Шындықты қалаған тіл іркілмейді
Әңгімеміздің негізгі арқауы – қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал БӨКЕННІҢ төрттағандары топтастырылған «Уыт» жинағы.
Бұл жанрда қалам тербейтін қазақ қаламгерлері кемде-кем. Рубай, рубаят (көпше түрінің атауы), рубаи, төрттаған (арабша – төрттік) – Шығыс поэзиясында кең таралған лирикалық өлең түрі. Араб, парсы және түркі халықтарының ауыз әдебиетінде мол ұшырасады. Омар Һайям рубайдың тамаша үлгілерін жасаса, Руми, Хафиз, Жәми, Хакани, Бедиль сияқты сөз шеберлері оны одан әрі дамытты. Қ.Шаңғытбаев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, А.Бекбосын шығармашылықтарында да рубайлар кездеседі.
Міне, ана тіліміздің уызына жарыған, айшықты өлең жазуды мұрат тұтқан Абзал – сондай ақын. Өзі айтқандай, «сайраса сөзі – шекер, сезімі – шырын». Көзі сұлулыққа сүзіледі, тұнық ойы мен мөлдір сезімінен ақ маржандай жыр түзіледі.
Қалжа боп көңіліңе толар қай аң,
Таң ата сайрап жатқан сонарға аян.
Пайғамбар болмаған соң Омар сынды,
Болуға талап қылдым Омар Һайям, – деп үкілі үмітпен, кәміл сеніммен айта алады.
Әдебиетшілер Абзалды ойдың ақыны деп жатады. Алайда, бұл ол сезімнен ада ақын деген сөз емес деп білемін. Айналасындағы ызы-қиқы тіршілікке, төңірегіндегі табиғатқа, бір сөзбен айтқанда, болмысқа ой көзімен қарап отырған философ ақынның жансарайы бейжай емес, алай-түлей. Ақ пен қараның, зұлымдық пен ізгіліктің, жақсылық пен жамандықтың, инаят пен қиянаттың бітіспес күресін көріп отырған ақын жүрегі бейжай бола алмайды. «Мен бір жан заманды ойлап зар илеген, қаңқамды қоздай болып қариды өлең» деген жолдарға зерделеп қарасаңыз, әрбір ұтқыр ой керемет шиыршық ата ширығудан, намысқа толы шамырқаныстан туады.
Осы жолдарды жазып отырғанда, көз алдыма садақ бейнесі келді. Ақынның ұсынып отырған жинағын сыртқы бетіне сіңірі тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталған садақ десек, сезімі – өгіздің иі қанған терісінен жасалған, серіппелі керме қайыс адырна, ойы – өте берік кремний тасынан жасалған жебенің ұшы секілді әсер етті. Ал, садақ оғының уыты арам ниетті дұшпанды мерт етсе, адал ниетті досты мәрт етеді. Біреу біледі, біреу білмейді, кремний – табиғатта оттегіден кейінгі көп тараған элемент. Оттегі адам ағзасына қаншалықты қажет болса, Абзал ақынның кремний ұшты рубайлары жырсүйер оқырмандарына соншалықты қажет деп топшыладым.
Замана бейнесін уақытылы сомдап үлгермесең, үдей соққан уақыт желінің өтінде маржан моншақтардай шашылып қалуы мүмкін. Соны жіті ескерген автор өтпелі болса да ұзаққа созылған кезеңге лайықты бағасын беріп, түрлеп-түстеп тиісті орнына қоюды мақсат тұтқан. Бүкіл елдің қалыптасуымен тығыз байланысты, ақын бейнелегендей «Өтуде басымыздан бұлаң заман, күндері ұшып-қонып шұнаңдаған» алмағайып заманның, пұшайман мезгілдің алатын орнын байыптай бағамдап, зейін қоя зерделеуді көздеп еңбек еткен автор мақсат үдесінен шыға білген.
«Шешеннің ең ұлы қасиеті – қажет нәрсені ғана айту емес, сонымен бірге қажеті жоқ нәрсені айтпау» деп Цицерон айтқандай, қарымды қаламгер қажет нәрсені ғана айтып, қажетсіз дүниені айтпауға мейлінше тырысқан. Нені айтса да, тың теңеулерді, соны топшылауларды көлденең тартқан. Кітаптың тілі көркем де жатық, жеңіл оқылады, жалықтырмай өзіне тартып отырады. Бұған:
Мәнісін келтірсін деп мауызына,
Сөзімді Алла салған ауызыма.
Сыймас ой төрт мың жолға,
Сәті түссе Төрт жолдың сыйып кетер қауызына, – деп автордың өзі айтқанындай, әрбір шумақтың жұмыр да шымыр болуы септігін тигізгендей.
Біз «уыт» сөзінің әуелгі мағынасы улы, залалды деп білсек, тілге және өнерге қатысты ауыспалы мағынасын әсерлi, қуатты, күштi деп ұғынамыз. Әуезхан Көшiмов ағамызда «Көкiрегiн кернеген уытты сөз» деген әдемі сөйлем бар. Цезарь мен Августың заманында өмір сүрген Ұрым ақыны, императордың өз қолынан жүлде алған уытты сөздің ұстасы Публий Сир бір сөз сайысында «Шындықты қаласаң, тілің іркілмесін» деген екен. Сол ділмар айтқандай, әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп ұлттық ақын, кестелі тілмен өрнектеп сөз зергері деңгейіне көтерілген Абзал ақын да айтар ойын жеріне жеткізе, іркілмей айтады.
Қаламгерлік ұстанымы мен қоғамдық пікірлері көне түркі және заманауи қазақ өркениетінің қағидаттарымен ұштасып, Мәңгілік Ел болу, Рухани жаңғыру идеяларымен қанаттанған автордың рубайларынан қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ақынның қолтаңбасын тағы бір мәрте соны қырынан көріп тұщындық.
Рубаят жинағының оқырман көңілінен шығатынына кәміл сенемін.
Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.