Шыршаның ізі
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандай» болып көрінетін кешегі заманның да жетіспеушілігі жетіп артылатын. Әжелеріміздің заманында күкірт жетіспеушілігі деген болыпты. Соның бар болу жолын да тапқан ғой әжелер. Барған үйінен құр қайтпай қоламта алып қайтады екен.
Бұл әңгімені айтқанда осы іспетті болмайтын нәрсені болғызған, толмайтын нәрсені толғызған, жалаң аяқ жар кешіп, бүгінгі күнімізді жақындата түскен ағаларым еске түсіп отыр.
Сондай жандардың бірі – Иманжан Сауқымбекұлы Жекебаев ағамыз. Бұрын көрмеген адамым болатын. Көрмесем де, есімін естіп жүретінмін. Жұмыс үшін жаралған жан деп. Кейін осы ағамызбен ағалы-інілідей араласып кеттік.
Сол ағамыз сексен деген жасының сеңгіріне шығып отыр. Шалдықпай, шаршамай.
Соның мың себебі болар. Сол себептердің бірі – жұмыс, әрине. Жұмыс үшін жаралғандар болады. Мен Иманжан ағамды осы қатарға қосам.
Жасампаз адам. Онысы табиғатынан.
Дүниеге келген жері Қарасаз деп аталады. Табиғаты көрікті жер. Бұл жер аруақ жанаған жер. Онда қазақтың аруақты биі Қара би жатыр. Бала кезінде сол кісідей әділ болсам деп қиялданатын. Сол аңсарын өмір бойы алып келеді.
Білімді Қайрақты кенішінде алды. Кеніш болған соң онда техника түрі жеткілікті. Біреу біліп, біреу білмей жататын сол техника түрлерін бала да болса дөп басып, қораптағы нөмірлерін жатқа соғар еді.
Ел үшін солардың қайырлысы «Беларусь» тракторы еді. Бәрін сол атқарып жатар еді. Жер де жыртады, су да шығарады, жер де қазады, шөп те тасиды…
Оның доңғалағының ізі қандай еді?! Ол ізді ешнәрсемен шатыстыруға келмейтін. Өйткені оның ізі – шырша із болатын. Ауылдың барша қарадомалақтары қыс түссе болды-ақ, жер бедерінде шырша іздерін қисық бәтеңкелерімен түсіретін. Солардың ішінде жас Иманжан да жүретін.
Содан бір жылт оянған. Техника тілін игерсем деген. Сол арманы Алматыға жетелеген.
Сондағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, инженер-механик мамандығын алып шығады. Енді қайда барам деген жоқ. Ауылымды шығанға шығарсам деген балаң арманы ауылға жетелеген.
Онда не жұмыс күтіп тұрғанын білді. Біліп тұрып оралды. Еңбек жолын қатардағы жұмысшы болып бастаған. Жоғары білімді инженердің жұмысшы болып жүргені ауыл ішінде кәдімгідей әңгіме туғызған. Өзі болса солай болу керек деп қабылдаған.
Ауылға келгендегі көзіне оттай басылғаны баяғы «Беларусь» тракторы еді. Шаршамайтын, шалдықпайтын. Тоқтамайтын. Бір нәрсесі сынып қалса, сыммен орап жүре беретін.
Жігерлі жас не болса да жапырып істеген. Сонан диспетчерлікке көтермеленген. Онан жабдықтаушы иеженерлікке жоғарылатылды.
Жоқ-жігітіктің не екенін осы жұмысында жүріп білді. Байқағаны төрт аяғы бірдей жер тарпып тұрғаны жоқ екен. Сол керек нәрсесін жердің түбінде болса тауып алып келетін.
Мұндай жас маманның тындырымдылығы, табандылығы еліне білінбей қалмады. Көп ұзамай аупартком Босаға шаруашылығына жіберген. Әрине, көтеруге. Гараж меңгерушілігіне. Бұл шаруашылық заманында Балқаш комбинатының қосалқы шаруашылығы болатын. Енді, міне, өз алдында туын тіктеп отыр. Сол шаруашылықтың азды-көпті көлігі бар. Қаңтарылып тұрған. Соны дайындық сапына қою керек.
Жаңа жұмысында жұмыс істейтіндерді қалдырды, істемейтіндерін шығарып тастады. Есесіне тізімде тұрған барлық көліктің кеудесіне жан бітті. Ауылда жаяу жүрген жан қалмады.
Бір жазда шаруашылықтың барлық көлігін дайындық сапына қойған жас маманның іскерлігі тағы да жоғарыдағылар көзіне іліккен.
Енді шалғай жатқан Ақшағыл шаруашылығына жіберілген. Оны да көтеруге. МТМ басшысы болып. Бұл жұмысты да жатсына қойған жоқ. Бала кезінен таныс техникалар алдынан жамырап шыға келген. Өкініштісі сау тамтықтары жоқ еді. Бірі жүрсе, екіншісі тұрады. Өйтетіні, бірінде жоқ сайманды екіншісінен алады.
Әсіресе, «Беларусь» тракторын жанына жақын тартқан. Бір тоқтамайды-ау жарықтық.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп барша техниканы «Беларусь» қалпына келтірген. Ұзатпай шаруашылық басшыларының біріне айналды. Шаруашылықтың бас инженерлігіне тағайындалды.
Жұмыс өрісі кеңейіп сала берген. Шапқылау басталған. Әсіресе, шөп дайындау деген мұндағы күйіп тұрған жұмыс. Өйтетіні, шаруашылық қуаң аймаққа орналасқан. Оның үстіне жеті жылда бір айналып соғатын қуаңшылық жүдемелетіп екі рет келсін. Жетпіс пен жетпістің екісінде. Шаруашылықтар кәдімгідей тұралап қалған. Ақшағылдың қалт-құлт еткен тірлігі басталған. Оның үстіне ауылдан қаралы хабар келген. Әкесі бақилыққа озыпты.
Имекең Алматы облысында жүрген. Ауылға қалай шөп жеткізем деп. Кейін қайтудың реті болмаған. Солайынша, әкесіне қолынан топырақ бұйырмады. Есесіне мыңдаған бас қоғам малын аман алып қалды. Ұйғыр ауданынан 900 тонна көк майса жеткізді. Оңай болған жоқ, әрине. Үш министрдің қабылдауында болды. Жағдайды бүгіп қалмай ақтарылған. Сонда орда бұзар отыз жасында екен-ау.
Келер жылы Ақадыр ауданы ашылған. Жаңа ауданға, әрине, білікті кадр керек! Иманжан аға сондай кадр еді. Ол ауданаралық шаруашылық басқармасының директо- ры болып тағайындалды. Басқармаға Ақадыр, Ақтоғай, Шет аудандары қарады. Бұл үшеуі де шөлейт жерде орналасқан аймақтар болатын. Соған байланысты шахталық құдықтар қазу басталған. Үш жыл ішінде бір ғана Қарабұлақ шаруашылығында осындай отыз бес құдық бұрғыланыпты. Мұнан басқа су құбырын жүргізді, тоған байлады. Шұрат болып кетпесе де, аталған аудандардың шаруашылықтары көп-көрім елді мекендерге айналды.
Жаңаның аты қашанда жаңа ғой. Дайын тұрған ештеңе жоқ. Бар болса береді, жоқ болса өзің тауып ал дейді. Содан да құрайды. Ең алдымен, өндіріс алаңын тұрғызды. Одан кеңсе салды. Гараж, қойма, түрлі цехтар қатарға қосылды. Соңынан үй де салды.
Соның бәрін болмаса да, денін баяғы «Беларусь» тракторымен атқарды. Бұл өзі тәуір техника. Кейінде МТЗ болып өзгерді, соңынан «Т-40» болды. Осы «Т-40»-сыз жұмыс бітпейтін.
Қашан көрсек те Имекең осы «Т-40»-тың ішінде кетіп бара жататын. Бар жұмысын осы сорықпен бітіретін. Ауызекі тілде ел әлгі тракторды бұзып айтып, сорық дейтін.
Имекең одан кейін екі-үш кәсіпорынды аяғынан қаз тұрғызды. «Қазсельхозтехника» бірлестігінің бастығы, Ақадыр жол пайдалану учаскесінің бастығы, Ақадыр жөндеу- құрылыс басқармасының бастығы, газбен қамтамасыз ету шаруашылығының бастығы лауазымдарында болды. Аты дардай мекемелер болғанымен Имекең сол баяғы сорығынан түскен емес. Мұндағы жұмыстар қалай болғанда қара жұмыс болатын. Жылы бөлмеде отыру деген жоқ. Қашанда жел өтінде жүрді. «Ақадыр-Өспен», «Ақа- дыр-Босаға-Ақшағыл», «Ақадыр-Ортау» тас жолдарын Т-40 тракторымен жүріп, күрек-қайламен салғызғанын өз көзімізбен көрдік.
Қалай десек те, Имекеңнің еңбегі үш ауданға сіңді. Шет, Ақадыр аудандарының Құрметті азаматы атанды. Елбасының Алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жақында Ақадырға барып, жақсы ағамен жүздесіп қайттым. Менің де балалығым ұстап кетті-ау деймін. Жапалақтап қар жауып тұрған. Жаңа жауған қар бетіне бәтеңкеммен шырша ізін тастадым. Тоқсан деген!
Басымды көтерсем, ағамыз сәл ғана езу тартып, жымиып тұр. Тоқсанға алқынбай жетіңіз, жақсы аға. Сексенде татқан несібеңіз тоқсаныңызда да таусылмасын!
Төрехан МАЙБАС,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ШЕТ ауданы.