Әскери қызметтен жалтару немесе бас тарту: Қандай жаза қарастырылған?
Қарулы күштерге көктемгі шақыру 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Сонымен қатар, әскери қызметтен бас тарту немесе жалтару жағдайлары көбейіп барады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Sarbaz.kz сайтына сілтеме жасап.
Әскери қызметке шақыру келгеннен кейін еш себепсіз белгіленген уақытта келмеу жалтару болып саналады. Бұл қылмыс азаматтарды әскери қызметке шақырудың белгіленген тәртібін бұзуынан, нәтижесінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне зиян келтіруінен тұрады.
Әскери есепке қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, «Әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады:
Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарған үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады.
Дәл сол әрекет:
– өзіне зиян келтіру арқылы;
– ауруды имитациялау арқылы;
– құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау тәсілі қолданылғаны үшін, – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.
Ескерту: егер тергеу органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақырылушы әскерге шақыру учаскесіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Еске салайық, наурыз айының басында қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары Азамат Досымов азаматтар әскерге шақыртудан жалтарса, жергілікті әскери басқару органдары оларға қажеттілік туралы хабарламаса, ақпарат аумақтағы тиісті ішкі істер органдарына жіберілетінін хабарлаған еді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.