Жаңалықтар

Smeta Hub: Жөндеу жұмыстарын жоспарлаудың жаңа форматы

Smeta Hub – жөндеу процесін толық цифрландыруға арналған отандық жоба. Қарағанды облысында жасалған бұл стартап тұрғындарға жөндеу жоспарын құруды, смета есептеуді және мердігерлердің жұмысын бақылауды жеңілдетеді. Платформаның негізгі артықшылығы – барлық қадамның жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылуы, бұл саладағы ашықтық пен сенімділікті күшейтеді деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Smeta Hub — жөндеу жұмыстарын жоспарлау мен оларды қадағалауға арналған платформа. Жоба идеясы оның негізін қалаушысы, «А-Бизнес Қазақстан» ЖШС директоры Тимур Дұрмағанбетовтың жеке тәжірибесінен туындаған. Ол пәтер жөндеу кезінде ақшаны алып, кейін жоғалып кеткен жосықсыз мердігерге тап болғаннан кейін мұндай сервистің қажеттілігіне көз жеткізген.

— Бүгінде жөндеу кезінде алаяқтыққа екінің бірі тап болады, — дейді Тимур Дұрмағанбетов. — Құрылыс саласында ашықтық жетіспейді, тұрғындар сметаның қалай жасалатынын білмейді, соның салдарынан түрлі түсінбестіктер туындайды. Сондықтан біз тапсырыс берушілер мен мердігерлерге бірдей пайдалы құралдарды бір платформаға біріктіруді жөн көрдік.

Smeta Hub бастапқыда ішкі pet-жоба ретінде құрылды. Команданың IT және автоматтандыру саласындағы білімі алдын ала жөндеу құнын есептеп, толық смета жасап, жұмыстарды кезең-кезеңімен жоспарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны әзірлеуге жол ашты. Қосымшаның өзегінде — шығындарды оңтайландырып, тараптардың мүддесін қорғауға көмектесетін жасанды интеллект жүйесі тұр.

— Біз адал әрі нақты жөндеу мәдениетін қалыптастырудамыз, — дейді Тимур. — ЖИ түсінбеушіліктерді болдырмайды, нақты жұмыс көлемін көрсетеді және даулы жағдайлардың туындауын азайтады. Болашақта қауіпсіз мәміле функциясын енгіземіз — ол тапсырыс берушіні алаяқтықтан, ал бригаданы еңбекақы төленбеуінен қорғайды.

Қазір Smeta Hub — клиент пен мердігерді байланыстыратын әмбебап алаң. Қосымша үш бағытты қамтиды: смета дайындау, тапсырмаларды басқару және тексерілген бригадаларды іздеу. Сервис толықтай тегін — Google Play мен App Store дүкендерінде қолжетімді.

— Қазір біз пәтер жөндеу қызметтері сегментінде жұмыс істейміз, — дейді жоба авторы. — Бірақ жобаның әлеуеті әкімшілік, өнеркәсіптік және мемлекеттік нысандар деңгейінде де жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта қосымшада жұмыс кестесін құру мен бақылауға арналған ыңғайлы құрал енгізіледі.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button