Үсік шалғандардың саны артуда

Екі апта бойы Арқада сықырлаған сары аяздың беті қайтпай тұр. Соған сәйкес өңірде үсік шалған адамдардың да саны артқан. Бүгінгі таңда облыс ауруханаларына үсік шалған 44 адам түскен. Оның үшеуі – бала. Дәрігерлер 6 пациенттің аяқ-қолын кесуге мәжбүр болған. Бұдан бөлек, тағы 1 адам медициналық мекемеге ес-түссіз жеткізілген.

– Екі күн бұрын бір отбасы саусақтары үсіп қалған 1 жастағы баласымен ауруханаға келді. Отбасы мүшелері бір кештен шыққанда, балаларының қолына қолғап кигізбепті. Қазір дәрігерлердің дер кезіндегі көрсеткен көмегінің нәтижесінде баланың жағдайы қалыпқа келді. Хирургтің көмегіне жүгінбей-ақ, жағдайды оңалттық, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының травматологиялық қызметі орталығының басшысы Ерік Шонбаев.