«Әскери баспана» тиімді несие тетіктері
2018 жылы әскер қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 70 мың арнайы шот ашылып, 2 250 қызметші жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша пәтер сатып алды. Бұл шоттардағы ақшаға қол сұғылмайды және әскери қызметкерлердің борыштарына байланысты қандай да бір несие төленбеген жағдайда мүлік бұғатталмайды.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Әскери баспана» бағдарламасы 2018 жылдың шілде айында іске қосылды. Әскери қызметшілерге жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%- дан 8%-ға дейін, бастапқы жарна 5%-дан 20%-ға дейін жеңілдік шарты бар пәтер сатып алу мүмкіндігі берілді. Қарызды көп балл жинаған үміткерлер алды. Ұпайлар қызметтің әрбір толық айы үшін есептеледі. Кім ұзағырақ қызмет етсе, соның мүмкіндігі жоғары болады.
Сондай-ақ, «Әскери баспана» бағдарламасының шарттары бойынша пәтер құнының 5% -ын ғана жинаған әскери қызметшілер жылдық 7% мөлшерінде несие ала алады. Шарт бойынша пәтерді тек бастапқы нарықта сатып алуға болады. Пәтер құнының 20%-ын жинағандар құрылыс салушы- дан жылдық 6%-бен жаңа тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдей алады. Екінші нарықта тұрғын үй сатып алғысы келетін әскери қызметшілер жылжымайтын мүлік құнының 20%-ын енгізуі тиіс, ал, несие бойынша жылдық мөлшерлеме 8%-ды құрайды.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, бұған дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арнайы әзірленген askeri.baspana. kz сайты арқылы 13 мың өтініш түсті. Оның ішінде 5,5 мың әскери қызметші несие бойынша оң шешім алды. Қазіргі уақытта олар құжаттары бойынша пәтер іздестіруде.
– «2250 адам ТҚЖБ-дан қолжетімді несие алып, өз пәтерлеріне қоныстанды. 250 әскери қызметшінің құжаттары банкте қарауда жатыр. 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін несие бойынша оң шешім алған 5,5 мың әскери қызметкердің барлық құжаттарын қарап, екінші бағдарламаны бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Л. Ибрагимова.
Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан барлық нысандар туралы қазақстандықтар baspana.kz сайты арқылы біле алады. Порталда қолжетімді шаршы метрге үміткер пәтерді сатып алғысы келетін қаланы таңдап, қандай нысандар салынатынын, өтініштерді қабылдау ретін біліп, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтінім бере алады.
Аяулым СОВЕТ.