Әскери машықтары сыналды
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасында мектеп оқушылары арасындағы әскери дайындық бойынша XI қалалық пән олимпиадасы өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алған дәстүрлі сайыста Қарағандының 15 мектебінің оқушылары бақ сынады. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, оқушылар бастапқы әскери дайындық әдістемесі бойынша тест тапсырмаларын орындап, теориялық сұрақтарға жауап берді. Әскери эстафета арқылы олардың дене дайындығының деңгейі бағаланды. Қатысушылар сайысты АК-74 автоматын бөлшектеу мен жинақтаудан бастады. Жер бауырлап жылжу, түрлі кедергілерден жүгіріп өту, нысанаға оқ атудан кейін топпен бірігіп жарақаттанушыны жылдам тасымалдап, мәреге жедел жетіп отырды.
- Жоғары сынып оқушылары арасында өткен олимпиада жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеп, салауатты өмір салтына баулиды, – дейді бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасының меңгерушісі Қанат Садықов.
Сайыста I орынды А.Байтұрсынов атындағы №41 мектеп-гимназиясының оқушылары, ІІ орынды №23 орта мектебінің оқушылары, ІІІ орынды №91 мектептің оқушылары иеленді.
Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері марапатталды.
Ақнұр МЫРЗАТАЕВА,
ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының ІІ курс студенті.