Аймақ

СИНТЕТИКА: жарнамасы – жоқ, зардабы – жойқын

Facebook әлеуметтік желісінде Ақтауда есірткі тасымалдады деп күдікке ілінгендерді бетперде киіп алып, аяусыз соққыға жыққандардың видеосы тарап кетті. Әлбетте, халықтың пікірі де екі бөлінді. Бірі – соққыға жығылған өрімдей жігіттерге аяушылық білдірсе, бірі – синтетикалық есірткі таратушыларға тергеусіз сот жүргізгендердің әрекетін қолдап, дәл осы жазаның түрін құп көрді. Кешікпей, күдіктілер қолға түсіп, іс қозғалғаны да жазылды түрлі дереккөздерде. Дегенмен, видеодағылардың кім екенін дәп түсіп, болжап айту қиын, әрине. Оны тергеу орындары анықтай жатар. Есірткінің, оның ішінде дизайнерлік, немесе, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымында небір құйтырқылардың болатынын ескерсек, тергеусіз сот жүргізгендердің әрекетінің өзі күдік тудырады. Бұл – біздің тараптан айтылған болжам ғана. Қалай десек те, синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да айтылып, есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

 

Осыдан біраз жыл бұрын синтетикалық есірткілердің үлкен бөлігі Қазақстанға дайын өнім күйінде жеткізілгенін көрсетеді деректер. Ал, қазір, есірткі сатушылар оны өздері дайындауды үйренген. Мысалы, 2022 жылы осындай синтетика дайындайтын 23 үй зертханасы жойылған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есеге өскенін көруге болады. Яғни, былтыр 13 зертхана анықталған екен. Мұндай зертханалар облысымызда да жоқ емес. Мәселен, биыл облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында Қарағанды қаласындағы гараждардың бірінде синтетикалық есірткі жасамақ болған 21 жастағы тұрғынды ұстаған.

Жалпы, дизайнерлік есірткі қылмысымен күрестің қиындығы – оның құрамының жиі түрленіп отыруында. Дизайнерлер жаңа заң шығып үлгермей, есірткінің жаңа түрін жылдам ойлап тауып, амалдарын асырады. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері қылмыскерлердің ізіне түсіп, қолға түсіргенімен де, ҚР бақылауға жататын есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлардың тізіміне енбегендіктен әрі оны зертхана жолымен анықтау мүмкін болмағандықтан, шарасыз күйде қалады. Оның үстіне интернет те синтетиканы сатудың жаңа тәсілі – «закладка» жасау арқылы сатуды енгізді. Яғни, тұтынушы тапсырыс береді де, төлемді онлайн жүргізеді. Ақшаны алған дилер тек өзіне ғана белгілі орынға «закладка» жасайды. Бұл туралы тұтынушыға хабарлағаннан кейін, ол құпия жерге келіп, химикатты алады. Мұндай тұйықталған тізбекте ешкім ешкіммен кездеспейді. Нәтижесінде, есірткі таратушыларды қылмыс үстінде қолға түсіру өте қиын.

Синтетикалық есірткі сатушыларды ұстау өте қиын. Себебі, кім сататынын, кім алатынын анықтау мүмкін емес. Оның үстіне интернет, атап айтқанда Telegram каналында ашылған парақшалар арқылы сатылады. Ал, оның ізіне заңды түрде түсіп, жан-жаққа сұраныс жіберіп, анықтағанға дейін, олардың да қарап отырмасы анық. Бір парақшаны тастай салып, екіншісін ашып алады да, саудаларын қыздыра береді. Бұл жерде көзге көрініп, ұсталатындары – оңай ақша табамын деп, ештеменің байыбына бармастан есірткі тасымалдаумен айналысатын «закладчик», яғни, есірткі тасымалдаушылар. Олардың дені – жастар.

Жалпы, синтетикалық есірткінің өзі әр түрлі. Ұнтақ, кристалл, тұз түрінде және тағысын тағылар. Олардың өздері қандай зертханада жасалғанына және құрамында не барына байланысты. Ал, жастар арасындағы ең танымалы әрі қолжетімдісі – мефедрон мен альфа-PVP.

– Синтетикалық есірткі қолдану мидың зақымдалуына алып келеді. Одан бөлек, дәстүрлі есірткіге қарағанда физиологиялық та, психологиялық та тәуелділікке тез алып келеді. Емделуі де екі есе қиын. Химиялық заттар жас ағзаға өте тез әрі ауыр әсер етеді. Тәуелділіктен кейін психоздық жағдайға душар болады. Ең сорақысы өлімге итермелейді – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік қызметкері Баян Қожахметова.

Синтетикалық есірткімен күресті күшейтпесе, соңы ауыр жағдайға душар қылатыны айтпаса да түсінікті. Ал, есірткі тұтынушылары білікті дәрігерлік көмек алмаса – о дүниеге жүз пайыз кепілді жолдама дайын. Полиция қызметкерлері де тұрақты түрде есірткімен күрес жүргізгенімен, оны сатушылар да, сатып алушылар да саны жыл сайын көбейе түсуде. Оған, биылғы жылдың 8 айындағы көрсеткіш куә. Яғни,

Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары ата-аналардан балаларының мінез-құлқындағы өзгерістерді мұқият бақылап, жасөспірімдер наркологының кеңесіне еш қорықпастан жүгінуді сұрайды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button