Әскери өмірге баспалдақ
Тұңғыш Президент күні және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасы жанындағы «Жас сұңқар» әскери-спорттық клубының ұйымдастыруымен Қарағандыдағы орта мектеп оқушылары арасында әскери-спорттық жарыс өтті.
Жарыста 22 мектептен келген жоғарғы сынып оқушылары мықтылық сынасты. Аталмыш жарыстың ашылу салтанатына ҚарМУ дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы, профессор Н.Рамашов, бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.Садықов қатысты.
Жарыс бағдарламасы бойынша сайыскерлер автоматты жартылай бұзып жинау, дартс лақтыру, нысананы көздеп оқ ату, кермеде тартылу және орнынан ұзындыққа секіру кезеңдерінде күш байқасты. Жарыс қорытындысында №101 мектеп-лицейі құрамасы – І орын, №35 орта мектеп құрамасы – ІІ орын, №36 орта мектеп пен №45 гимназия құрамалары – ІІІ орынға ие болды.
Биыл «Жас сұңқар» әскери-спорттық клубының құрылғанына 5 жыл толды. Қазіргі таңда «Жас сұңқар» клубы, тек, университет студенттері арасында ғана емес, сонымен қатар, орта мектептердегі оқушылар арасында да әскери-спорттық жарыстар ұйымдастырып тұрады. Бұл әскери-спорттық жарыстардың мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке тәрбиелеу.
Өз тілшімізден.
Қарағанды қаласы.