көзі жеткен соң, ол 1850 жылы шамасында Нұра бойындағы елге біржола оралады.
Бір уақыт жан-жақтан жау қыспағында қалған Кенесары ханның да Арқа жерінен еріксіз сырғып, түстік жаққа ауған шағы еді. Кенесарымен тілеулес Бәйсейітте, Дүйсенбай да осы тұста елге қайтқан еді. Кенесары ханның соңғы шайқасына дейін бұл Арқа жұртынан ханмен бірге Ағыбай батыр, Жанғұтты би, Шөмішбай батырлардың соңынан ерген ауылдар болатын.
Арқасын орыс оязына сүйеген Құсбекпен араздасып келген Шортанбайды нағашы жұртымен бірге әуелде Бәйсейіт пен Дүйсенбай қамқорлығына алған. Бәйсейіт, Құнанбай қатарлас та, Дүйсенбай Жанғұттыдан 3-4 жас үлкен екен. Кенесары хан дүниеден өткен соң бір жылдан кейін Арқаға ақынның бала кезден бірге өскен досы Жанғұтты да оралады. Бұл кезде дін оқуын тауыса тәмамдаған, бірақ бала кезінен өлеңге аңсары ерекше ауып, ірілі-ұсақты сан ақынмен қағысып қалып жүрген Шортанбай өнерге біржола бет бұрған еді. Бұл жөнінде Бәкірұлы Зекен қария қызықты жағдай айтады. Отызға жаңа іліккен Шортекең жолаушылап келе жатып, Аюлымен жалғасқан көлденең қырдағы оба басында ат шалдырып отырып қалғып кетсе, жарқырай киінген адам түстес екі кісі келіп, жыршылық етуіне аян беріп кеткен деседі екен бұрынғы өткен үлкендер.
Кенесары хан жеңіліп, халі ауырлай түскен осы шақта Шортанбайдың замана зары туралы толғаулары туғаны еш күмән келтірмейді.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Куғындап орыс жеткен соң,
Тіпті шал жоқ, қазағым
Түсті барып торына, —деген шумақтар көтерілістен кейінгі торығу кезеңінде туғаны дау тудырмаса керек.
Ақынның өзі де осы елдің бір қызына үйленген, баласы Аязбайды Жанғұттының Қасенінің қызына, Алдабергенін Есбайдың немересіне үйлендіріп, қызы Бәтішті Бөрлібай Ақпанбайға тұрмысқа ұзатқан. Ал жалғыз қарындасы Қалаулыны кезінде Кәрсөн — Қозыбақ Бейсен дегенге берген еді. Одан туған Кәрібек күйші белсенділердің қолынан қаза тапқан.
Қасен қызына үйленген Аязбай әкесінен бұрынырақ 70 жылдардың орта шенінде қаза болған. Онан зұлмат заманнан өтіп бізге жеткен тұқым жоқ.
Қызы Бәтіште ер бала тұрмаған. Одан қалған жалғыз қыз Ұлбаланы Балта Әлікейдің інісі Тұяқ алған. Онан туған Кенже 1943 жылы осы Ақсу-Аюлыда Әлкеев Изатбектің үйінде дүние салды. Ер бала тұрмаған Бәтіш Ақпанбайдың ағасы Ертісбайдың баласы Құлшықты нәрестесінен бауырына салып бала еткен. Құлшық ұрпағы бүгінгі күнде өзін Шортанбай жиені санайды. Шортанбайдың Алдабергені 1927 жылдары шамасында белсенділер зорлығына шыдай алмай түстік жаққа кетіп қалғанда, 1931 жылы нағашылары Есмағанбеттің үйіне келіп, бір ай жатып қош айтысқан. Қиын-қыстау кезеңде елден кетуге мәжбүр болған Алдабергеннен тараған ұрпағы бар-жоғынан еш хабар жоқ.
XIX ғасырдың екінші жартысы патшаның отаршылдық саясаты шығандаған кезі еді. Қазақ халқын жер бетінен көшіру амалы тек жерін тартып алып, шөлге қуып тастау емес, оны мәдениетінен, дінінен аластап, басыбайлы крепостнойы ету де еді. Міне, осы саясатты жылдамдату үшін қазақты алдап-арбау, күштеу, зорлау жолын қатар қолданып, шоқындыру саясатын да тезірек жүзеге асыруға көшті.
Елдің болашағын ойлаған адамдар бұл саясатқа қарсы тұрды, халықты ата-бабасының дінінде, ислам жолында сақтап қалу үшін күрес жүргізді. Тобықтыда Құнанбай Қарқаралыда мешіт салдырса, Бесатада Бәйсейіт, Көпбайлар осы іске мұрындық болды.
1855 — 1857 жылдар шамасында Жанғұтты би Аюлы тауының батыс жағындағы Қойкөл өзеніне таяу тұстан мешіт салдырды. Бұл кезде ақындығымен де, діни-философиялық көзқарасымен де елге әйгілі болған Шортанбай досы Жанғұттының өтініші бойынша осы мешітте жыл жарымдай уақыт имамдық етіп, бала оқытады. Табиғатынан сөз өнерін қуған, жыраулық дәстүрді мықтап ұстанған Шортанбай онан кейінгі уақытта имамдығын жалғастыра бермеді деп ешкім сөккен емес. Міне, осы тұста, бір жағы Куандықты, екінші жағы Тарақтыны аралап жүрген Шөже ақын сөз өнерін жарыстырып, сынасып көрмекке Шортанбайды іздестіріп келеді. Шөженің осы сапарында Тарақты Сапаққа, Қара биге, Бөдеге айтқандарын біз «Заман» газетінде 1992 жылы жарияладық.
Шөже мен Шортанбайдың ақындық өнер жарысы Жанғұтты бидің ауылында өтеді. Дала көкжалындай адуын Шөже мір оғындай сөзін қадай айтса да, Шортанбай жеке бастың мүддесі, бақталастығы емес, ел мұңын, туған халқы қамын көлденең тосып, Шөжені сөзбен буа береді. Асау болса да ақылды Шөже бұған ден қойып, екі ақын рухани табысып тарайды. Бұған Шөженің:
Шортеке, ел сыйлаған пірім едің,
Сенімен айтысуға тұрып едім.
Басқадай қу соқыр деп кемсітпедің,
Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді.
Осымен мен сөзімді тоқтатайын,
Алланың сөзін айтып, ғаділет жол,
Алды-артты бірдей орап жібермедің, –дегені дәлел. Шортанбай – Шөже, Орынбай сияқты айтысты негізгі мақсаты тұтқан ақын емес, ол жыраулық дәстүрді ұстана отырып, жазба әдебиеттің есігін ашқан алғашқының бірі, не нақ өзі. Бірақ реті келген жерде айтыстан қашпаған әрі өзі тұстас ақындармен тең түсіп, өзінің терең пәлсапалы ойымен шоқтығы асып көрініп отырған.
Шортанбайдың Бесата ішінде Елемес ақынмен жұмбақ айтысы аса қызғылықты. Сол сияқты өзінің замандасы әрі құрдасы Асан Бұғымен арасындағы айтысы да бір ғана қақтығыс емес, құрбылардың арасындағы қалжың ретінде талай жылдарға созылған жағдай. Шортанбайдан кейін талай өмір сүрген Асан Бұғы «Ей, қу сөз-ай, жеңем деген далбаспен Шортанбайға тілім тиіп кетті-ау!» деп сан өкінгенін Қази ақын да, Анарбек жыршы да ескертіп айтып отыратын. Асан Бұғының осы өңірде 40 жылдарға дейін болған немересі Әбуқарин де оның сол өкінішін ел құлағына қалдырған.
Кенесары хан қазаға ұшырағаннан кейін уақытша тыншыған Ұлы Даланы, кешегі асқақ Алтын орда елін көруге патша тұқымы кұмар-ақ еді. Соның бірі – князь Владимир 1867 жылы Омбыға жетіп, Қазақ даласына сапар шекті. Жоғарғы жақтың ерекше үкімімен оның алдында қазақ бар жақсысын жайып, жайсаң азаматтарын көрсетуге тиісті болды. Сол жақсы-жайсаңнын бірі болып Құнанбай тобымен Шортанбай да барған. Сол жолы қазақтың бар жақсы-жайсаңын суретке де түсірген. Одан құралған альбомдар 1917 жыл төңкерісіне дейін сақталғаны белгілі.
Шортанбайдың князь Владимирге барған сапарын бізге жеткізуші Қази ақын «Шортанбай патшазадаға Құнанбаймен бірге барыпты. Сый-сияпат көріпті» дей келіп, Шортекең Ертістің бойына сыңсып мұжық қоныстанып жатқанын көріп:
Ертістің бойы ен жайлау,
Көшіме түсті бір байлау.
Алғанын мұжық аз дейді,
Жер қосып тағы жаз дейді.
Келіп те қапты төресі,
Жоқ шығар бізге бересі, –деп налып та, түңіліп те оралған екен дейді. Осы сапарға Шортанбай Құнанбай ауылынан аттанған. Ақынның ойға толы жырын қатты сыйлаған Құнанбай оны өз ауылында жиі қонақ еткен. Міне, бұл жағдай бала Абайға қатты әсер еткені дау тудырмаса керек. 1864 жылы Есбай асына қатысқан Шортанбаймен еш ақын айтыспаған. Бұл оны елдің құрметтеу белгісі еді деседі үлкендер. Сол аста ат жарысы бас бәйгесін аты озса да Орта жүз өзі алмай, қонақтарға берген екен. Бұл жөнінде Шортанбайдың:
Жанғұтты бас бәйгені өзі берген,
Екіншіні жетелеп Кәдір келген.
Орта жүз «той біздікі, алмаймыз» деп,
Үлгі еткен өнегені былайғы елге, –
дегенін Ескей жыршыдан алған едік.
Шортанбай – 1868 жылғы Ереже бойынша жерінен біржола айырылған қазақ халқының ендігі болашағы қатерлі екенін де жақсы түсініп, ашына үн қатқан ақын:
Кетейін десе алды тар.
Тұрайын десе көпір бар.
Қазақтың ұлы қамалды, –
деп, жерінен айырыла бастаған елінің барар жер, басар тауы қалмағанына қамықса:
Билік кетті басыңнан,
Қорлық көрдің жасыңнан, –
деп те елі үшін егіледі.
Шортанбай — ел мұңын жырлап қана қоймай, ол өмірді түзеу үшін өз жолын ұсынып, күресе де білген қайраткер. Бір кезде отаршылдық саясатқа қарсы:
Жалаңаш мін де, жауға шап,
Қатын-бала қамы үшін, –деп тікелей көтеріліске шақырған ақын бірте-бірте енді елді сақтап қалу — қазақы коғамды сақтап қалумен тікелей байланысты екеніне көзі жетіп, хан билігі жойылса да, жұртты бірлікке, бірлік арқылы қазақ мәдениеті мен қазақы өмірді қорғау үшін ақсақалдықты қорғауға үндеген.
Бүкіл қазақ жұртының жерден ада қалуынан қауіптенген ақын елді отырықшы болып, жерге иелік етіп қалуға шақыра отырып, өз басы жеке үлгісін көрсеткен. 1873-1874 жылдары Нұра өзенінің Қойкөлмен қиылысынан бірер шақырым төменгі жерден су диірменін салдырып, тоған бөгеп, егіншілікке елді баулыған.
Міне, осы тұста алпысты алқымдап қалған Шортанбай Ойыл, Қостанай, Қызылжар, Кереку, Семей, Жетісу, Шу өңірін аралап, ел мұңын жырлап, насихатын айтудан бір танбаған. Оның 1881 жылғы Семей сапары да осының бірі еді. Барарында да, қайтарында да Қарқаралыға соғып, Құнанбай ауылында болады. Ауылға күншілік жол қалғанда түнде далаға түнеген екен, сонда дүниеден қайтары туралы аян беріліпті дейді қариялар. Аязбай тоғанындағы өз үйіне жете алмаған ақын әрі досы, әрі құрдасы Жанғұттының үйінде болашақты болжаған жырын айта отырып, дүниеден көшеді.
Шортанбай Жақсы Жәкеңе өзін нағашы Ыбырайымның мазары іргесіне жерлеуін тапсырып, ертең ертемен Жәкең қабірінің басына келсе, рухы бұл маңнан кетіп бара жатканының куәсі боларын да айтыпты.
Ақын қабірі басына әзірше мазар салмауын, оны бүлдіріп тастар заман да болатынын, кейінгі ұрпақтар тұсында ғана рухы көтерілетінін, сол ұрпақтар қабірін қамқорлыққа аларын ескертіп кеткен екен.
Шортанбай досының бар айтқанын көзі көрген Жақсы Жәкең келер жылы Меккеге қажылық сапарға шығып, сонда – Меккеде дүниеден қайтқан. Жанғұтты әрі досы, әрі құрдасы Шортанбай қазасын оның отбасы, бала-шағасына былай деп естірткенін Анарбек жыршыдан алған едік:
Алланың бір мекені Түртағы еді,
Шортанбай әулиенің ұрпағы еді.
Мұңдасқа бала жастан бірге
өскен –
Жақсыға жол үстінде ажал келді.
Елі мен жерінің мұңын жырлап, қолынан келгенінше қамқоры болған ақын рухы көтерілер заман да, оның ойлы, ырысты мұрасын дәріптер ұрпақ та дүниеге енді келгендей. Ұлы ақынның арманы орындала бергей.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы.
“Құрмет” орденінің иегері.
СУРЕТТЕ: Шортанбай жырау өзінің отбасымен бірге. Архивтен алынған.