Руханият

Шындық шырақшысы

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында отандық журналистика ардагері, публицист, қоғам қайраткері, ҚарЛаг туралы кітаптар сериясының авторы Екатерина Кузнецованың туғанына 85 жыл толуына орай «Замана шындығын жазған жазушы» атты кездесу өтті.

Іс-шараға профессор, филология ғылымдарының докторы Таисия Савченко №62 орта мектебі мен Қ.Сағынов атындағы мектеп-колледждің мұғалімдері, студенттері мен оқушылары шақырылды.

Кеш Е.Кузнецованың еңбегі мен шығармашылығы туралы баяндалған «Шындыққа арналған өмір» өмірбаяндық зерттеуі туралы әңгімеден басталды.

Оқушылар, қонақтар мерейтой иесіне сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Екатерина Борисовна өзі дүниеге келген Қытайдағы өмірі, Кеңес Одағына көшуі, журналистика факультетінде оқуы, осы мамандықты таңдау барысындағы әсерлерін, жинақтаған тәжірибесін бөлісті. «Индустриальная Караганда» газетінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істегенін мақтанышпен еске алды.

Екатерина Борисовна шығармашылық өмірінің ширек ғасырдан астамын сталиндік режим «халық жауы» ретінде таңбаланған жүздеген, мыңдаған есімді ұмытылып бара жатқан жерінен жаңғыртуға арнаған қайраткер.

Іс-шара барысында Е.Борисовна саяси қуғын-сүргін тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, естеліктер айтты. Е.Кузнецова біздің кітапханаға есімі берілген жазушы Жайық Бектұровпен дос болған және ұзақ жылдар бойы рухани сыйлас болған. Ж.Бектұров туралы ол «ҚарЛаг: бір белгімен белгіленгендер» кітабындағы «Қасқыр секірді» 15-бөлімінде баяндаған.

Оқырман назарына Е.Кузнецова туралы құжаттар, фотосуреттер, саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы кітаптар қойылған «Замана шындығын жазған жазушы» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Кездесу соңында Екатерина Борисовна қатысушыларға белсенді болуды, шындықты айтуды және оны қорғаудан қорықпауды, кітапты көп оқып, білімді әрі бәсекеге қабілетті болуды тапсырып, ақ жол тіледі.

Жиынға қатысушылар шарадан соң Ж. Бектұровтың мемориалдық кабинет-мұражайына экскурсия жасады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button