Ресми

Үшжақты жоспарға қол қойылды

Өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында аймақ басшысының орынбасары Алмас АЙДАРОВТЫҢ қатысуымен «Қарағанды облысының жергілікті құрамын дамыту мақсатында отандық тауар өндірушілер арасында кооперациялық байланыс орнату» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Игі бастамаға ұйытқы болған – Қарағанды облысының әкімдігі мен «NADLOC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы.

Шараға қатысушылар қатарында облыстық басқармалардың, «NADLOC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының өкілдері, Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ сынды дамыту институттары, сала бойынша қауымдастықтар, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы, жер қойнауын пайдаланушылар, Қарағанды облысының жүйе құраушы кәсіпорындары және өнеркәсіптің сан саласында жүрген 150-ден аса кәсіпорын өкілдері болды.

Мұндағы негізгі мақсат – мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіре отырып, қатысушы тауар өндіруші компаниялар және жүйе құраушы кәсіпорындар өкілдерімен бірге өзекті мәселелерді ортаға салу. Сол арқылы, оның шешу жолдарын қарастырып, қатысушылармен пікір алмасу еді. Сөйтіп, жиын барысында мемлекеттік қолдау шараларының негізгі құралдары тілге тиек етілуімен қатар, отандық тауар өндірушілердің жүйелі мәселелері де талқыланды. Нәтижесінде, мемлекеттік орган, бизнес-қауымдастық, ұлттық және қаржылық институттардың өкілдері жергілікті құрамды дамыту мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Бұл бағытта негізгі жолдар отандық өнім өндірушілерді қолдау және кооперациялық байланыстар болып табылады.

Қазіргі күні облыс әкімдігі жанында кеңес беру органы ретінде отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Ал, аймағымызда 700-ден астам кәсіпорын отандық тауар өндірушілер реестріне енгізілген.

Бұл кездесудің өзектілігін Қазақстан Машина құраушылар одағының өкілі Ерқанат Мақанов атап өтті. Ол Қарағанды облысының бұл салада көш бастап тұрғанын жеткізді. 2017 жылы аймағымыздың машина құраушылары 125 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Облысымызға жалпы республикалық машина құрау өнімдер көлемінің шамамен 14%-ы тиесілі. Сонымен бірге, тауарлар импорты да ауқымды.

Тағы бір айта кетерлігі, Қарағанды облысы әкімдігі, «NADLOC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және аймақтық кәсіпкерлер палатасы арасында 2018 жылға арналған жергілікті құрамды дамыту және бақылау бойынша бірлесіп атқарылатын әрекеттердің үш жақты жоспарына қол қойылды.

Рауан Қабидолдин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button