Әскерилердің балалары демалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталып, тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен балалардың сауықтыру орталықтарына әскери қызметшілердің балаларын тіркеу басталды. Кешегі күні алғашқылардың бірі болып, Балқаш қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына әскери қызметшілердің балалары орналасты.
Алдымен, ата-аналары балалары орналасқан кешенді аралап, демалушылар үшін жасалатын ем-шаралармен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Мұндағы мамандардың айтуынша, орталық жыл бойына үзіліссіз қызмет етеді және бір маусымда 155 оқушыны қабылдайды. Балалар күніне 5 рет тамақтанады. Ас мәзірін диетолог дәрігер мен диетмедбикелер және технолог мамандар түзеді. Сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары: массаж, су процедуралары, емделу ванналары, коктейль, дәруменді сусындармен қамтамасыз етілген. Минералды радон ваннасы, айналмалы және атпа суы бар душ, асқазан-ішек жолдарын тазалайтын, ауыз қуысын ширататын, түрлі ауруларға қарсы қолданылатын сумен емдеу шараларымен қамтылған. Сондай-ақ, емдік массаж, парафинді-озокерит терапиялық, физиотерапиялық, фито және радон инголяциялық ем-шаралары жүргізіледі. Ауысымның ұзақтығы жаз мезгілдерінде 15 күнді, ал қыс мезгілдерінде 20 күнді құрайды. Оқушылар демалысын тек жазда ғана емес, жыл бойы үздіксіз өткізуіне болады. Сабақ кезіндегі демалыста оқушы білім алуын жалғастыра береді. Тәрбиешілермен қатар, әр пәнді терең оқытатын мұғалімдер құрамы, оқулықтар, оқу әдістемелер, лабораториялық жұмыстарға қажет құрал-жабдықтар толығымен жасақталған. Демалыс уақытында әр оқушының өзіндік қарым-қабілетін шыңдауға арналған түрлі сайыстар мен байқауларға, фестивальдар мен олимпиадаларға қатысуына мүмкіндік бар. Әсіресе, орталықта медициналық бағыттағы іс-шараларға басымдық берілген.
Балқаш гарнизонының 53/898 әскери бөлімінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі аға офицері, майор Нұрасыл Хасеновтің мәлімдеуінше, биыл әскери отбасылардың 72 баласы тынығатын көрінеді.
– Бүгін әскерилердің 18 баласы сауықтыру орталығына келді. Мұнда 16 наурызға дейін тынығады. 4 ауысымға 18 баладан бөліп демалту қарастырылған. Атап айтқанда, ақпан, мамыр, қыркүйекте, желтоқсан айларында балалар демалатын болады. Сауықтыру кешенінде балалар денсаулығын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге мектеп бағдарламасына сәйкес оқуын да жалғастырады екен. Оқудан және емделуден бос уақытта балаларға толық жағдай жасалғандығы көңілімнен шықты, – дейді Нұрасыл Хасенов.
Сонымен қатар, 53/898 әскери бөлімінің байланысшысы, кіші сержант Ахлима Әбдімәлікқызы ризашылығын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына және қолдау білдірген Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне алғысымды білдіремін. Баламызға лагерьге жолдама берілді. Бүгін баламыз Мүсілім Қажымұқанұлы осында демалуға келді. 23 жылдан бері әскери салада еңбек етіп келемін. Бұл әлеуметтік көмектер көпбалалы әріптестеріме демеу болары сөзсіз. Айрықша назар қауіпсіздік мәселелеріне, тамақтануларына және бос уақыттарын қызықты өткізуге аударылып отыр екен, – дейді оқушының анасы Ахлима Әбдімәлікқызы.
Алғаш рет оқу-сауықтыру орталығына жолдама алған Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Сұлтан Кеңесхан дән риза. Ол, лагерьге келгелі жаңа достармен танысып жатқандығын айтты.
Мамандардың мәлімдеуінше, жолдамаларды үлестіру кезінде аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі екен. Биылғы жылдан бастап әскери қызметшілердің балалары келіп жатқандығын тілге тиек етті.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz