Ғұсман Қырғызбаев: «Бұл менің соңғы Олимпиадам»
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Спортшы жеңісінен кейін бұл өзінің соңғы Олимпиадасы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
66 келі салмақта белдескен Ғұсман кіші финалда сербиялық Страхинья Бунчичті «ваззари» ұпайымен жеңді.
Осылайша, ол өз мансабындағы ең ірі жеңістерінің біріне қол жеткізіп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
– Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан, бар күшімді осында тастадым.
60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті.
Бүгінгі белдесулерге келер болсам, жартылай финалдағы бразилиялық жігіт басқалардан мықты дей алмаймын. Білмедім, жартылай финалда босаңсып кеттім бе… Екі ескерту бергені де ойда тұрды, кеңінен көсіле алмадым.
Ан Баулға келер болсам, соңғы екі әлем чемпионатында соған жол бердім. Валид Хиярдан да ұтылдым. Испандықты да бұрын жеңген емеспін. Бүгін бәрінен есем қайтты десем, артық емес.
Қола медальға таласқан сербиялық спортшы өте мығым екен. Бойы ұзын. Оңай болмады.
Міне, көптен күткен Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл жеңісті қазақ еліне, ата-анам, әйелім мен балаларыма арнаймын, – деді Ғұсман.
Бұл Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы жеңіп алған үшінші медаль.
Кеше Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанса, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев нысана көздеуден қола жүлде жеңіп алды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.