Шындық шекарасы
Ақпарат тасқынына төтеп бере алатын бір ғана құрал – медиа сауаттылық. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тәуелді заманда шындық пен өтіріктің ара-жігін ажырату барған сайын қиындап барады. Әсіресе, фейк ақпараттың екпіні халықтың сана-сезіміне ғана емес, елдің тұрақтылығына да қауіп төндіруде. Цифрлық технология мен әлеуметтік желілердің жедел дамуы, интернет қолданушыларының күрт артуы фейк ақпараттың таралуына жол ашты. Соның салдарынан ақиқат пен жалғанды ажырату барған сайын қиындай түскені өтірік емес.

Ақпараттық технологиялар бұқаралық аудиторияға әсер етудің жаңа мүмкіндіктерін берді. Әсіресе, нейрожелілер мен жасанды интеллект дамыған сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Олар деректерді жинауға және талдауға, коммуникацияларды болжауға, мазмұнды синтездеуге және адамдардың пікірлері мен мінез-құлқына әсер етуге қызмет ете бастады. Ал өз кезегінде, технологиялық прогрестің нәтижелерін барлау органдары қаржылық және саяси пайда алу үшін өз мүдделеріне қолданатынын біреу білсе, біреу бейхабар. Қазіргі технологиялар экономикалық және саяси (халықаралық немесе ішкі) процестерге әсер ету, сондай-ақ, ақпараттық соғыстар жүргізу мақсатында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы таратылатын фейк жаңалықтарды барынша пайдаланады. Бұл ретте цифрлық орта жалған ақпарат пен қауесеттерді лезде және мақсатты түрде тарататын фейк жаңалықтарға, электронды БАҚ-қа, көптеген әлеуметтік желілерге, форумдар мен мессенджерлерге «оң» ықпал етіп тұр.
Жалған немесе фейк ақпарат – шындыққа сәйкес келмейтін, бірақ рас ақпарат ретінде ұсынылып, жұртты адастыруға бағытталған мазмұн. Мұндай ақпарат екі түрде кездеседі: бірінде автор әдейі өтірік ақпарат таратады, екіншісінде жалған деректі білмей таратып, жеке көзқарасты күшейтуді көздейді.
Жалған ақпарат тек адастырумен шектелмейді, ол қоғамдағы тұрақтылыққа, денсаулыққа, тіпті, адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. COVID-19 пандемиясы кезінде интернет беті түрлі «ғажайып» ем-дом мен дәрі-дәрмекке толып кеткені мәлім. Мәселен, «вирус шашады», «құйрық май вирустан қорғайды», «зімбір ем екен» деген сыңайдағы ақпараттарда есеп болмай кетті. Мұндай ақпараттар халықты дұрыс емес әрекеттерге итермелейді. Аталған өнімдердің бағасы шарықтап, біреулер жалған ақпарат арқасында қалтасын қампайтқаннан басқа еш нәтиже болған жоқ. Пандемияда тараған фейк ақпараттың қауіптілігін Facebook-тің өзі де мойындап, 2020 жылдың екінші тоқсанында жалған ақпаратты қамтитын 7 миллион жазбаны өшіргенін хабарлаған болатын.
Фейк контент көбіне эмоция арқылы адамдарды белгілі бір пікірге немесе әрекетке жетелейді. Қауіптісі де осы. Қандай да бір әлеуметтік қақтығыстарға, бассыздықтарға шақыратын ақпараттар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Осыған байланысты жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандыратын және қауіп-қатер төндіретін жалған жаңалықтармен күресу үшін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметтің маңыздылығы артып келеді.
2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиа сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс істеп келеді. Сайт елдің ақпараттық кеңістігінде екі мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Оның жұмысының нәтижесінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақытылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Жоба «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейтінін айта кеткен орынды. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады. Бұдан басқа елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck.kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статистика тексеріледі, сонымен қатар, елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.
Бұл аз десеңіз, Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқандарға мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан бастап, 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодексінің 274-бабында жазылып тұр. Әсіресе, әлеуметтік, діни, этникалық алауыздық тудыратын ақпараттар өте қатты қадағаланады.
Қарапайым адам ақпараттың шын-өтірігін қалай анықтай алады? Сала мамандары бірқатар кеңес ұсынады. Біріншіден, дереккөзге мән беру. Сайт атауы, авторы, мазмұны мен сапасына назар аудару керек. Басқа ақпарат көздерімен салыстырған дұрыс, ақпараттың беделді БАҚ-та немесе ресми органдардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланғанын біліп алу қажет болады. Салынған фото не видеоның монтаждалмағанына көз жеткізу де маңызды.
Белгілі медиа сарапшы Есенгүл Кәпқызы былай дейді:
«Қазақта: «Шайнамай жеген ас қақалтады» деген сөз бар. Неліктен мен бұл мәтелді мысалға алып жатырмын? Өйткені ақпарат тамақ сияқты дұрыс бөліктерді және дозаны таңдай отырып, ақылмен мұқият тұтынылуы керек. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік терең теңіз секілді, тұңғиығына батырып әкетеді. Интернетте адам белгілі бір ақпаратты өз мүдделері үшін тарататын әртүрлі саяси топтардың айла-шарғысына тап болуы мүмкін. Сондай-ақ, қастандық теориялары мен әлемдік конспирология деп аталатын тұзақтардың құрығына түсу қаупі бар. Тексерілмеген, күмәнді ақпараттың халық санасына тікелей қауіп төндіретінін дәлелдеді. Сондықтан, шындықты фейк ақпараттан ажырата білу маңызды, соны үйрену керек».
Ал, оны қалай үйренеміз десек, мектеп пен жоғары оқу орындарында медиа сауаттылық курстарын енгізу, этика және жауапкершілік жөнінде журналистердің білімін арттыру шаралары қолға алынса игі. Ақпараттық қауіпсіздік саясатын мемлекеттік деңгейде күшейту, сондай-ақ, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ақпараттық сауаттылықты дамыту жобаларын жандандыру қажет. Бүгінгі таңда «Масс-медиа туралы» заң аясында мамандарды даярлау курстары енгізіліп жатқанын айтып өтуіміз керек. Мектептерде кәсіби бағдарлау аясында арнайы сабақтар да ұйымдастырылады. Сонымен қатар, цифрлық сауатты дамыту үшін PhD деңгейдегі семинарлар мен бағдарламалар іске қосылды.
Фейк ақпаратпен күрестің ең тиімді әрі ұзақ мерзімді жолы – оқыту. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасында нарық талабына сай жаңа пәндер жыл сайын енгізілуде.
– Соңғы 2-3 жылда медиа сауат бойынша «Әлеуметтік медиадағы коммуникация», «Медиа және ақпараттық сауаттылық», «Фактчек» пәндері енгізілді. Осы пәндерден дәріс оқитын оқытушылар еліміздегі танымал «MediaNet», «InterNews», «Еркіндік қанаты», «Құқықтық Медиа Орталық», «Мінбер» басқа да қоғамдық қор ұйымдастыратын семинар, тренингтерге қатысып, біліктілігін жетілдіреді. Олардың ішінде, медиа-тренер сертификатын алған оқытушылар да бар. Фейк – қазір медиадағы манипуляция формасының ең кең тараған түрі. Фейк жаңалықтар шығарудың себебі көп. Мысалы, жай қалжың үшін, өміріміздегі оқиғаға мысқылмен қарау үшін, қандай да бір мәселеге назар аударту үшін. Көп жағдайда фейктер қасақана жасалады. Ойдан шығарылған «жаға ұстататын» жаңалықтар аудиторияның назарын аударады. Медиа сауаттылық мәселесін айтқан кезде білім алушыларға ақпараттың шынайылығын анықтау әдіс-тәсілі мен технологиясы, троллинг, үгіт-насихат, манипуляция, әлеуметтік медиадағы өшпенділік (ғадауат) тілі жайлы сөз етіп, оларды практикалық машық-дағдыға үйретеміз, – дейді аталған кафедраның қауымдастырылған профессоры Жанар Рамазанова.
Медиа сауаттылық оқырманның сыни көзқарасына ғана емес, медиа сала мамандарының кәсібилігіне, білікті кадрлардың тапшылығына да байланысты. Қалай болғанда, фейк ақпарат – бүгінгі күннің күрделі проблемасы. Онымен күресте тек құқықтық шаралар ғана емес, сонымен бірге қоғамның ақпаратты дұрыс қабылдап, сыни ойлай алу қабілеті де шешуші рөл атқарады. Медиа тұтынушысының сауаттылығы артқан сайын, қоғамның ақпараттық қауіпсіздігі де нығая түседі.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»