Әскери өмір баспалдағы
Биыл 120 курсант «Спасск» оқу-жаттығу орталығындағы арнайы курсты тәмамдады.
Түлектер арасында 10 курсант оқуды үздік бағаға бітірді. Олардың арасында егіздер Рахымбай мен Зырқымбай Қалиасқаровтар да үздік куәлікке ие болды. Жастайынан әскери қызметті армандаған екі жігіт оқуда озат көріне білді.
Жалпы, оқу бағдарламасы 3 айға есептелген. Алғашқы айда курсанттар әскери қызметтің негізін үйреніп, ант қабылдайды. Кейінгі екі айда практикалық шеберлігін шыңдап, теориялық дәрістерде білімін жетілдіреді. Бір айтары, оқу орталығын бітірген соң бір жылға ҚР Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне маман ретінде келісім-шартпен жіберіледі.
Биылғы жылғы алғашқы түлектерді шығарып салу салтанатына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Қайдар Қарақұлов қатысты. Түлектерге құттықтау сөзін жеткізіп, куәліктер табыс етті. Сондай-ақ, шараға арнайы шақырылған Ауғанстан соғысы ардагерлері де жылы лебіздерін білдірді. Салтанат соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.