Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

«Шахтёр» 11 қыркүйекте «Акас» командасына қарсы ойнайды

Бірінші лиганың 20-турында «Шахтёр» Өскеменнің «Алтай» командасын 2:1 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Бұл жеңістен кейін «Шахтёр» төртінші орынға орнықты. Ал, «Алтай» бір саты жоғары, үздік үштікте тұр. Екі футбол клубы да маусым басынан бері тізімнің басынан түспей келеді.

Сурет «Шахтёр» футбол клубының баспасөз қызметінен

Матч жоғары қарқынмен басталды. Қонақтар сапындағы тәжірибелі шабуылшы Сергей Хижниченко сегізінші минутта бұрынғы командасының қақпасына гол соғып, «Алтайды» алға шығарды. Алғашқы кезеңнің соңғы минуттарында Арман Нүсіптің бұрыштама соққысынан әуелеген допты «ә» деген сәтте орайлы пайдаланған Дәулет Зайнетдинов баспен қақпаға енгізіп, таразы басын теңестірді.

Екінші таймда екі команда да шабуылда белсенді болды. Дегенмен, есеп 88-минутқа дейін өзгерген жоқ. Дәл осы сәтте қарағандылық Сұлтан Шымырхан шапшаңдық танытып, жеңіс голын қарсылас қақпасына тоғытты. Қорытынды есеп – 2:1.

«Шахтёр» мен «Алтай» соңғы жылдары Бірінші лигада бірнеше рет жолығып келеді. Әдетте, қарсыласу тең дәрежеде өтеді. Кейде қарағандылықтар басым түссе, кейде шығысқазақстандықтардың бәсі биік. Маусымның қалған бөлігі екі ұжым үшін де шешуші болмақ.
Келесі турда «Шахтёр» 11 қыркүйек күні Алматыда жергілікті «Акас» командасына қарсы ойнайды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button