Жаңалықтар

Әскери ант – ерлікке бастар қадам

Қазақстан республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығында маңызды әрі салтанатты шара – офицерлік жиналыс өтті. Жиын барысында 2025 жылы әскери оқу орындарын тәмамдаған офицер-түлектер мен биыл лейтенант әскери атағы берілген жас офицерлер ресми түрде ұжым құрамына қабылданды.

Іс-шара барысында – жас офицерлер салтанатты түрде офицерлік ант берді. Олар Қазақстан Республикасына, халқына және Президентіне адал қызмет етуге, әскери жарғыларды қатаң сақтауға және Отанының мүддесін бәрінен биік қоюға серт берді. Бұл олардың Отан алдындағы жауапкершілігі мен адалдықтың айқын көрінісі.

Жиналысқа «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылығы  және офицерлер құрамы қатысты. Сөз сөйлеген басшылық өкілдері жас офицерлерге болашақ әскери жолда табыс пен сәттілік тілеп, олардың өздеріне артылған сенімді ақтауы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиын барысында әскери тәртіп, офицерлік этика және қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында Ұлттық ұлан офицерлерінің рөлі туралы маңызды ойлар айтылды. Аға офицерлер жас буынға тәлім-тәрбие берудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Салтанатты рәсім соңында офицерлерге аты аңызға айналған қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Командирдің күнделігі» атты құнды кітабы табыс етіліп, естелік сыйлықтар тарту етілді. Бұл – жас офицерлерге ерлік пен отансүйгіштіктің, офицерлік абырой мен намыстың үлгісін көрсету мақсатында ұйымдастырылған ерекше құрметтің белгісі болды.

Шара соңында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сакентай Амантайұлы Шекарбеков жас офицерлерді шын жүректен құттықтап, олардың болашақ қызметіне сәттілік, мықты денсаулық пен қажымас қайрат тіледі. Ол офицер болу – зор абырой мен үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, әрбірі ел қорғаны болуға лайық болуы тиіс екенін айтты.

Іс-шара ұжымдық естелік суретке түсу рәсімімен қорытындыланды. Бұл тарихи сәт жас офицерлердің жүрегінде мәңгі сақталар рухани әсерлі күн ретінде қалары сөзсіз.

ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» ӨңҚ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button