Жаңалықтар

Синтетикалық есірткіден сақтан

Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінде Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығы өк­і­л­дерінің бастамашылды­ғымен студент жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алудың өзекті мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Суретті түсірген автор

Жылы жүздесу жас өркен қауымының есірткі сынды жағымсыз дүниеге бет бұрмай, тосын қауіптен хабардар болу деңгейін арттыруға, жастардың денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға үндеді. Спикер ретінде облысық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрым Сәдуақасов сөз сөйледі. Ол есірткі заттарының жаңа түрлері, оның адам ағзасына кері әсері және жастар ортасында есірткінің таралуын болдырмау әдістері туралы толық мағлұмат берді.

«Бүгінгі күнде синтетикалық есірткілердің жаңа түрлері жылдам таралып жатыр, олардың қауіптілігі бұрынғыдан да жоғары. Саламатты өмір салтын насихаттау әрдайым маңызды», – деді Нұрым Сәдуақасов. Ол есірткі қолданудың құқықтық салдарын, тыйым салынған заттардың денсаулыққа келтіретін зиянын және жастардың тәуелділікке түсуін алдын алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушыларға есірткіге қарсы күрестің заманауи тәсілдері, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетін ақпараттық науқандар мен құқық қорғау органдарының жұмысы туралы айтылды.

Ілкімді іс-шара аясында есірткі заттарының жаңа түрлері, оның ағзаға әсері, сондай-ақ, жастар ортасында есірткінің таралуының алдын алу мен оған қарсы күрес­тің заманауи әдістері кеңінен талқыланады. Кездесу барысында интерактивті элементтер де қолданылды. Жастар жағы спикерге сұрақтар қойып, өз көзқарасымен де бөлісті. Мәселен, бір студент «Жастар арасында есірткінің таралуына әлеуметтік факторлар қалай әсер етеді?» деген сауал қойғаны сол еді, оған Нұрым Сәдуақасов толық жауап берді. Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай кездесулер жастардың хабардарлығын арттыруға және қоғамдық сана-сезімді қалыптастыруға сөзсіз септігін тигізеді.

Облыстық психологиялық сауықтыру орталығының маманы, дәрігер Елена Шыхатова «Бұл кездесу жастардың есірткі қаупінен сақтануына оң ықпал етеді. Жасөспірімдермен күнделікті негізде жүздесеміз. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды жалғастырамыз. Бастысы, әр адамның хабардар болмағы. Әлбетте, тыңдарманымыздың жас ерекшелігін ескеріледі», – деп атап өтті. Кездесуден кейін қатысушыларға есірткінің зияны туралы буклеттер таратылды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button