ШЫҰ саммиті: Қарағандыда террористік қауіптің «сары» деңгейі жарияланды
Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетауда терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізіледі және террористік қауіптің «сары» деңгейі белгіленді.
Қазақстанда 2-5 шілде аралығында маңызды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі, Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.
– Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді. Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады, – деп жазылған хабарламада.
«Сары» деңгей кезінде қолданылатын шаралар:
– болуы ықтимал террористік және экстремистік күштеу акциялары туралы ақпараттарды жинау, бағалау және тексеру;
– терррорға қатысты басқа да осал объектілерді және тұрғындар жаппай жиналатын орындарды тексеру;
– арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып, көліктерде қарап-тексеру іс-шараларын күшейту;
– көшелерде, алаңдарда, стадиондарда және тұрғындар жаппай жиналатын басқа да орындарда, магистральдық темір жол жүйелерінде және өзге де көлік инфрақұрылымының объектілерінде күшейтілген патрульдерді қою;
– болуы ықтимал террористік қауіп-қатерлер мен бұл жағдайда қажетті әрекет туралы тұрғындарды алдын ала ақпараттандыру. Қауіпсіздіктің бірінші кезектегі шаралары ретінде сақтық танытып, иесіз жатқан, әсіресе сымдар мен техникалық құрылғылары бар нәрселерге (сөмкелер, қораптар, бумалар, қаптар, шабадандар мен т.б.), назар аударуды талап етеді, бұндай жағдайда оғаш көрінген заттарға таянбай, құқық тәртібі органдарына тез арада хабарлау қажет.
Сондай-ақ, ҚР Антитеррор орталығы қоғамдық орындар мен көліктерде күдікті адамдарға назар аударып, олардан белгісіз заттар мен сәлемдемелерді сақтауға, беруге және тасымалдауға алмауға кеңес береді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА