Спорт

Велошабандоздар «Динамит» велоайлағында жеті шақырымдық бәйгеде бақ сынады

Конституция күніне орай Қарағанды және Саран қалаларында облыстық велоспорт чемпионаты ұйымдастырылды. Додаға Қарағандыдағы велоспорт мектеп-интернаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олим­­пиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі  мен Саран қа­ласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен жалпы 70 спортшы қатысты. Жарыс алты жас санаты бойынша өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Алғашқы күні велошабандоздар «Динамит» велоайлағында жеті шақырымдық бәйгеде бақ сынады. Бұл сында Евгений Ковальчук, Камила Юдина және Қуаныш Мұсабеков жеңімпаз атанды.

Екінші күні Саран қаласының көшелерінде топтық сайыс өтті. 37 шақырымдық қашықтықта юниорлар мен жасөспірімдер жарысса, 18,6 шақырымда юниор қыздар мен жасөспірім қыздар күш сынасты. Мұнда Жасмин Дүйсенбіқызы, Максим Ковальчук, Владимир Борн мен Камила Юдина үздік шықты.

Үшінші күні Новоузенка аэродромында жасөспірімдер арасындағы топтық жарыстар жалғасты. 10 шақырымдық қашықтықта Оксана Болбина, 20 шақырымда Клим Коровкин мәреге бірінші болып жетті.

Чемпионат Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық велоспорт федерациясы және олимпиадалық резерв мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button