Жаңалықтар

Шығыс медицинасын меңгерген ару

Көрші Қытай елі жайлы әңгіме болса, алдымен мәдениеті, әдебиеті мен алға озған тұрмыс-тіршілігі, өркениеті ойға оралары хақ. Жалпы Шығыс Азия киноларын көрсеңіз, тән дертін инемен емдеп жатқан кадрларды жиі кездестіреміз. Осыдан төрт мың жыл бұрын пайда болған ине терапиясының не құдіреті бар?! Әрине, бұл жайлы түсіндіріп беретін маман аз. Бірақ… Жолымыз болып, Сарыарқаның дәл ортасында әйгілі қытай дәстүрлі медицинасымен айналысып, емі талайдың дертіне шипа болған Қымбат ҚАРАТАЕВАМЕН кезігіп, әңгімелесудің орайы түсті.

Қымбат Жезқазған қаласындағы №8 қазақ гимназиясын тәмамдағаннан кейін, Цзиньчжун провинциясындағы Сиянанг қаласына қарай жол тартады. Алайда, арудың арманы – Америка, Ұлыбритания мемлекетінен білім алу еді. Ата-анасының нұсқауымен Қытайдағы арнайы жабық интернационалды мектепке түсіп, білімін шыңдап шығады. Мінекей, бүгінде «Қытай дәстүрлі медицина орталығын» ашып, адам жанының арашасы атанған. Орталықтың ашылғанына шамалы уақыт болса да, келушілердің қатары қалың. Таңның атысы, кештің батысы дүйім жұртты қытай медицинасы арқылы емдеуде.

– Туысым, не танысым жоқ өзге мемлекетке аттану оңай болмады. Сол жылы менімен бірге Қытайда оқуға түскен отандастарым көп болғанымен, қазақтар аз еді. Алдымен арнайы медициналық тексерістен өттік. Егер, тексерістен өтпесең, шекарадан бір қадам аттап баса алмайсың. Алғашқы жылы тек қытай тілін үйрендік. Медицина тілінен бөлек төрт мыңнан аса иероглиф жаттадым. Ол жақта ежелгі диалектпен сөйлесетіндер көп. Олармен қарым-қатынас орнату үшін қытай диалектлерін қоса үйренуге тура келді, – дейді Қымбат Қаратаева.

Медицина саласы – батыс және шығыс медицинасы болып бөлінеді. Батыс медицинасына химиялық дәрі-дәрмек, екпелер жатады. Бұлар ауру нүктесіне тез әсер еткенімен, нәтижесі – уақытша. Ал, шығыс медицинасында табиғи шөп дәрілермен, инемен емдеудің әдіс-тәсілдері дамыған. Осы емдеу тәсілі арқылы адам бойындағы ауру ошағын мәңгі жоятын көрінеді. Міне, қос медицинаның айырмашылығы – осы.

– Адам денесінде 365 нүкте, 12 меридиан бар. Ине терапиясында ауру түріне қарай биологиялық белсенді нүктелерге ине қолданылады. Ине терапиясы көмегіне екі жастан бастап жүгінуге болады. Ине қойғанда зақымданған жасуша мен тіндер арасында биологиялық белсенді заттар босап, қан айналымы жақсарады. Жалпы, ағзадағы қай ауру түрі болсын қан айналым және гармональды жүйемен тығыз байланысты. Қытайда ине қоюмен қатар, табиғи дәрі-дәрмек дайындауды да үйреткен еді. Өкінішке орай, емдік өсімдіктер елде өспейтіндіктен жасай алмаймын, – дейді Қымбат.

Ол оқуды тәмамдаған соң елге оралып, аталмыш орталықты ашқан. Қазір орталықта ислам халықтары жиі қолданатын хиджама емі көрсетіледі. Қытай медицинасы исламдық хиджаманы мойындамайды. Себебі, дәстүрлі қытай медицинасы адам денесіне зақым келтіруге, оны тілуге қарсы. Сондықтан университетте оқып жүргенде науқастың денесін арнайы дәрігер қаламсабымен тіліп, хиджама жасауды үйреткен екен. Осы үйренген тәсілмен ем жасауда.

– Мен Батыс Жезқазған кенішіндегі №73 шахтада жұмыс істеймін. Бір күні аяғым бастырмай қалды. Қарағандыда емделіп едім, еш нәтиже болмады. Күндердің күні Қымбаттан ем алған танысыммен кездесіп қалдым. Маған сол орталыққа баруды ұсынды. Сонымен не керек, толық тексерістен өтіп, ем қабылдадым. Қазір аяғымды емін-еркін баса алатын дәрежеге жеттім, – дейді қала тұрғыны Ержан Ерланұлы.

Жезқазғанда дәл осы әдіспен емдейтін ине терапевтері бар. Бірақ, олар бірнеше айлық курсты ғана тәмамдаған көрінеді. Ал, Қымбат бес жыл жалпы медицинаны терең оқыған. Сондай-ақ, Қытайдан арнайы инелерді тапсырыспен алдырады екен. Халық арасында «Алтын ине» аталған инелер Қытайда жасалады. Бұлар – алтыннан жасалмаған. Тек, бір рет пайдаланатын болғандықтан осылай аталып ұштарына байланысты жіктеледі екен. Сонымен қатар, ине терапиясынан бөлек мануальді терапия, моксотерапия, аурукулотерапия, вакумді терапия, хиджама, банкі қою арқылы және отпен емдеу қызметтерін көрсетеді. Массаждың жалпы, нүктелік, классикалық, балаларға арналған, антицеллюлиттік, оңалту және Гуаш массажы түрлерін де жасайды. Қымбат алдағы уақытта орталығын кеңейткісі келеді. «Алға қойған жоспарларым өте көп» деген ақ халатты ару қыз Қымбатқа біз де берекелі жұмыс тілейміз. Ел алғысын арқалаған Қымбатқа артылар сенім де зор.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button