АймақАқтоғайЖаңалықтар

Шынайы өнердің шуағы

Арқа төсіндегі Ақтоғай – тарих пен тағдыр тоғысқан, ақын мен абыздың ізі қалған, сайын даланың сырын бойына сіңірген қасиетті мекен. Сол киелі топырақта жырдың шамын жаққан, өлеңді өмірлік серік еткен, талантымен тұтас ұрпақтың жүрегіне жол тапқан ақын Балтабай Батталғазиннің шығармашылық кеші өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қазіргі таңда Қарағанды қаласында шығармашылық жолын жалғастырып жүрген Балтабай ақынды туған жұрты Ақтоғайға кіреберістегі «Домбыра» ескерткішінің түбінде ән мен жыр төгілтіп, ақынға тән айрықша ілтипатпен күтіп алды. Домбыра сазы мен жыр-шумақ араласқан сол көріністің өзі-ақ бұл кештің қарапайым шара емес, рух пен жүректің тоғысар тұсы екенін аңғартты.

Ақынмен алғашқы жүздесу аудандық кітапханада өтті. Оқырмандармен ашық сұхбат өлеңнің өзегіне бойлаған ақын мен қауымның арасындағы жылылықты бұрынғыдан да жақындата түсті. Ақын өзіне ғана тән байсалды мінезбен әр сұраққа тереңнен толғап, жауап беріп, поэзияның ішкі әлеміне жетеледі. Кітапхана директоры Гүлжанат Шайбекова ақынға шығармашылық шабыт тілеп, ұжым атынан арнайы сый-сияпат жасады.

Түстен кейін жалғасын тапқан аудандық Мәдениет үйінде өткен әдеби кеш – шынайы өнердің шуағына айналды. Сахна төрінде өлең мен күйдің, ән мен әуеннің айшықты көрінісі өріліп, көрермен жүрегіне терең әсер сыйлады. Кеш шымылдығын түрген аудан әкімі Абылай Базылұлы өз сөзінде:

«Ақтоғай – сөз қадірін терең түсінген, ақын тудырған мекен. Балтабай ағамыз – осы топырақтан түлеп ұшып, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен санаулы қаламгерлердің бірі», – дей келе, ақынға қазақы дәстүрмен шапан жауып, ат мінгізіп, елдік құрмет көрсетті.

Кеш аясында ақынның жаңа жыр жинағы – «Жаяудың шаңы…» атты кітабының тұсауы кесілді. Құттықтаушылар ақынның бұл кітабы жастық пен жалын, сағыныш пен сағым, тіршілік пен тағдыр туралы толғаныстары тоғысқан туынды екендігін жеткізді. Кітаптың өлеңсүйер қауым үшін ғана емес, рухани ізденістегі жастар үшін қажеттігі айтылды.

Кеш барысында аудан әншілері мен «Тоқырауын толқындары» ансамблі көрерменге өнердің кәусар бұлағынан сыр төкті. Ал, Балтабай ағамыз өзі шерткен күйімен, домбыраның қоңыр үнімен жұртты бір сәттік тыныштыққа, терең тебіреніске бөлеп, өнердің шын биігіне көтерілді. Кеш барысында ақынның бірнеше әндері орындалды. Ақтоғайдың аспанын өлең тербеп, жыр мен жүректің үндестігіне айналған игі шарадан қалың жұртшылық қимай тарқасты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button