Жаңалықтар

Әскери мамандар есірткіге қарсы тексеріс өткізді

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу. Осы мақсатта әскери полиция қызметкерлері аймақтағы әскери бөлімдер мен мекемелерде жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Сурет ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметінен

Биылғы оқу жылының қорытынды тексерісі барысында әскери полиция өкілдері жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамымен бірге есірткі қылмыстарының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында арнайы сабақтар ұйымдастырды.

– «Заң және тәртіп» атты ведомствоаралық бағдарлама аясында біз кешенді алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Бұл – аса маңызды бағыт. Себебі тәртіп пен заңдылық – кез келген әскери құрылымның тұрақтылығының негізі, – деді Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының профилактика бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Бейбітхан Асылханов.

Іс-шара кезінде кинолог қызметтік итпен бірге жеке құрамды тексеріп, тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтады және жұмыс орындарын қарап шықты. Сонымен қатар, Қарағанды облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев әскери қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі айналымына қарсы заңнама нормаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Әскери госпиталь мамандары да қызметшілерге есірткіге қарсы тестілеу өткізді. Ал әскери автокөлік полициясы бөлімінің офицері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және жеке жауапкершіліктің маңыздылығы туралы ескертті.

– Жол ережесін сақтау – жай ғана талап емес, бұл жүргізушінің де, айналасындағылардың да өміріне кепілдік. Жол-көлік оқиғалары көбіне адами фактордан туындайды: салғырттық, асығыстық немесе өз мүмкіндігін асыра бағалау. Әскери қызметші көлік тізгіндегенде тек өз емес, бүкіл бөлімнің абыройын қорғайды, – деді лейтенант Сұңғат Әшірәлиев.

 

Әскери полицияның профилактикалық жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Оның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайту, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button