Жаңалықтар

Әскери қызметші өртеніп жатқан пәтерден 63 жастағы әйелді құтқарды

Қарағанды қаласындағы демалыс күндерінің бірінде кешкі сағат 20:41 шамасында, орын алған төтенше жағдай қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Алайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі – лейтенант Дастан Сайлаубековтың жедел және батыл әрекетінің арқасында оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туды.

Суреттер ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» Өңірлік қолбасшылығынан

Дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан офицер көпқабатты үйдің бір пәтерінен қою түтін шығып жатқанын байқайды. Уақыт жоғалтпай, ол дереу кезекші қызметке хабарлап, оқиға орнына жүгіріп жетеді.

Пәтердің есігі ашық тұрған, ішінде шамамен 63 жастағы егде әйел болған. Пәтерге кірген лейтенант ас үйде газ плитасы мен асүй сорғыштың жанып жатқанын көреді. Әскери қызметші бір сәтке де кідірместен, жанып жатқан ошаққа қарсы тиісті шараларды қолданып, өрттің ошағын сөндіріп үлгереді.

Өртті сөндіргеннен кейін лейтенант үй иесін кіреберіске шығарып, жедел қызметтер келгенге дейін оған моральдық қолдау көрсетіп отырды. Оқиға орнына келген өрт сөндіру, полиция және медициналық қызмет өкілдеріне болған жайт туралы толық ақпарат берді.

Лейтенант Дастан Сайлаубековтің жеделдігі, ержүректігі мен жанқиярлығының арқасында өрттің таралуына жол берілмей, бір адамның өмірі аман қалды.

ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button