Ақиқатты ақтарыла айтқан батылдығы мен орындаушылық шеберлігі арқылы абырой-атағы Алты Алашты адақтап, сыртқары елдерге де кеңінен танымал болған ақын, жыршы-термеші Шынболат ДІЛДЕБАЕВТЫҢ туғанына 80 жыл толуына орай жарық көрген «Шындық» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Салтанатты шара Сәтбаев қаласындағы аяулы тұлғаның өз есімін иеленген Кеншілер сарайында іске асырылды.
Шырайлы кештің шымылдығы әнші-термеші Райхан Оразбекованың орындауындағы Шынкең шығармашылығының шыңы іспетті “Шындық” толғауымен түрілді.
Иә, Шынболат Ділдебаев – Ұлт мәдениеті саласында халық мақтанышына айналған айтулы тұлғалардың бірі һәм бірегейі. Бұл – бұлтартпас ақиқат. Өзі жырға қосқандай, “Сырда туып, Қырда өскен” ақынның бар саналы ғұмыры Ұлытау-Жезқазған өңірімен, оның ішінде, Қаныштың қаласымен тікелей байланысты болғаны белгілі. Осында сауатын ашып, осы жерде еңбек жолын бастады. Жер қопарып, кен қазған кенші бола жүріп, өнері мен өлеңін ел қазынасына айналдыра білді. Аймақтағы айтулы өнер тарландарымен тізе қоса қызмет атқарып, мәдениеттің мәйегінен қанып ішті. Оның өсуі мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Жасындай жарқылдаған ғұмыр кешіп, өзінен кейінгіге өшпес өнеге қалдырған біртуар азаматтың мәңгілік мекені де осы өңірде – «Қайран менің Төртіншім-ай, төрт қалаға бергісіз…» деп жырға қосқан алтын ұясында.
Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың ыстық ықыласқа толы лебізінде жарық дүниеден озғанына жиырма жылға жуықтаса да, есімі жұрт жадында жасампаздық үлгісімен жаңғырып келе жатқан жанның рухына көрсетілер құрметтің кемелдігі айқын аңғарылды. Кеншілер шаһарының басшысы мерейі өскен қауымның қуанышын бөлісе отырып, кітаптың тұсаукесері ақын мерейтойына қатысты жыл соңына дейін ұйымдастырылар іргелі іс-шаралардың бастауы ғана екендігін ерекше екпінмен атап өтті. Жыр жампозының жасампаз болмысына жас ұрпақтың тәу ете береріне назар аударды.
Сахна төрінен салтанатты кештің құрметті қонағы, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай бой көрсеткенде ел шаттығы еселене түсті. «Шындық» кітабына жазған алғысөзінде «…Біз Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Үкілі Ыбырай, арынды Әсеттердің замандасы болғанымыз жоқ. Өмірі ғажайып сұлу өткен ақын-жырау, сал-серілерді көзімізбен көргеніміз жоқ. Алайда, тамыры тартылмаған аға буынның бізге жеткен жалғасын байқадық, қарқыны бәсеңдемеген тұлпарлардың тұяғын көрдік. Меніңше, ол – ықылым заманның ізін бізге жеткізген нақ осы Шынболат Ділдебаев» деп ағынан ақтарылған арқалы ақын Шынкеңнің арттағыға қалдырған аманат жырлары оның мәңгілік ғұмырының құнжетпес шырайлы өлшемі болатынын тілге тиек етті. Орнықты ой-пікірін «Өнегесі мол тұлғаларды ардақтау арқылы өзіміз де асқақтай түсеріміз күмәнсіз» деген тұжырыммен түйіндеген Ғалым Жайлыбай айтулы тұлғаның аяулы жары, шаңырағы мен бағалы мұрасының шырақшысы Гүлзада Жиенәлиеваға зерлі камзол кигізді. Сөз орайы келгенде қала әкімі Асқар Абылайұлы атаулы тойға Алматыдан арнайы келген мәртебелі мейманның иығына ата дәстүрімен оқалы шапан жауып, ілтипатты ізет көрсеткенін айта кету ләзім. Ақынның әулеті дәл осындай сый-сияпатты «Шындық» жинағының редакторы, келісті кештің жүргізушісі, журналист-ақын Абдолла Дастановқа да жасады.
Кезінде айтыс аламандарына адуынды ақын ағасымен сан мәрте бірге кірген Шынкеңнің ізбасар шәкірті, ақын, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаровтың әдемі өрілген әсерлі лебізі де тыңдарманды бей-жай қалдырмады. Ол «Алыстаған сайын асқақтай түскен ақын-жыршының тек өзіне жарасымды ерекше қасиеттерін ұрпаққа үлгі ету дәуірі» басталғаны хақында ой тербеді. Ел-жұртқа осынау мерейлі міндетті мінсіз жүргізу – қастерлі парыз екендігін орнықты ескертті және сол үдерістен Ұлытаудың сыртқары қалмайтынын мәлімдеді. 2000 жылы Шынболаттың рухына арналған республикалық айтыстың бас жүлдесін иемденген, 2007 жылы Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тізгінін ұстаған шағында Шынкеңнің 70 жылдығына орай, үш жеңіл автокөлік жүлдеге тігілген республикалық айтысты ұйымдастырған, сондай-ақ, Сәтбаев қаласының әкімі болған кезінде Шынболаттың үнтаспасын шығару туралы бастама көтеріп, оны жеріне жеткізген азамат ақынның ұлағатты ұстанымын жұртшылық аса жылы қабылдады.
Құттықтаулар легін Сәтбаевқа іргелес орналасқан, еншісі бөлек болса да, «тонның ішкі бауындай» аралас-құралас Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ұтымды жалғастырды. Қоғамға шындықтың шымылдығын серпе түріп, шынайы жеткізе білген дарын иесінің серіктес-әріптесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, кенші-ақын Мұса Тілеуов санада ескірмейтін ескі күндерден есті естеліктер айтып, арнау өлеңін оқыды.
Өрілуі мен өрнектелуі өзгеше кеш барысында әншілер мен термешілер шығармалары шарболаттай шыңдалған Шынболаттың мол мұрасын көрерменге тағы бір мәрте паш етті. Қалың қауым Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин мен өрелі жанның өз шәкірті, белгілі жыршы-термеші Мұқанбет Қожахметовтің өнеріне құшырлана қол соқты. Сан қырлы талант иесі басқаша сипаттарынан бөлек, тамаша ұйымдастырушы бола білгені де мәлім. Ол осыдан 40 жыл бұрын кеншілер мекенінде «Арман» вокалды-аспаптар ансамблін ұйымдастырған еді. Аталған өнер ұжымының атақ-даңқы қала, облыс, республика аумағынан асып, бүкілодақтық байқауларда бағы жанып жүретін. Сахна төрінен «Құсни-Қорлан» әнін айтқан «Максимум» тобының маржандай туындыны орындау машығы елдің көз алдына сол ансамбльді елестеткендей болды. «Дамира» би тобының мың бұралған билері өнерсүйгіш елді тартымдылығымен тәнті етті. Абдолла Дастановтың сөзіне жазылған Дәулет Омашевтің “Сағыныш” романсын әнші Айгүл Құлшыкенова жүрек терберлік мәнермен жеткізді.
Тұсаукесер түйінінде Гүлзада Жиенәлиева ақын мерейтойы аясындағы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу ауыртпалығын арқалауға ниет бұрған қала әкімдігіне, салалық мемлекеттік органдарға, кітаптың таныстырылым рәсіміне алыстан ат арылтып арнайы келген меймандарға, жағымды бейнені жадында сақтай білген жалпы қала жұртшылығына ақжарма пейілмен алғыс айтты.
Көрермен тарапынан тәлімі терең басқосу ретінде қабылданған тың туындының тұсаукесері сахнаға отыз жылға жуық сән беріп келе жатқан жергілікті әнші Зоя Иманбаеваның орындауындағы Шынболат Ділдебаев пен композитор Жақсыкелді Сейіловтің шығармашылық үндестігінен туған «Сәтбаев – достықтың қаласы» атты әуезді әнмен қортындыланды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген Н.ИЛЬЯСОВА.