АймақБұқар жырау

Үштөбеде бие сүті өңделеді

Бұқар жырау ауданының Үштөбе аулында таяуда ашылған “Saumal Bio Tech” ЖШС–нің өндірістік кешенінде бие сүтін өңдеп, одан түрлі тағам өндіру жолға қойыла бастады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарымызды заманауи технологиямен ұштастырған бірегей жоба болып табылады.

Кәсіпорын бие сүтінен балаларға арналған жоғары қауіпсіздік талаптарына сай сапалы және пайдалы тағам өндіруді көздейді. Соған байланысты осындағы барлық өндіріс үдерістері халықаралық стандарттарға сәйкес стерильді түрде жүргізіліп, өнімнің әрбір бөлігі мұқият тексеруден өтеді. Өйткені балалар тағамы–ең жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Ғалымдар дәлелдегендей, бие сүті ана сүтімен 90 пайызға дейін ұқсас көрінеді. Сондықтан оның негізінде әзірленген өнімдер ерекше қоректік және биологиялық құндылыққа ие.

Сонымен қатар бұл жоба ұлттық құндылығымызды сақтап, жылқы өнімдерінің қасиетін әлемге танытуға бағытталған. Әлбетте, ол Қазақстанның дәстүрлі тағам мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болары сөзсіз.

Аталған жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Кәсіпорында қазірдің өзінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, олардың арасында осы Үштөбе аулының тұрғындары да бар. Болашақта өндіріс ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сондай-ақ жергілікті халық мұнда бие сүтін тапсырып, қосымша табыс таба алады. Бұл өз кезегінде ауыл халқының әл-ауқатын арттырып, жеке шаруа қожалықтарының дамуына мүмкіндік береді.

Заманауи еуропалық жабдықтар орнатылған кешен тәулігіне 5 тоннаға дейін бие сүтін өңдейді. Өнімнің жеткізу географиясы да кең: АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Ұлыбритания, БАӘ, Сауд Арабиясы, Қытай және Ресей нарықтарына шығару көзделген.

Бұл өндіріс–ұлттық тағамымыздың қасиетін сақтап, балаларымыздың денсаулығын жақсартуға, ал өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған маңызды бастама.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button