Бас тақырыпМедицина

Скрининг ауқымы ұлғаяды

Былтыр күзден бастап 18 жасқа толған әрбір ауыл азаматы профилактикалық тексерулерден өту мүмкіндігіне ие болды. Бұрын мұндай тексерулер 30 жастан басталатын-ды. Скрининг жасы төмендеп қана қоймай, тексеріс аясы кеңейді. Оған асқазан-ішек жолдары мен қуықасты безінің ауруларын анықтауға бағытталған скринингтер қосылды. Бұл мақсатта медициналық сақтандыру қоры биыл 478 млн. теңге жұмсамақшы.

Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 135,5 млн. теңгеден астам және МӘМС пакетінен 342,7 млн. теңге бар. Қор былтыр да осындай қолдау көрсеткен. Мәселен, Бұқар жырау ауданында өткен жылы 6,5 мыңға жуық адам скринингтен өтті. 18-ден 29 жасқа дейінгі үш мыңға жуық адам тексерістен өтсе, оның 37-сінде дерт анықталды. Көбінесе бұл – асқазан-ішек жолдарының аурулары. 30 жастан 44 жасқа дейінгі санатта 845 адам профилактикалық тексеруден өтті. Олардың 45-де асқазан-ішек жолдары мен бүйрек аурулары анықталды. Сонымен бірге, 45-65 және 66-70 жастағы топтарда асқазан-ішек және қуықасты безі аурулары бар 60-қа жуық науқас анықталды. Олардың барлығы қосымша тексерістен өтіп, қажетінше ем-дом алу үшін бейінді мамандарға жіберілді. Бұл – скрининг бағдарламасының екінші кезеңі.

– Ауыл тұрғындары скринингінің маңызды айырмашылығы – 18 жастан басталуы. Скринингтің бір бөлігі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің пакетінен қаржыландырылады. Яғни біз, сақтандырылмаған халықты да қамти аламыз. Скринингтің бұл түрі бөлек қаржыландырылады. Мұның бәрі бізге ауруларды ерте анықтауға, уақытылы емдеуге, сол арқылы халықты сауықтыруға мүмкіндік береді, – дейді Бұқар жырау ауданының орталық аудандық ауруханасының директоры Арман Байсұлтан. Директордың айтуынша, биыл ауданда 9 мыңға жуық адамды ауылдық скринингпен қамту жоспарлануда. Олар қан мен зәр анализі, биохимиялық талдау, ПСА тәсілімен қан анализі (қуықасты безі қатерлі ісігін анықтау әдісі), фиброгастродуоденоскопия, маммография, флюорография сияқты тексерулерден өтеді.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button