Үшжақты меморандум бекітілді
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (QOFA) және «Қазақстан әуесқой футбол лигасының» (ҚӘФЛ) Қарағанды филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Басқарма басшысы Серік Сәпиев іс-шараны ашып, меморандумның маңыздылығын атап өтті.

Аталған құжатқа сәйкес, қолданыстағы Balalar Futbol Ligasy (BFL) жобасы ресми мәртебеге ие болып, облыстық деңгейдегі Freedom Balalar Futbol Ligasy атауымен 2025–2026 жылдардағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қысқы облыс біріншілігі форматында өтетін болды.

– Біз бірлесе отырып балалар футболын дамытып, арнайы балалар лигасын іске қоспақпыз. Біздің облыста бүгінде 150-ден астам команда қатысатын әуесқойлар лигасы табысты жұмыс істеп келеді. Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауының арқасында өңірде футбол қарқынды дамып келеді – футбол академиясы салынуда, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Компания басшысы Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының президенті атанды. Осындай серіктестер мен спортқа жанашыр азаматтардың өңірімізге келіп, қолдау көрсетуі бізді қуантады. Біз бірлескен күш-жігерімізбен Қарағандыны одан әрі спортты өңірге айналдырамыз деп сенемін, – деді Серік Жұманғалиұлы.

Меморандум біріншіліктің құқықтық және ұйымдастырушылық мәртебесін айқындап, билік органдары, аймақтық қауымдастық және жарыс операторлары арасындағы міндеттер мен өкілеттіліктерді нақтылайды.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



