«SmartAstana» – мәселенің «ақылды» шешімі
Бас қаламыз – Астананы ақылды қалаға айналдыру туралы бұрыннан айтылып жүрген. 2017 жылы Қазақстанда «Smart city» тұжырымдамасы да әзірленді. Үйден шыққан астаналық азамат арнайы мобильді қосымшасы арқылы жұмысқа немесе басқа жерге баратын бағытын алдын ала жоспарлай алады. Көліктерге орнатылған GPS трекерлерінің арқасында автобустың қозғалысын және олардың бағытын бақылауға болады. Осындай технологиялар төтенше жағдайлар қызметінің арнайы көліктеріне де енгізілді. Бұл мұқтаж адамдарға ең жылдам және қауіпсіз жолды құруға мүмкіндік береді. Бұл бүгінде кеңінен қолданыста. Қазір бұл мүмкіндік Астанада ғана емес, барлық қалаларда қалыпты құбылысқа айналған.
«Ақылды қала» қандай қала?
Ақылды қала – бұл, қазіргі заманғы өмір сүру сапасын инновациялық технологияларды қолдану арқылы қаланың тыныс-тіршілік жүйелерін үнемді, ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету. Жоба – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының көрсеткіштерінің бірі. Жаңа технологиялар енгізілетін негізгі салалар қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, халыққа қызмет көрсетуді автоматтандыру, сондай-ақ, білім мен денсаулық сақтау болып белгіленген. Оның басты артықшылығы ыңғайлылығында, энергияны, уақытты, қаржыны үнемдеу мақсатында автоматтандыру процесін жеңілдетуінде.
«Smart Astana» Елорданың тұрақты даму тұжырымдамасы құрылды, оған сәйкес қаланың негізгі мәселелерін екі бағытта «ақылды» технологияларды енгізу арқылы шешу көзделді. Жобаны әзірлеушілер «ақылды қалалардың» әлемдегі ең табысты істерінің халықаралық тәжірибесін зерттеп, еліміздің шындығына бейімделуді ескере отырып, ең жақсы шешімдерді қабылдады. Одан кейін қаланың барлық салалық бөлімдерімен мақсатты жұмыстар атқарылды. Бүгінде бас қалада тұжырымдамада белгіленген барлық бағыттар – қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, халыққа қызмет көрсетуді автоматтандыру, сондай-ақ, білім мен денсаулық сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жобаға пилоттық негізде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалалары таңдап алынды.
Астана – ТОП-та
Астана қаласының ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, Елордамыз былтыр Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша Smart21 community of 2023 ең зияткерлік қалаларының ТОП-21 қатарына енді. Бағалау бірнеше категориялар негізінде өткен. Атап айтқанда, экономикалық өсу үшін қажетті цифрлық негізді қамтамасыз ету және желіге кең жолақты қосылу, цифрлық технологияларды қолжетімділікпен, оқытумен және цифрлық технологияларды енгізуді ынталандырумен біріктіру, білім мен цифрлық дағдылар арқылы құндылықты арттыра алатын мамандардың жергілікті сұранысын қанағаттандыру, инновациялық серіктестіктер мен ақылды қалаға инвестициялар арқылы өсу, азаматтардың энергиясы, өмір сүру сапасын жақсарту және үлкен экономикалық мүмкіндіктер беру, сонымен қатар, азаматтармен білім беру серіктестігін құратын цифрлық құралдармен өзара іс-қимылды кеңейту сияқты бағыттар бойынша бағаланған.
Сондай-ақ, Астана Smart centres Index ақылды қалалар рейтингінде Мәскеуді (68), Варшаваны (67), Римді (65) басып озып, 64-орынға ие болды.
Рейтингтің мақсаты – инвесторларға, үкіметтерге және реттеушілерге қалалардың жаңа технологияларға, инвестицияларға, өнімдерге арналған технологиялық орталықтар ретіндегі тартымдылығын олардың реттеу жүйесін, инновациялардың даму деңгейін, ғылым, технология, энергетикалық жүйелер, машиналық оқыту, қауіпсіздік және финтехтің дамуын өлшеу арқылы бақылауға көмектесу.
Рейтинг қаладағы инновациялар мен технологияларды реттеуші және басқа да мемлекеттік органдар көрсететін қолдау деңгейі, технологиялық және инновациялық қызметтер мен мүмкіндіктердің қарқындылығы, сонымен бірге, қалада жүргізілетін технологиялық және инновациялық жұмыстардың сапасына қарап анықталды.
Стандарт – халық үшін
Былтыр жыл соңында Ашық үкімет порталында «Ақылды» қалалар салу әдістемесін бекіту туралы (Қазақстан Республикасының «ақылды» қалаларының Эталондық стандарты) жоба қарастырылды. Оның негізінде қоғамның түрлі саласында цифрландыру тамыр жаймақ. Білім беру саласындағы смарт қала үшін басым цифрлық бағыттар «Ата-ана бақылауы», «Қауіпсіз мектеп», «Мектептердегі STEM зертханалары (кеңселері)» жобалары, көлік және жол инфрақұрылымы саласындағы негізгі бастамалар – «Қалалық қоғамдық көліктегі диспетчерлік жүйе», «Жол ақысын электронды төлеу жүйесі», «Қалалық қозғалысты басқару жүйесі», «Ақылды аялдамалар», «Электрокөлік құралдарын зарядтау станцияларының инфрақұрылымы» жобалары. Денсаулық сақтау саласында Қазақстанның смарт қалалары бағаланатын екі цифрлық бастама бар: «Жасанды интеллектпен PACS қолжетімділігі» және «Бір-бірімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелер». Сонымен қатар, қауіпсіздік саласында «Террористік тұрғыдан осал объектілердегі өрт қауіпсіздігін басқару жүйесі», «Бейнебақылау жүйесін құру шеңберінде бейнекамералар орнату», «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметі және халықты төтенше жағдайлар туралы хабардар ету», «Төтенше жағдайларды бақылау және болжау жүйелері» бағыттары қарастырылған.
Елдің смарт қалаларында туризм, мәдениет және спорт «Қоғамдық Wi-Fi (қоғамдық және туристік орындарда)» және «Цифрлық мұражайлар мен кітапханалар» цифрлық бастамалары арқылы дамитын болады. Бірінші жоба тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған туристік орындардың үлесімен, екіншісі ақпараттық орталық ретінде әрекет ететін интернет пен электронды БАҚ-қа қолжетімділікті қамтамасыз ететін мұражайлар мен кітапханалардың санымен және цифрланған сирек кездесетін орындардың үлесімен бағаланады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына арналған негізгі бастамалар – «Смарт есептегіштермен жабдықтау және су, электр және жылумен жабдықтау жүйелеріндегі есепке алу мониторингі», «Бірыңғай есеп айырысу орталығы», «Жарықтандыруды басқару жүйесі», «Қайта тіркеуден өткен автоматика».
Жалпы, тоғыз бағыт бойынша цифрлық бастамаларды жүзеге асыру арқылы қазақстандық қалалар «ақылды» болады. Әңгіме білім беру, көлік және жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, сондай-ақ туризм, мәдениет және спорт, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қала менеджменті және IT әлеуеті бөлек сала ретінде аталды. Бұл бағыттарда жүзеге асырылатын цифрлық жобалар азаматтардың өмір сүру жайлылығын жақсартуға көмектеседі деп күтіледі.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz