Өсім өрісті кеңейтеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті. Қазақстан мен оның ішкерідегі аймақтарының экономикалық дамуы әрдайым жергілікті әрі халықаралық сарапшылардың ерікті-еріксіз назарында екендігі даусыз.
Олай дейтініміз, бүгінгі адам қырда болса да, шаһарда тұрса да ауық-ауық есепшотындағы қаражатына елегізіп қоятын әдет тапқалы қашан. Өйткені, суытқан аттай сұлық тірлік келешекке сенім ұялатпасы тағы аян. Тақ тұрып еңбек етпегеннің тірнегі татымды жемісін бермейтінін қазір екінің бірі, егіздің сыңары айтқызбай түсінеді. Бұл орайда Қарағанды – тек өндірісті өңір ғана емес, бизнес климаты үздіктер қатарындағы берекелі өлке. Аймақтың соңғы жартыжылдық қорытындысы әлеуметтік-экономикалық дамудың табысты қарқынын көрсетіп, экономиканың өсуі 12,5% құраған. Арқаны кеңге салмауды жете түсінген Арқа жұртында инвестиция тарту, жұмыспен қамту деңгейі, кәсіпкерлік саласында оң динамика аңғарылады. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 1,8 трлн. теңгеге өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға өскен. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінде де тұрақты даму үдерісі үдемесе кемімеді. Осындай игі үрдіс республика қазынасын да олжасыз қалдырмайды. Ашығын айтқанда, жалпы өнім көлемі 88,1 млрд. теңгені құраған ауыл шаруашылығында да соны серпін сезіледі. Сарыарқаның сайын даласындағы ірі қара мал, жылқы басы молайып, сәйкесінше ет өндірісі өрістеп келеді. Әлбетте, ынтымағы жарасқан ырысты елдің екпінді экономикасына инвестиция өз аяғымен келетін әдеті бар емес пе? Жарты жыл ішінде 358,5 млрд. теңгелік капитал қазығын қаққан. Жоғын да іздеп, барын да бағамдаған бизнес климат сәлге болсын байырқа тапты.
– Алдымен халықтың өмір сүру сапасына және білікті кадрларды даярлауға байланысты әлеуметтік мәселелерді шешу де маңызды аспект. Мемлекет басшысы бұл турасында бірнеше мәрте ескерткен еді. Жанама болып көрінгенімен, білім мен білік деңгейін өз дәрежесіне көтеріп, кәнігі мамандар даярлай отырып, тұрақты экономикалық өсімді еселеп арттыруға болатынын уақыт өзі көрсетіп отыр. Республикамыздың сом жүрегі атанған кенішті Қарағанды экономиканың, оның ішінде, техникалық және инженерлік бейіндегі қажеттіліктерге бағдарланған білім беру бағдарламаларын дамыту жөніндегі жұмысты табысты жандандырып келеді. Бұдан өзге тұрғын үй, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту және жас мамандарды тарту және ұстап қалу үшін қолайлы жағдай жасалуда. Сіз бен біз өзек еткен бұл мәселе айтарлықтай әлеуетке ие. Алайда, тұрақты өсу мен әртараптандыруға қол жеткізу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ұсынылған шараларды белсенді енгізу қажет болар. Бірақ, үзеңгімізді шірей берсек, үзілетінін де ескерген абзал. Өйткені, аталған сала отта тұрған қазандай күрделі әрі сындарлы сипатқа ие екендігін ұмытпаймыз. Инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу өңірге өнеркәсіп секторында көшбасшылық позицияны сақтап қана қоймай, ұзақ мерзімді өркендеу үшін жағдай жасайды. Десек те, алдағы жылдары алға қойылған міндеттерді ойдағыдай іске асыру жергілікті биліктің, бизнестің және азаматтық қоғамның үйлестірілген күш-жігеріне, сондай-ақ, Үкіметтің саналы қолдауына байланысты болады, – деп пікір қосты қалалық мәслихат депутаты Марина Платонова.
«Екі қолға бір күрек» демекші, облыс индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, 181,5 млрд. теңгеге үш ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлады. Бұл ферросиликоалюминий мен металл бұйымдарын өндіретін екі жаңа зауыт және қайталама мыс кендерін үймелі шаймалау технологиясы бойынша тау-кен өңдеу кешені. Шығандап шырайы кірген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңнан асып жығылды. Алты ай ішінде өсім 30 мыңға жуық болды. Бұл салада белсенді халықтың жартысына жуығы жұмыс істейді. Ал, жаз тауысып, күз келгенше өңір аумағында құрылыс көлемінің қарқыны әсте бәсеңдемесі анық. Межелі уақыт аралығында 266,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», – деді Мемлекет басшысы Жолдауында. Қош, әзір діттеген мұратқа қос қолымыз еркін жетіп, тасталған тақиямыз жерге түсіп тұрғаны фәниге айғақ. Дархан еңбек бақытты ғұмырға жетелейді. Шүкір делік, жарым сағаттай өте шыққан жарты жыл ішінде де мертігіміз бітіп келеді. Кемтігіміз толып келеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz