Білім

Сіз естімеген 10 диалект

Қазақ тілі өзінің байлығы мен алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Әрбір аймақтың өзіндік сөйлеу мәнері, ерекше сөз қолданысы – қазақ тілінің шексіз қазынасының бір көрінісі.

Сурет qazaly.kz

Диалект сөздер тек аймақтарда қолданысқа ие, сол жердің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін тілдік ерекшеліктер. Төменде сіз білмеген 10 диалект сөзді қарастырып, олардың мән-мағынасын түсіндіріп кеттім.
«Шыққыш» – бұл сөз батыс өңірлерде қолданылады және «шыдамсыз», «өткір мінезді» дегенді білдіреді. Мысалы, бір адам әр нәрсеге тез жауап қайтаруға бейім болса, оны «шыққыш» деп атайды.
«Іләкар» – бұл Шымкент және Түркістан аймақтарда қолданылады. «Қажетке әрең жарап тұрған, жоқтан бар қылып жасалған» немесе «сондай күйде тұрған» деген мағынаны береді.
«Пісте» сөзі оңтүстікте күнбағыстың дәні, шемішкеге қолданылады. Мысалы «Нәзипа апа дүкенінен алған пісте өте дәмді болды».
«Жише» – жеңгеге (жасы үлкен туыстың әйелі) жұмсартып айтылатын қаратпа сөз. Мысалы: «Бүгін Жуалыда тұратын жишем қонаққа шақырды». Көбінесе Шымкент пен Таразда қолданылады.
«Бертәшкі» – вертячка (ресми:айналма/ценуроз) ауруының қазақша бейімделіп кеткен нұсқасы. Мысалы: «Ленгірдің рокерлері «бертәшкі» қой секілді бір орында айналып жүр».
«Какандоз»/Әкендоз/Әкандоз – пештің күлін шығаратын қалақ. Мысалы: «Апам «Құстар қайтып барады» әнің бақыртып қосып қойды да, әкендозбен пештің күлін алып, от жағуға кірісті. Оңтүстік Қазақстанда, Өзбекстан, Ташкентте көп қолданылады.
«Рабайда»/рәбайда – бір кейде, анда-санда, оқта-текте. Мысалы: «Рабайда болмаса, біздің ранчода демократияның иісі де шықпайды», – деді Чарли жишесіне.
«Шылапшын» – кір қол жууға пайдалынатын түбі таяз, металдан жасалған көлемді ыдыс, леген, табақ. Мысалы: «Джонни Чарлидің желкесінен шап берді де, ранчоның алдыңда тұрған шылапшынға басын бір-ақ тықты». Батыста қолданылады.
Ауан – есі ауысқан, жынды. Мысалы: «Менің Жуалыда тұратын бір ауан досым бар». Батыс аймақтарда қолданылады.
«Мәтөк» – сылап-сипанып жүретін, сәнқой адам. Мысалы: «Әй Чарли, ранчоға бір барып келіп едім, мәтөк боп кетіпсің ғой, ә»деді де, Джонни аузыңда бағанадан беріп жиналып қалған пістенің қабықтарын жерге түкіріп жіберді». Атыраудың танымал сөзі деуге болады.
Диалект сөздер – тек бір аймақтың тілі ғана емес, бүкіл қазақ тілінің қазынасы. Оларды зерттеп, қолданысқа енгізу арқылы әдеби тілдің де дамуына ықпал етуге болады. Сонымен қатар, мұндай сөздер қазақ тілінің түрлі аймақтық ерекшеліктерін көрсетіп, ұлттық бірегейлікті сақтауға мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің әрбір диалект сөзі – халықтың өткенінен сыр шертіп, қазіргі тұрмысын бейнелейтін қазына. Олар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып қана қоймай, ұлттық мәдениетті сақтауға үлес қосады. Диалект сөздерді қолдану арқылы біз қазақ тілінің байлығын кеңейтіп, оның әсемдігін паш ете аламыз.

Гүлім СОВЕТ,
Босаға жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы

Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button