Әскер – ел қорғаны
Тату елдің тыныштығы – қымбат. Бетін аулақ қылсын. Жау жағадан алмаса да, жұртымыздың қауіпсіздігі алғашқы орында. Сондықтан да, бүгінгі әскердің қуаттылығы тұғырымыздың тұрақтылығы. Елбасы елдің тыныштығын күзетер сарбаздардың білімі мен білігін мықтауды мақсат тұтты. Олқылыққа орын бермеуді тапсырды. Тәуба дейік! Тәуелсіздіктің Туы желбіреген 25 жылдан бері тұтас елдің тіршілігі талайды тамсантты. Осыдан 24 жыл бұрынғы әскердің жағдайын, бүгінгі кезеңмен салыстыруға келмейді. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан әскери қауіпсіздікті нығайтуға тер төгіп, бірнеше белестен өтіп, қаншама қамалды алды. Елдің есінде шығар.
Кеңес үкіметінен керегемізді бөлгенде үміттен күдік басым болған. Еншісін енді алған елдің әскерін аяққа тұрғызу алаңдаушылық тудырғаны рас. Алаң көңіліміз аз ғана уақыт ішінде басылды, Бас Қолбасшымыз әскеріміздің айбынын асырды. Қазір толыса бастаған ҚР Қорғаныс Күштері саласынан көршілеріміз келіп кеңес сұрайтын халге жеттік. Жалған емес, бұл-шындық. Республиканың белгілі өңірлерінде жауынгерлік жасақтарымыздың жарқын істері көрініс тауып жатыр. Оның ішінде, Қарағанды облысының қанатқақты істері жетерлік. 5 жыл көлемінде 100029 Қарағанды облысы, Спасск кенті 36352 әскери бөліміне болашақ сарбаздарды қабылдау жұмыстары тоқталып тұрған еді. Биылдан бастап тамырына қан жүгірді. Кешегі күні отарбамен келген Оңтүстік Қазақстан облысының қырық сарбазын қалада сырнайлатып қарсы алды. Жалын атқан жастарды 36352 әскери бөлімінің казармасына, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ермиян Бятов өзі бастап алып барды. Мұнда да ыстық ықыластың лебі есті. Болашақ жас сарбаздардың қадамына құт тілеп, шашу шашылып, құрмет көрсетілді. Әскери өмірге қадам басқандарға, айтулы бөлімінің жас сарбаздар жиынының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Достық Мұратұлы әскери міндет пен әскери қызметтің алғышарттарымен таныстырды. Салтанатты қарсы алу рәсімінде ризашылығын жеткізген арыстық Асқар Әубәкір «Отан қорғаушы» деген абыройлы атаққа сызат түсірмей, қызмет көрсетуге әзір екендігін айтты. Байқағанымыздай, бұл жерде сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Жатын орындарынан бастап, оқу-жаттығу, дене шынықтыру залдарына дейін керекті жабдықтармен қамтылған. Жуыну, киім кептіру бөлмелері, 120 орындық асханасы заман талабына сай. Әскери бөлімінің әлеуеті артып тұр. Көз көрді, көңіл сенді. Ендігі мақсат – әскери қуатымызды нығайтуға күш жұмсау.
Полковник Ермиян Бятовтың айтуынша, алдағы күнде қалған әскери борышын өтеушілер келеді. Бұл жерде 120 азаматқа ендігі уақытта қазақстандық патриотизмде тәрбиелеу бағытында жұмыстар жүргізіледі. Басты тәрбие жұмыстарынан бөлек, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Әскери өмірге бейімделген жастар қараша айының аяғында әскери ант қабылдайды.
Нұрдос Кәрім
Суретті түсірген Д.ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.