АймақБалқашБас тақырыпБасты тақырып

Шыңжаң – Астана: Қос шабандоз 55 күнде Гүлшатқа жетті

Қытайдың Шыңжаң өлкесінен шыққан Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 8 тамызда Тарбағатайдан атқа мініп, Астанаға бағыт алған үлкен сапарының 55-ші күнінде Гүлшат кентіне жетті. Оларды кент әкімі Азамат Саданов бастаған ауыл тұрғындары ақ дастархан жайып, ұлттық дәстүрмен қарсы алды.

Сурет автордан

Қос жұптың бұл сапары кездейсоқ емес. Олар – ұлт мәдениетін ұлықтап, көшпенді болмысты қайта жаңғыртуды мақсат еткен жандар. Жайна Еркінқызының айтуынша, бұл саяхат – қазақтың рухани тамырын тірілту жолындағы бірегей сапар. Олардың айтуынша, Қорғас шекарасынан Гүлшат кентіне дейінгі аралық шамамен 900 шақырымды құраған. Шекара асқанда өз аттарын Қытайда қалдыруға мәжбүр болып, Қазақстан аумағында басқа жылқыларға мінген.

– Бұл сапар – бір сәттік шешім емес, көп жылдық арманымыз еді. Қазақтың рухын ат үстінде сезінгіміз келді. Әр атылған таң – ұлттық санаға тағзым. Басты мақсатымыз – Астананың төріне жетіп, ата-бабамыздың ізі қалған Арқаның жеріне тағзым ету, – дейді Жайна Еркінқызы.

Жол бойы ұлттық киіммен жүріп, ауыл-ауылды аралап, жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатуда. Ат үстінде талай қиындықты еңсергендерін айта келе, олар: «Жол ауыр, бірақ рухымыз биік. Төзімділікпен бәрін еңсеріп келеміз», – дейді.

Айта кетейік, олар бұған дейін де осындай ауқымды сапарларға шыққан. 2021 жылы Тарбағатайдан Бейжіңге дейінгі 4 000 шақырым жолды 99 күнде жүріп өткен. Сонымен қатар, Қытайда өткен 500 шақырымдық марафонға қатысып, Қуанбек Түсіпханұлының «Баққоңыр» атты тұлпары 1-орын иеленсе, Жайна Еркінқызы мінген тұлпар 80 аттың ішінен 6-орыннан көрінген.

Ерлі-зайыпты Қуанбек пен Жайна 12 жыл бұрын отбасын құрған, қос ұл тәрбиелеп отыр. Жайна ханым Шыңжаңдағы Сауан ауданына қарасты Болтунгу (Кенаген) ауылынан шыққанын айтады.

Гүлшаттан кейін олар Балқаш қаласына қарай бет алмақ. Жолдағы ауылдардың қонақжайлығы, ақ тілектері ерлі-зайыптының рухын бекемдей түскен. Тасарал халқына ризашылығын да жеткізді.

– Гүлшат жұрты ерекше ықылас танытты. Әсіресе, әкім Азамат ағамызға, орынбасары Қайрат ағаға, үй иелері Мыңжасар аға мен Қадыркүл жеңгемізге айрықша алғысымызды білдіреміз, – деді Қуанбек Түсіпханұлы.

Олар сондай-ақ Астанаға аман-есен жеткен соң, сапар барысында мінген көк тұлпарын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тарту еткісі келетін ниетін де жасырмады.

– Жол бойы тілеулес болып, қолдау көрсеткен барша ағайынға алғысымыз шексіз. Бұл – бір отбасының емес, тұтас ұлттың сапары деп білемін. Сонымен қатар, бізді қолдап жолға шыққан Ғалия жеңгемізге, Қастер мен Назым бауырларыма алғыс айтамын, – дейді Жайна ханым.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button