Спорт

Шығыс жекпе-жегінің сардарлары құрметтелді

Аймақта шығыс жекпе-жегінің спорт түрлерімен шұғылданатын жастардың қатары жыл санап артып келеді. Биыл өңір спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті.
Осыған орай, жыл қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттау мақсатында Қарағандыда салтанатты жиын өтті. Онда өңір спортының дамуына сүбелі үлес қосқан жандарға құрмет көрсетілді.

Сурет облыстық каратэ федерациясынан

Шығыс жекпе-жегінің өңірдегі жеті түрлі спорт федерациясынан «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік төреші» аталымы бойынша үздіктер анықталды. Салтанатты жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов қатысып, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, іс-шараға келген құрметті қонақтар қатарында облыстық «Respublica» партиясының жетекшісі Нұрлан Әубәкіров, ҚР Сот әкімшілігі департаментінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, генерал-майор Мейірлан Қызылов та мерекелік жиыннан табылды. Одан бөлек, «Қарағанды су» ЖШС директоры, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Ербол Төлеуов, «Bolashaq» академиясының ректоры, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Аданов, «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономика университетінің дене шынықтыру және спортты басқару кафедрасының меңгерушісі Ләйла Сырымбетова да қатысып, үздіктерді марапаттады.

– Биыл спортшыларымыздың жеткен жетістігі орасан. Бұл қатарда жастар ғана емес, ел қоржынына жүлде салған ардагерлеріміз де бар. Келер жылы бұдан да жоғары нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Спортшыларымызды қолдап, құрмет көрсету қажет, – деді Дәурен Жағыпарұлы.

Сонымен қатар, Шығыс жекпе-жек Ардагерлер одағының мүшесі Рүстем Оқашев аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

– Іс-шараны жастардың шығыс жекпе-жегіне қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. 1990 жылдармен салыстырсақ, ел бойынша шығыс жекпе-жек спорт түрлерімен айналысатын жастардың қатары күрт өскен. Оның ішінде, біздің өңірде де өсу көрсеткіші үлкен. Дәл осы спорт түрлерінің дамуына тікелей әлеуметтік желі де әсер етуде. Қазіргі жастар кино актерлеріне қатты еліктейді. Ал, екінші жағынан әр бала өзін қорғағысы келеді. Осы мақсатта спортқа келіп жатқандардың қарасы қалың. Сонымен қатар, Ардагерлер одағы да жастардың спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында үлкен үлес қосып келеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да осы саланың дамуына үлкен қолдау көрсетуде, – деді ол.

Жалпы, турнир қорытындысы бойынша екі спортшыға «2025 жылғы облыстың жекпе-жек өнерінің үздік спортшысы» аталымы табысталды. Одан бөлек, жыл спортшыларына «Bolashaq» академиясын мен Қазтұтынуодағы университеті базасында «Спорттық менеджмент» мини-мамандандыру бойынша оқу гранты табысталды. Сол үздіктердің бірі – Никита Тарнакин. Жас спортшы каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Талай турнирлерде бақ сынап, олжасыз оралмаған. Биыл еңбегі ақталып, қатарластарының алды болды.

– Бұндай марапатты бірінші мәрте алуым. Осыдан бес жыл бұрын каратэге келгенмін. Әрине, спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бірақ, жіберген қателіктерімді келесі турнирде қайталамауға тырысамын, – деді спортшы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button