Штаб офицерлері кәсіби шеберліктерін арттырды
“Орталық” өңірлік қолбасшылығында үш күнге созылған оқу-әдістемелік жиындар ұйымдастырылды. Аталған жиындарға өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің батальон штаб бастықтары мен батальон штаб бастықтарының аға көмекшілері қатысты.

Жиын штаб офицерлерінің кәсіби даярлығын арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ заманауи талаптарға сай жоспарлау және ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру мақсатында ұйымдастырылды.
Үш күндік бағдарлама барысында қатысушыларға түрлі тақырыптарда дәрістер оқылып, тәжірибелік сабақтар өткізілді. Әскерлерді басқарудың жаңа әдістері, құжаттамалық қамтамасыз ету, жедел шешім қабылдау дағдылары талқыланды. Сонымен қатар, әскери қызметтің күнделікті міндеттерін тиімді атқару жолдары жан-жақты қарастырылды.
Жиын соңында қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелерін іс жүзінде көрсетіп, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейлерін арттырды. Мұндай оқу-әдістемелік жиындар әскери құрамалардың үйлесімді іс-қимылын жетілдіруге және жеке құрамның дайындық деңгейін жоғары ұстап тұруға бағытталған.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі